«Қызыл сызықтағы» қызық
«Қызыл сызықтағы» қызық
483
оқылды
Жалпы, биыл Тараз қаласында түрлі өзгеріс болды. Әсіресе, құрылыс саласында жаңа нысандар бой көтеріп қана қоймай, «сақалды құрылыс» пен «қызыл сызық» төңірегінде талай «қызық» шығып жатыр. Құрылысы аяқталмаған ғимараттарға қатысты жергілікті билік сотқа жүгіну арқылы мәселені біршама ретке келтірсе, «қызыл сызық» үстіне салынған нысандардың саны күнде өзгеріп, сананы сан саққа жүгіртіп отыр. Ресми мәлімет бойынша, бүгінде қа­лада «қызыл сызық» нормасын бұзған 52 сауда дүң­гіршегі мен құрылыс нысаны анықталған. Мамандар жүргізген тексе­рістен кейін оның 14-нің заңды құжаты бар болып шықса, 3-і облыс әкімі Бер­дібек Са­парбаевтың тікелей тапсыр­ма­сымен қойылған. Олар азық-түлік баға­сын тұрақтандыруға бағытталған әлеу­меттік дүкендер. Тағы 2 нысан «Асар­латып үй салу» жобасы аясында жер­гілікті әкім­діктен рұқсат алып салынған. Енді қалған 32 нысан бойынша жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұста айта кетерлігі, 17 дүң­гіршек заң талап­тарына сәйкес алынып тасталған. Ал алынбаған 12 дүңгіршекке ескерту хабарлама жолданған. Егер нысан иесі ескертуді ескер­месе, құ­жаттар облыстық Жер­лерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасына жолда­нып, іс сот арқылы қаралмақ. Әрине, кәсіпкерлер талап пен тәр­тіпті сақтағаны абзал. Алайда өткен айда жергілікті билік «қы­зыл сызық» үстіне салынған ны­сандардың саны 41 деп көрсетсе, қазір олардың саны қалай 52-ге артып кеткен? Оған қоса, 17 дүңгіршек сү­­ріліп тасталып жат­қанда «қызыл сы­зық» үстіндегі нысандардың саны неге кемімей отыр? Санаға салмақ салған са­уалмен Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне қа­йырылған едік, ондағылар бар мәселені әлі аяқталмаған зер­делеу жұмыстарымен байла­ныс­тырды. – Зерделеу жұмыстары әлі толығы­мен аяқталған жоқ. Сон­дықтан сандар ай сайын өзгеруі мүмкін. Қазір біз «қызыл сызық» үстіне нысан тұрғызған әрбір кәсіпкермен жіті жұмыс жүр­гі­зудеміз. Біз бір жағынан заңсыз салын­ған дүңгір­шек­терді сүріп жатсақ, екінші жағынан бас­қа­лары оны тұрғызып жа­тыр. Кә­сіпкерлер қазір заңнан да, бас­қаң­нан да қорық­пайды. Бөлім ма­мандары барғанда бір кәсіпкер нысанды босатудан бас тартса, енді екіншілері «таныстарыма қоңырау шаламын» деп сес көр­сетеді. Кейбір ны­санның иелері құрылысқа рұқсатты ерте алып қойға­нымен, оның заңсыз екені енді белгіліп болып жатыр. Ал оларға бастап­қыда кім қалай рұқсат бергені беймәлім. Дәл қазір Сейфуллин көше­сіндегі «Жа­нель» кафесінің жазғы алаңшасы, Рысқұ­лов пен Рысбек батыр көшелерінің бо­йындағы дүңгіршектер және «Хим­по­се­лок» аялдамасы сияқты нысан­дар­дың құ­жаттары рәсімделмегені анық­талып отыр. Оларға қатысты мәселе тек заң ая­сын­­да шешіл­мек, – дейді бөлім мамандары. Міне, осылайша жауапты ма­ман­дардың өздері саннан жаңы­лып жат­қанын жасырмады. Ес­теріңізде болса, мамыр айында мемлекеттік Сәулет-құ­рылыс бақылау басқармасының бас­шы­сы Айтқазы Қарабалаев «қызыл сызық» үстіне салынған нысан­дарға қатысты мәселені өзекті етіп көтеріп, бес айдың ішінде 55 нысан иесіне 7,9 миллион тең­ге айыппұл салынғанын айтқан. Алайда Айтқазы Дәулетқұлұлы басқарма кәсіп­керлік нысан­дарды өздігінен тексере алмай­тынын алға тартып, бұл тұста аудан әкімдері бейқам отырғанын ашына жеткізген. Басқарма бас­шысының сөзі артынша-ақ дә­лелін тауып, «қызыл сызық» үстіне ғимарат салу бойынша Бай­зақ ауданы көш бастап тұр­ғаны анықталған. Нәтижесінде, аудан әкімі­нің орынбасары Болат Сағымбеков Antikor алаңына шақырылып, мақсатсыз жер беру бойынша сөгіс алған. Жергілікті биліктің жаза басқан тұсын айтсақ, 2018 жылдан бастап Байзақ ауданы әкімдігі 44 433 829 теңгеге жерді аукционмен сатқан. Алайда аталған жерлердің дені мақсатты бағытта пайдаланыл­маған. Мәселен, Ш. есімді аза­матша аукцион арқылы алынған бірнеше жерді 1 173 800 теңгеге қайта сатып жіберген. Алайда кейіннен белгілі болғаны аталған жер­лердің құны на­рықтық ба­ғадан 10 есеге дейін қымбат сау­даланған. Осылайша, мемлекет мен­шігіндегі жерлер аукцион­дық жүйемен қаржы жымқыру ны­саны­на айналған. Тағы бір сұм­дығы, әкімдік аукционға шыға­рылып отырған жер туралы ақпа­ратты барынша жасыруға ты­рысқан. Яғни, жердің орналасқан ау­мағы құпия сақталып, өзге азамат­тардың конкурсқа қаты­суына кедергі келтірілген. Тағы бір айта кетерлігі, жер­гілікті билік «А» және «Н» атты шаруа қожа­лықтарына құжаттары дұрыс болмаса да, заңды белден басып бірнеше мәрте жер алып берген. Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша депар­таментінің маман­дары шаруа қожалықтарды біріктіру арқылы олардың ірілеріне жер бөліп беріп, одан кейін оны қайта са­тып жіберу фактілерін де анық­таған. Со­нымен қатар тексеріс тобы ауыл шаруа­шылығы бағы­тындағы жерлерді де конкурссыз беріп, кейін оны бірнеше бөлікке бөліп сатып жіберген жүйені де әшкере қылған. Мұндай айлалы әдісті Бурыл ауылының Б. есімді тұрғыны қол­данып, ауыл ша­руашылығы мақсатында алған жерді төртке бөліп сатып, 2 мил­лион теңгеге дейін табысқа ке­нелген. Міне, осындай заңсыз­дықтарды тиісті деңгейде қадаға­ламаған Байзақ ауданы әкімінің орын­басары Болат Сағым­беков­ке сөгіс түрін­дегі жаза берілген болатын. Әрине, Тараз қаласында бай­зақтық шенділердің жымысқы жүйесі қолда­нылып жатыр деуден аулақпыз. Алайда «қызыл сызық» үстіндегі нысандарды сүрген сайын оның саны кемімей, ке­рісінше еселеп өсіп жатқаны таңғалды­рады. Демек, «балық басынан шіріп», жер беру жүйесі о бастан бұзылған. Жерді жауапты мамандар жылдар бойы шүленше үлестіріп, енді міне соның кері салдарын көріп отыр. Әлбетте, қаланы жылдар бұ­рын басқарып кеткен басшы­лардан қазір жа­уап ала алмаспыз. Алайда қат болып қапталған бұл мәселенің түйінін қала­ның қа­зіргі әкімі Ержан Жылқыбаевқа тарқа­туға тура келеді.

Жамбыл облысы