Экспортқа тыйым – ішкі нарыққа қиын
Экспортқа тыйым – ішкі нарыққа қиын
321
оқылды
Елімізде желтоқсан айының 15-інен бастап тірі мал­ды, картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салынбақ. Бұл Үкіметтің шешімі. Алайда экспортқа тыйым ішкі нарықтағы бағаның төмендеуіне ықпал ете ме? Өйткені ішкі нарықта ірі қара мал мен ұсақ қара малдың етінің қымбаттауы байқалып отыр.

Бағаны ауыздықтаудың бір шарасы

Өткен қараша айында рес­публика бойынша сиыр етінің 1 келісі орташа бағамен 2 239 теңге болыпты. Жыл басынан бері бұл баға 15%-ға, яки 292 теңгеге қым­баттаған. Ал қой еті 21%-ға қым­баттап (419 теңге), 1 келісі 2 409 тең­гені құраған. Бұл ретте ет өң­деуші кәсіпорындар өндірістік қуатының тек 40-50%-ында жұмыс істеп тұр. Биылғы 10 айда 173 мың тонна ет өңделген, бұл барлық ет өндірісінің 18%-ы ғана. Сонымен қатар тірі мал экс­пор­тының артқаны байқалған. Со­ның ішінде – бұқашықтар мен мар­қалар көп. Мәселен, жыл ба­сы­нан бергі 10 айда шетелге 161 мың бас ІҚМ жөнелтіліпті. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 5,6 есе көп. Ал ҰҚМ экспорты 6,7 есеге артып, 112 мың басты құраған. Бұл қарқынмен жыл соңына дейін шетелге жіберілген ірі қара мал саны 200 мың басқа жетуі мүмкін деп болжанған. АШМ бұл жағдайдың соңы тағы да ет пен ет өнімдері бағасының өсуіне алып келуі мүмкін деп отыр. «Картоп пен сәбізге келер болсақ, биылғы жиналған егін мол болды. Ол ішкі тұтынуға да, экс­портқа да жетеді. Әйтсе де, көрші елдерде биыл көкөніс өнімдері аз шықты, сондықтан да бұл сұра­нысты арттырып, ішкі нарыққа салмақ түсіруі мүмкін. Өйткені ондағы баға жоғары болатын­дықтан, экспортерлер өнімін бі­рінші кезекте сол жаққа жіберуді ойлап тұрады. Осындай объективті себептер ескеріліп, тыйым салуға шешім қабылданды», – делінген ведомство таратқан хабарламада.

«Түбегейлі қарсымыз!»

Еліміздегі 278 мың шаруаның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген Фермерлер одағының өкілдері бұл шешіммен түбегейлі келіспейтінін айтады. Өйткені ол біржақты қабылданған. Ведом­ствоаралық комиссия шекараны жаппас бұрын жағдайды саралап, тиісті ұйымдармен ақылдасып алуы керек еді. Мұндай белден басқан үзілді-кесілді шешімдермен шаруалар экспорттық нарықтан айырылып қалуы мүмкін. «Бізде қанша өнім өндірілгені, қанша валдық жиын-терін бол­ғаны жөнінде көптеген статис­ти­калық мәлімет бар. Оны халық санына шағып, тұтыну көлемін анықтауға болар еді. Мәселен, мен осының бәрін саралап, белгілі бір миллион тонна өнімді міндетті түрде осындай бағада сату керек деген квота енгізуді ұсынған бо­латынмын. Сонда ешқандай да азық-түлік қауіпсіздігі туралы мә­селе болмас еді. Оған құлақ асқан ешкім жоқ. Екі министрлік бір-бі­рімен тіл табыса алмады ма, өзара келіспестен, көкөніс сақтау қой­ма­ларына инвентаризация жүр­гізбестен, бір тарапты шешіммен шекараны жаба салды. Енді, міне Өзбекстан картопты Ираннан, Ресей Беларусь елінен сатып алып отыр. Нәтижесінде, шетелдік­тер­мен форвардтық келісімшарттарын орындай алмай отырған біздің шаруалар ұтылып жатыр. Бұл – дұрыс емес!», – дейді Қазақстан Фермерлер одағының өкілі Игорь Жабяк. Шекараны жапқанмен, баға түседі дегенге шаруалар сенбейді. Өйткені картоп жинау кезінде ди­қандар картопты 80-120 теңгеден сатса да, базардағы баға 200-240 теңгеден түспеген. Оның сыртында көп фермердің картоп сақтайтын орны жоқ. Үлкен буын, орта буын­дылары бар, бірақ бірен-саран ғана. Ал кіші буындылары мүлдем жоқ. «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиоло­гия­лық нормалары бар. Ол бойынша, мәселен картопты алайық, жылы­на жан басына шаққанда орташа есеппен 100 келі кортоп желінеді екен. Біздің елде 19 миллион халық бар. Сонда жылына тамаққа 2 мил­лион тонна картоп пайдаланады екенбіз. Ал статистикалық мәлі­мет­ке сүйенсек, Ұлттық бюро был­тыр елімізде 4 миллион тоннадан астам картоп жиналды деген ақ­парат таратты. Енді есептеп кө­ре­йік, оның жартысы ішкі нарықты қамтуға кетті делік, бір миллионы тұқымдыққа қалсын. Сонда тағы бір миллион өнімді қайда жібе­реміз? Картоп дегенің тоңазыт­қыш­қа салып қойсаң, ұзаққа шы­дайтын ет емес. Қыста олар тез үсіп, іріп-шіріп кетеді. Оны сақтай алмасақ, 1 миллион өнімді экс­порт­қа жібермегенде қайда жібе­реміз?», – дейді Қазақстан Фер­мерлер одағы басқарма төраға­сы­ның орынбасары Ермек Әбуов. Оның айтуынша, бұл тұста тағы да фермерлер зардап шегеді. Онсыз да қарайған шығыннан шы­ғып кету үшін әрбір күнін, әрбір тиынын санап отырған олар бұлай жалғаса берер болса, келер жылы картоп өсіруден бас тартып, кар­топсыз қалуымыз ықтимал. Сон­дықтан да экспорттық тыйым мәселесіне біржақты қарауға болмайды.

Пайданы алыпсатарлар көреді

Бүгінгі нарықтағы бағаға тоқ­тала кетсек, шаруалар 1 келі сиыр етін 1 500-1 900 теңгеге тапсырады екен. Әр өңірде әртүрлі бұл диа­пазон екі жылдан бері өзгермеген. Ал базардағы баға қазір 2 700-3 600 теңгеге дейін шарықтап тұр. Бұдан фермерлерге келетін ешқандай пайда жоқ. «Мұнда таза пайда көріп отыр­ған, ол – алыпсатарлар. Сондықтан да Сауда және интеграция ми­нистрлігі бірінші кезекте осыны қа­дағалауы керек. Біздің тарапы­мыздан СИМ-ге «неліктен фер­мер­лер еңбегінің жемісін көре ал­­майды, ал алыпсатарлар неге пай­да табуы тиіс?» деген көптеген хат жолданды. Бірақ жауап ала ал­май отырмыз. Шаруа 365 күн мал­дың артынан жүреді, жемшөп, жанар-жағармай қымбат, утильдік алым бар, суармалы судың бағасы көтеріліп жатыр, бәрінің азабын шаруа тартады, ал пайданы алып­сатарлар көреді. Неге? Бұлай жал­ғаса беретін болса, елімізде шаруа қалмайды. Бағаға Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі жауап бермейді. Сондықтан СИМ-нен сұрау керек. Өйткені бұдан фермерлер де, тұ­тынушылар да, мемлекет те ұты­лады», – дейді төраға орынбасары Ермек Әбуов.

Өнімі алқапта шіріген шаруа көп

Мұндай экспортқа тыйымның елімізде шаруаны шығынға батыр­ған кезі аз емес. Солардың бірі – жамбылдық фермер Медеу Ша­қанов. 2019 жылы Ресейге 500 тон­на жуа сатамын деп жолға шық­қан ол шекарада 20 күн тұрып қалып, пайдадан қағылғанымен қоймай, шығынға ұшыраған. «Сол кезде бағаның шарықтап тұрған кезі еді. Орташа бағамен 1 келісін 170-180 теңгеге беретін бо­лып келіскенбіз. Бірақ бізді шек­ара­дан жібермей қалды. 20 күн де­генде зорға өтіп, Мәскеуге жет­кенімізде тауарымыз ешкімге ке­рексіз болып қалды. Оны 70-80 тең­геден әрең саттық, онда да жар­тысын ғана. Бұл біздің тасымал шығынымызды ғана жапты. Қал­ғаны ысырап болды. Келесі жылы қайта егін егуге тұқымдық жуа алу үшін несие рәсімдеуге мәжбүр бол­дым. Өйткені тамшылатып суару әдісіне көшіп жатқан болатын­мын», – дейді ол. Одан бөлек, пандемия бастал­ған уақытта әлеуметтік желіде шу болып, қоғамдық резонанс ту­дыр­ған Түркістандағы оқиға қалың жұртшылықтың есінде болар. Он­да алқапта пісіп тұрған қы­рыққабат көкөнісін трактормен таптап жүр­ген шаруалардың видеосы тараған болатын. Бүкіл әлемде шекара жа­былған шақта өнімін өткізе ал­масына көзі жет­кен шаруалар 250 тонна болатын қырыққабат өнімін жинамастан, алқапты сол күйі қай­тадан соқа салып жыртып тастаған болатын. Өйткені ішкі нарық толық, экс­порт жабық, қырық­қабаттың ба­ғасы 1 келісі 10 теңгеге дейін түсіп кеткен еді. Ол ақша егінді жинау шығынын да жап­пайтын. Бұл тұста несиесі жабусыз қалған фермерлер жеңілдікті несие беру үшін кепілге жылжымайтын мүлік сұрайтын Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігін төтенше жағ­дай жарияланған қиын кезеңде ал­дын ала логистикалық мәселе­лерді шешіп қоймағаны үшін кінә­лаған болатын.

Статистикаға сенім аз

Бағаны түсіру немесе тұрақты ұстап тұру үшін экспортқа тыйым салып қоя салу аз. Өйткені бұл – кешенді проблема. Әуелі ішкі нарықты етпен толық қамтып алу қажет. Мәселен, статистикалық мәлімет бойынша, қазір ең көп сұранысқа ие сиыр етімен рес­пуб­ликаны тек 95% ғана қамтып отыр екенбіз. Қалған тұсын шетелден алдырамыз. Бізге көбіне Беларусь мемлекетінен сапасы төмен ІІ ка­тегориялы сиыр еті келеді. Ал са­палы сиыр еті экспортқа жөнел­тіліп жатыр. «Біздің позициямыз – сиыр етін экспортқа шығаруға қарсы­лы­ғымыз жоқ, ол – еліміз үшін тиім­ді. Бірақ оларды сыртқа жі­бер­ген­нен гөрі қайта өңдегеніміз дұрыс. Біздегі ет өңдеу кәсіп­орындарының жүктемесін арт­тыру қажет. Қазір олардың жүк­темесі 50%-ға әрең жетіп отыр. Көбі қаңтарылып тұр. Егер оларды іске қосса, бюджетке салықтай түсім түсер еді. Жұмыс орындары ашылар еді. Ол үшін Үкімет оларға қаражат бөлуі тиіс. Ет экспортқа өңделген қалпында шығарылсын деген Президенттің де тапсырмасы бар. Оған шектеу болмауы керек. Өйткені сырттан келетін, мәселен Ресейден келетін шұжық өнім­де­рі­нің сапасы күмән тудырады», – дейді Ермек Әбуов. Оның айтынша, сол сияқты Ұлттық бюро келтіретін ста­тис­тикалық мәліметтерге күмән көп. Ішкі нарықты қамту 95%-ға жетпеуі де мүмкін. Өйткені біздегі қара мал етінің импорты жыл сайын 30 мың тоннадан азайған емес. Бұл ішкі нарықтың 5%-ынан көп. Ал бізден сиыр етінің бір келісін 2 100 теңгеге сатып алып отырған өзбектер оны өңдеп, ішкі нарығымен қатар экспортқа да жіберіп жатыр.