Петропавлдықтар жылусыз қалды
Петропавлдықтар жылусыз қалды
342
оқылды

Петропавл жылу-электр станциясында да тағы да апат болды. Теріскейде қыс қаһарына мініп, қатты аяз басталған кезде жылумен қамтамасыз ететін компания халықты дірдеңдетіп қойды. Бір күннің ішінде екі жылу агрегаты істен шықты. Тұрғындар үйі суып кеткенін әрі ыстық су жылымшы ғана болып тұрғанын бірден аңғарды.

«Станцияның және мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері апат салдарын жою және қысқы кезеңде тұтынушыларды үздіксіз энергиямен жабдықтау үшін жылу-электр станциясының негізгі жабдығында жұмыстар жүргізіп жатыр», – деп хабарлады «СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметі. Солтүстік Қазақстан облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығы хабарлағандай, апатқа құбырлардағы тесіктер себеп болған. Сонымен қатар кәсіпорынның құрал-жабдығы қаусап тұрғандықтан да істен шыққан. Бүгінде 12 қазандықтың алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Үшеуі – жөнделу үстінде, біреуі – қайта жаңғыртылуда. Қордағы екі қазандық қолданысқа енгізілуге дайындалуда. Олар бүгін қосылады деп жоспарланып отыр.

Төтенше жағдай салдарынан кәсіпорынның бір жұмысшысын күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Жанна Мауытованың айтуынша, 1994 жылы туған науқастың денесінің 40 пайызын күйік шалған.

«Бұл – өте көп көрсеткіш. Атап айтқанда, беті, мойны, аяқ-қолы, белі мен жамбасы буға күйген. Оны бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Сырқаттың жағдайы әлі де ауыр. Дегенмен, есін жиды, өз бетінше дем ала алады, әңгімелестік. Қазір ол жоспарлы ем қабылдап жатыр. Кәсіпорын басшылығы бірден хабарласып, бұл өндірістік жарақат екенін мойындайтынын айтты», – деді бас дәрігер. Жылу-электр станциясында соңғы кезде апат жиіледі. Жуырда ғана, атап айтқанда, қарашаның 1-інде қолда бар он екі жылу агрегатының үшеуі бірдей істен шығып, қалалықтар жарықсыз және жылусыз қалған болатын.