2021 жылы көзге түскен тендерлер
2021 жылы көзге түскен тендерлер
Фото: Gz.mcfr.kz
386
оқылды

Zertteu Research Institut ҚҚ Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу саласында жүргізген зерттеуінде техникалық сипаттамалардың тек 1% заң талаптарына сай болып шықты. Ал талапқа сай емес тендердің көбі тікелей бір көзден сатып алу тәсілінде жасалған. Демек Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қатері басым тендерлер аз емес. 2021 жылы қоғамда резонанс тудырған даулы тендерлерді назарыңызға ұсынамыз.

Шымкенттегі Наурыз мейрамы

Биыл пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан Шымкентте 565 миллион теңгеге Наурыз мейрамы тойланды. Оған «Шымкент қалалық мәдениет үйі» кон­церттік ұйымы» МКҚК тапсырыс берген. Олар Наурыз мейрамын өткізуге барлығы алты тендер өткізген. Белсенділер өткізіл­ген тендерлерден бірқатар заңсыздықты байқаған. Барлық тендер тікелей бір көзден алу тәсілімен өткен. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу порталында ша­раларға бөлінген қаржының қалай жұмсалатыны анық жазылмаған. Тендердің бірі «Наурыз айтысты» 40 млн теңгеге өткізген компания жиһаз жасаумен айналысатын болып шықты. Оның да сатып алу порталына тіркелгеніне көп болмаған. Ең қызығы, Шымкент қалалық мәде­ниет үйі өткізген алты тендердің үшеуі та­нымал продюсер Жан Мұқановпен бай­ланысты. Белсенділер ол азаматты бұрын да Шымкент қаласы әкімдігімен жұмыс істегенін айтып, болжам жасаған-ды. таблица

Абай ескерткіші – 145 миллион теңге

27 желтоқсанда Атырау облысында ақын Абай Құнанбайұлының құны 145 млн теңге болатын ескерткіші ресми ашылуы керек еді. Бірақ қазір Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы осы ескерткіштің тендеріне қатысты істі болып, тергеліп жатыр. Тергеу болжамы бойынша, өңір басшылары мемлекеттік сатып алу порталындағы байқауда ескерткіш жасау құқығын жеңіп алған компаниядан 4,5 миллион теңге пара алған. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 41-бабына сәйкес тапсырыс беруші порталда әлеуетті өнім берушіні қалай, қандай негізде таңдағаны туралы есепті орналастыруға міндетті. Тапсырыс берушінің мұндай қадамы сол компанияға тең келетін ешкім табылмағанын білдіреді. Яғни, әкімдік бюджетті үнемдеу мақсатында төмен баға ұсынатын өнім берушіні іздеуге тырыс­паған. Сөйтіп, «Балқыту» ЖШС тендерге оп-оңай қол жеткізген. Ал жақында қазақстандық БАҚ-та Абай Құнанбайұлының дәл осындай көлемдегі ескерткіші екі жыл бұрын Павлодарда 55 млн теңгеге орнатылғаны жазылды. Бір қызығы – Атыраудағы ескерткішті де Павлодардағыны да бір компания - «Балқыту» ЖШС орнатқан. Екеуінің де авторы – мүсінші Асқар Нартов. Екеуінің мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған тендерінің техникалық сипаттамасы да бірдей жазылған. Мүсін екі жақта да қола мен гранит тұғырдан жасалған, биіктігі - 5,25 метр. Бірақ айырмашылық тек бағасында болып тұр. [caption id="attachment_177597" align="aligncenter" width="1199"] width= Скриншот: ProTenge[/caption] Атырау облысының әкімдігі Абайдың ескерткіші үшін «Балқыту» компаниясына 72,5 млн теңге аударып үлгерген. Қалған соманы келесі жылы аудармақшы болған. Қазір облыс басшылары мен тендерге қатысы бар тұлғалар тергеліп жатыр.

Тәжірибесіз компанияға 60 млн теңгенің тендерін оңай берген

«Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК мемлекеттік сатып алу порталында тіркелгеніне екі күн болған, тәжірибесіз компаниямен шартты тікелей бір көзден алу тәсілі арқылы келісімшартқа отырған. Алайда Шәмші Қалдаяқовқа арналған концерт өтпей қалды. Шымкент мәдениет үйі директорының орынбасары Ғани Аманқұловтың айтуынша, карантин та­лап­тарының күшеюіне байланысты жос­парланған концерт өтпеді. Ғани Аманқұлов бұл концертті өткізуге кеше ғана тіркелген, тәжірибесіз компанияның қалай таңдал­ғанына экс-басшысы Сәкен Майғазиев жауап бере алатынын айтқан. Бірақ негізгі сұрақтарға жауап беруге тиіс Сәкен Майғазиев қызметінен өз еркімен кеткен.

Министрлік 705 млн теңгеге кітап шығарған

Ал ҚР Мәдениет және спорт министр­лігі жыл басынан бері кітап шығаруға 705 млн теңге бөлген. Ulysmedia.kz зерттеуінше, кітаптардың көбі шенеуніктер мен ақындарға тиесілі болып шықты. Мысалы, ақын Олжас Сүлей­меновтің алты кітабы министрліктің қолдауымен шыққан. Оған бюджеттен 21,7 млн теңге бөлінген. Бір қызығы - ми­нистр­лік ақынның кітабын шығару қызметін оның қызы Мадина Олжасқызының бас­пасына тапсырған. Қоғамда қызу талқы­ланған тендерлердің бірі – мәжіліс депу­таты Сауытбек Әбдірахмановтың «Елдік ерлігі» бес томдығы. Оны шығару үшін министрлік 44,6 млн теңге бөлген. Бұдан бөлек, бұрын әкім, министр болған, қазір ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың тәуелсіздік туралы кітабына 26,9 млн бө­лінген. Белсенділер министр­ліктің бюджет қаржысын тиімсіз жұмса­ғанын айтып, талқылады.

9 күнде 39,8 млн теңгені игермекші болды

Алматы қаласының әкімдігіне қарасты Туристік ақпараттық орталығы ішкі ту­ризмді дамыту мақсатында 39,8 млн тең­геге келісімшарт жасаған. Бұл туралы Zertteu Research Institut ҚҚ жазды. Талап бойынша өнім беруші 31 желтоқсанға дейін Алматы қаласы мен Алматы облысының ішкі туризмі туралы жарнама кампаниясының тұжырымдамасын әзірлеп, оны тапсырыс берушімен келісіп, роликтерді әзірлеп, жариялап үлгеруі керек. Сонымен бірге 30 секундтық әр жарнама ролигі кемінде 12 млн рет көрілуі керек. Бірақ техникалық ерекшелікте ролик саны көрсетілмеген. Ол бір немесе бірнеше ролик болуы мүм­кін. Өнім беруші – «Промышленные инновации» ЖШС. Әлеуметтік желі қол­данушылары әкімдікке қарайтын ме­кеменің бұл тендерін Алматының туризмін дамыту үшін емес, аз уақытта қаржыны игеру үшін жариялағанын жа­зып, айып­тады. Себебі мұндай аз уақытта бір видео­ның өзіне 12 млн қаралым жинау қиын.