Bus Lane жобасы – нәтижелі бастама
Bus Lane жобасы – нәтижелі бастама
Фото: astana.gov.kz
244
оқылды

Барар жеріңе жеткенше, сағатыңа қараумен тағатың да таусылады. Бұл әсіресе, Алматының тұрғындары үшін қалыпты жағдай. Былайша айтқанда, уақытымыздың көп бөлігі жолда өтуде.

Қазір бір үйде орта есеппен екі-үш көліктен бар. Ешкім жаяу жүргісі келмейді. Қоғамдық көліктерге отыру дегенің уақытыңды зая кетірумен бір­дей болды. Неге дейсіз ғой. Авто­бустарды 10-20 минут, кейде тіпті жар­ты сағат күтесің. Автобус жүргізу­шілерінің аялдамаларда тұрып алаты­нын айтпаған күннің өзінде кептелістің өзіне көп уақыт жұмсайсың. Сол се­бепті, барар жеріңе 1-1.30 сағат бұрын шығуыңа тура келеді. Қаланың шеткері аймағында тұратын адамдар­дың үйінен 2 сағат бұрын шығатыны да сондықтан. Аталған мәселені оңтайлы шешудің жолы қоғамдық көліктердің жолын жеңілдету екені сөзсіз. Бүгінде осы мақсатта еліміздің әр аймағындағы қоғамдық көліктер қаты­найтын жолдарға Bus Lanе жолағы төселуде. Бұл әрине, бірінші кезекте авто­буспен жүретін жолаушылар үшін қолайлы әрі қоғамдық көлікпен қатынайтын адамдардың санын да арттыра түспек. Bus Lane – қала көшелеріндегі қоғамдық көліктің кедергісіз қозғалы­сына арналған арнайы бөлінген жолақ. Қоғамдық көлік жолағын енгізу – авто­бус маршруттарының жылдам­дығын арттырып, уақытын қысқартуға, қо­ғамдық көліктің кептелісте тұруы, қозғалыс кестесінің бұзылуы секілді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жолдың ұзына бойына созылатын көлік тұрақтарын жоюға, рұқсатсыз қалыптасқан тұрақтардың қысқаруына септігін тигізеді.
Қалалық қоғамдық көліктерге ар­налған арнайы жолдар, яғни «жолақ­тар» Африка және Шығыс Азиядағы ең кедей мемлекеттерден басқа бар­лық мемлекет­терде бар. Алғаш рет бұл жолақтар 1940 жылы АҚШ-тың Чи­каго қаласында салынған. Ал Еуропа құрлығында арна­йы жолақтар алғаш рет Гамбургте (Германия, 1963) қолданыла бастады. Олар­дың тәжі­рибесі табысты болғаны соншалық, мұндай жолақтардың төселу жолын басқа мемлекеттердің мамандары келіп үйренетіндей стандартын жасау қолға алынды. Қоғамдық көліктерге арналған жолақ 1964 жылы – Париж­де, 1968 жылы Лондонда алғаш рет қолда­нысқа енгізілді.
Бір қызығы, Германияда қоғамдық көліктердің қаладағы қозғалыс жүкте­месіне қарамастан, автобустар кестеге сәйкес дәл келеді екен. Ол жақта электр пойызы кешігуі мүмкін, ал автобустар мүлдем кешікпейді. Жолдың көп бөлігінде автобустар «рельспен жүрген трамвайлар» секілді еркін жүреді. Бұл дегеніміз, не­містердің арнайы жолақ­тарды өте тиімді қолдана білетінін аңғартады.   [caption id="attachment_173873" align="aligncenter" width="1140"] width= Фото: astana.gov.kz[/caption] Қазақстанда Bus Lane жолағын пайдалану бертін келе қолға алына бас­тады. Бұл бастама елімізде Астана қа­ла­сының Жолаушылар көлігі бас­қармасы және Астана қаласы Ішкі істер депар­таментінің Әкімшілік полиция бас­қармасымен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Маман­дардың айтуын­ша, бұл жоба авто­бустардың жол жүру кес­тесін анықтап қана қоймай, қоз­ғалыс қауіпсіздігін де күшейтеді. Сонымен қатар авто­бустардың қатынау уақыты 30 пайызға артады. Дегенмен қазіргі кезде жаңа жобаның қолданысқа енуіне көлік жүргізушілердің басым бөлігі наразылық танытуда. Жобаға шағым айтқандардың дені онсыз да тар көшелердің тынысын арнаулы жолақ­тар одан сайын тарылтып тастайтын­дығын сөз еткен. Ал мамандар «кері­сінше, Bus Lane жобасы қалада қоғам­дық көлікпен жүретіндердің санын арттыра түседі» дейді. Нәтиже­сінде, көшедегі көлік кептелісі де азаймақ. Бұдан бөлек жедел жәрдем мен поли­ция көліктерінің шұғыл жағдайда діттеген жеріне дереу жетуге қолайлы жағдай жасалынады. Бұл жаңа енгі­зілімнің тағы бір ерекшелігі – Bus Lane жобасы жол қозғалысының заңдары мен ережелеріне өзгертулер енгізуді қажет етпейді. Жуырда елімізде ресми тіркелген такси көліктерінің қала көшелерінің Bus Lanе жолақтарымен жүру құқығы қаралып, оң шешімін тапқанын да айта кеткен жөн. «Автомобиль көлігі туралы» заңының 26-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлға­лар такси тасымал­даушы ретінде қызмет көрсетудің алдында жергілікті атқарушы органға қолданыстағы «Рұқ­сат және хабарлама туралы» заңымен белгіленген тәртіпте қызметі туралы хабарлама жіберуге міндетті. Осы арқылы ресми тіркеліп, Bus Lanе жола­ғын басып өту арқылы мүдделі жеріне тез жетіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашыла түспек.

Қазіргі кезде Астана, Алматы қала­ларындағы бірнеше көшелерде Bus Lane жолағы төселгелі бері оң өзгерістер орын алып, қоғамдық көліктердің қозға­лысы да жеңілденгені анық байқа­луда. Игі бастама көлік инфра­құрылымын жаңғыртудың бірден бір жолы саналуда. Қоғамдық көліктердің еркін қозғалысын ретке келтірген Bus Lane жолақтары алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде төселіп, жолаушылардың қауіпсіз әрі жайлы жол жүруіне қызмет ете бермек.