Тарихтан тамыр тартқан – депутат Мейрамбек Төлепберген
Тарихтан тамыр тартқан – депутат Мейрамбек Төлепберген
©massaget.kz
499
оқылды

Ел тарихын жете білу, әсіресе жас ұрпақ үшін өте маңызды. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жүріп өткен жолы мен өмір кезеңдері жадыда жаңғырып, ұлт зердесінде сақталуы керек.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын зейін қойып оқып шыққан соң заманалар мен дәуірлердің бедер-белесінде қазақ елінің тарихын тереңінен түйсініп, көне тамырынан көкжиек тартқан тағылымдарын тағы  да тани түстік. Тәуелсіз ел болудың мән-мағынасы мен табиғатын ел мен ерлердің күрескерлік еңбегі мен ерліктерінен табудың ойлы тұжырымы мен білім-ілімі соншалықты жүрекке жақын жазылып,айтылыпты. Тәуелсіздікке барар қиын жолдарда қаншама қаhарман бабамыздың шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Рухани жады жайында айту – елдік тәрбиенің өзегі ғана емес, тағдырлы тарихтың тәбәріктей құндылықтарын қастерлеудің міндетін айқындайды.

 Елбасының барлық уақытта халқына арнаған сөзінде «Тәуелсіздік –  бабалар қанымен келген киелі құндылық» деп атап көрсетуі осыдан.

Бұл аса терең мазмұнды мақаланың өн бойынан тарихи ақиқаттар мен келелі ой қорытудың толыққанды толқынынан барша отандасымыз ғасырлар ғибратын алады. Ал ел Тәуелсіздігінің 30 жыл мерзімі көз алдымызда зуылдап өте шыққандай болып тұр. Қас-қағым сәт дерсің. Орда бұзар жігіт жасы. Байтақ елдің тарихында жаңа тәуелсіз Қазақстанның ең жарқын да айтулы тарихы осы 30 жыл арқауында орнықты, бірлігі бекем мемлекет құрдық. Адамзат өресінде тарихты ұлы адамдар жасайды дейді. Егеменді Қазақстанның негізін қалаушы, ұлы істердің бастаушысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихын жасаудағы ерен саясаткерлігі мен кемеңгерлігін бүгінгі ұрпақтан бастап келер ұрпақ айтатын болады.

 Елбасы өз мақаласында «30 жыл бойы халқын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайранға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым», - деп атап көрсетеді.

Бұл тарихты біздің халқымыз қасиетті тұғырға санайды. «Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді» деген Елбасы ел тәуелсіздігінің биік деңгейде мойындалуына дара басшылығымен және жүргізген парасатты саясатын өз халқының әрдайым толық қолдауымен қол жеткізді. Тар жол,тайғақ кешулер мен соқтықпалы,соқпақтарды замандардан аман өткен қазақ елінің арғы кезеңінен тамыр тартып, тәуелсіз Қазақстанның тарихынан мол тағылым жүректерде жатталады деп сенемін. Елбасы жүрегінен шыққан сөз шынайылығымен және терең ойлылығымен ерекшеленеді. Мәселен, кемел ой биігінен «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолында тұрақтайды» деген сөзі ел келешегінің бойтұмары деп сезінеміз.