Тұрғындардың тауы шағылып, қалтасы қағылды
Тұрғындардың тауы шағылып, қалтасы қағылды
457
оқылды
Петропавлдықтар орталықтандырылған жылу үшін бұрынғыдан әлдеқайда көп ақша төлеуге мәжбүр. Түбіртекте көрсетілген сома бұған дейінгіден 2-3 есе артық. Кейбіреуінікі 40-50 мың теңгеге дейін жетеді. Бұған келіспеген тұрғындар қайда барып шағымданарын білмей дал. «Бақсам, бақа екен» дегендей, тү­бір­текке «жылу шығыны» деген қо­сымша баған қосылыпты. Шығын сомасы берілген жылудан да қымбат. Мәселен, Сергей Гайворонский қазан айы үшін келген түбіртекке сәйкес монополист компанияға 43 292 теңге берешек. Оның 9 590 теңгесі – үйіне жылу берілгені үшін болса, 29 160 теңгесі – жылу шығындары үшін қордаланған қарыз, қалғаны – комиссия. «Жылу шығындары қайдан пайда болды? Монополистің шығындары үшін неге халық зардап шегуі тиіс? Бұл сома ештеңеге негізделмеген деп санаймын. Шығын көлемі қанша екені де, оны есептеу бірлігі де, құны да көрсетілмеген. Ешқашан мұндай есепшот келіп көрген емес. Не өзгерді? Жылу беру сапасы бұрынғыдай, батареялар қайнап тұр деп айта алмаймын. Жылу шығындары үшін ақша төлейтін жағдайым жоқ», – дейді Сергей Николаевич. Мұндай қарызы бар екенін біліп, таңғалып отырған жалғыз ол емес. Осыдан 12 жыл бұрын жекеменшік үйін орталықтандырылған жылу жүйе­сіне қосып алған Александра Перепелкина да мұндай қарыз есептелгенін бірінші рет көріп, өз көзіне өзі сенер емес. «12 жыл бойы бізге жылу шығыны үшін қарыз есептелген емес. Қыстыгүні электр жарығы мен жылу үшін әрі кетсе 8 000-10 000 теңге төлейтінбіз. Ешқа­шан жылу шығыны деген болған емес. Осы айда 17 600 теңге қарызсың деген қағаз келді», – дейді ол. Гүлнар Жұматаеваға жылу үшін 8 000 теңге, жылу шығыны үшін 6 500 теңге қарызсың депті. «СевКазЭнерго» компаниясындағылар құбыр арқылы ыстық су ағатындықтан, жылу шығын­далады деп түсіндірді. Сондықтан қысы-жазы жылу шығыны үшін ақша төлеуге міндетті екенбіз. Ол қайдан шыққан шығындар? Біздің құбыр­лардың барлығы тиісінше орал­ған, термометрге пломба орна­тылған, элеватор құлыптаулы. Жылу технигі келіп тексерсін», – деп Гүлнар да аң-таң.

ТҮСІНІКСІЗ ТАРИФ

Петропавл қаласында жекеменшік тұрғын үйлерде тұратындардың барлығы дерлік осындай жағдайға тап болды. Солтүстікқазақстандықтарды жылумен, жарықпен және жылы сумен қамтитын монополист компания – «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамы­на қарасты «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС басшылығынан жібі түзу жауап ала алмаған тұрғындар бастарын тауға да, тасқа соғып, талай табалдырықты тоздырып жүр. Олардың «СевКазЭнергоСбыт» кәсіпорнымен жасаған келісімшартында жылу үшін бір шаршы метрге 127 теңге төленуі тиіс деп көрсетілген. Бұл тарифті Табиғи монополияларды реттеу департаменті бекіткен. Ал шығындар қандай тариф бойын­ша және қандай әдіспен есептеліп жатқаны түсініксіз. Шығынның көлемі қалай өлшенетіні де тұтынушыға жұмбақ күйінде қалып отыр. «СевКазЭнерго» компаниясына жазған хаттарына тұрғындардың барлығы бір-бірінен аумайтын жауап алыпты. Онда: «Техникалық себептер бойынша жылумен жабдықтау желісіне ие кейбір тұтынушыларға жылу шығындары үшін төлем есептелген жоқ. 2021 жылы «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС және «Севказэнергосбыт» ЖШС мамандары қолданыстағы шарттарға түгендеу жүргізді. 2021 жылғы бірінші мамырдан бастап теңгерімінде жылу желілері бар барлық тұтынушыға жылу шығындары үшін төлем есептелді. Бұл жұмыс тараптар­дың теңгерімдік тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін шектеу актілеріне сәйкес, сондай-ақ Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқ­сандағы №211 бұйрығымен бекітілген «Жылу энергиясын пайдалану қағида­ларының» 26-тармағы бойынша жүр­гізілді», – делінген. Әрі өз кінәсінен бұған дейін жылу шығындары есептелінбегендіктен, бұған дейінгі кезең­дер үшін төлем есептелмейді деп жұбат­пақшы болыпты. Осы мәселеге қатысты біздің сауа­лымызға «СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметі «Әлі жауап жоқ. Басшылық қашан жауап беретіні белгісіз», – деп қысқа қайырды.

ШЫҒЫННЫҢ ЕКІ ТҮРІ БАР

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалына шағым айта келген 20 шақты адам кімнен араша сұрарын білмей дал. Себебі мұндайды әркімнің қалтасы көтере бермейді. Аяқ астынан берешекке белшесінен батқандардың арасында көпбалалы отбасылар, жұ­мыс­сыздар, зейнеткерлер де бар. Олар енді еш қайыр болмаса, прокуратураға және табиғи монополияларды реттеу департаментіне шағымданбақшы. Табиғи монополияларды реттеу де­партаментінің басшысы Абай Бала­бековтің түсіндіруінше, шығынның екі түрі болады. Оның бірі үшін кәсіпорын жауапты болса, екіншісі үшін тұтыну­шы жауапты. «Жылу энергиясын пайдалану ережелерінің 2.6 тармағына сәйкес тұтынушының балансындағы жылу трассасы бойынша жылу энер­гиясының шығындарын тұтынушының өзі төлеуі тиіс. Жылу трассаларында жылу энергиясымен жабдықтау тарифіне шығындар қосылмайды. Жылу энергиясын беру және тарату тарифіне энергия беруші ұйымның балансын­дағы желілер бойынша туындайтын нормативтік техникалық ысыраптар енгізілген. Сонымен бірге, мәселені жан-жақты қарау үшін шығындары есептелген желілердің кімге тиесілі екендігі, есептеу құралын орнату орны сияқты бірқатар деректерді анықтау қажет», – деп түсіндірді Абай Балабеков. Тұтынушылар департаментке ресми түрде жүгінсе ғана, өтініштері мұқият қаралады. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының Петропавл қалалық филиалы да бұл мәселені өз бақылауына алды. «Осы шаралардан қайыр болмаса, плакат ұстап алаңға шыққаннан басқа амал қалмайын деп тұр», – дейді тұрғындар.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы