Апаттан адам көз жұмды
Апаттан адам көз жұмды
312
оқылды
Петропавл қаласындағы №2 жылу-электр стансасында болған апаттан зардап шеккен жұмысшы Ресейдің Омбы қаласындағы ауруханада көз жұмды. Оның қазасының себебі мен салдарын зерттеген комиссия сараптама қорытындысын жариялады. Естеріңізге сала кетейік, 24 желтоқсан күні Петропавл қаласындағы жылу-электр стансасының қазандық цехында құбыр жарылып, қала жылусыз және ыстық сусыз қалған болатын. Сол апаттан зардап шеккен мердігер компанияның жұмысшысы 27 жастағы Дамир Садыковтың денесін күйік шалып, қалалық  көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Аурухананың бас дәрігері Жанна Мауытова науқас денесінің 40 пайызын күйік шалғанын, жағдайы аса ауыр екенін айтқан еді. Ол жансақтау бөліміне жатқызылып, қарқынды ем белгіленгенімен, туыстары Дамирді көршілес Ресейдің Омбы қаласындағы күйік орталығына апарып жатқызған-тын. Айта кетейік, Петропавлда мұндай арнайы мамандандырыл­ған денсаулық сақтау ұйымы жоқ. Омбылық дәрігерлер жас жігіттің жанына араша түсе алмады. Бірнеше күннен кейін туыстары оның мәйітін елге алып келуге мәжбүр болды. Мәселенің мән-жайын зерттеген мемлекеттік еңбек инспекциясының комиссиясы анықтағандай, Дамир жұмыс істеген мердігер компания жылу-электр стансасымен сәуірде жасалған ұзақмерзімді келісімшартқа сәйкес қазандық агрегатын жөндеумен айналысқан. Мемлекеттік еңбек инспекторы Гүлнар Мырзақанованың айтуынша,  қайғылы оқиға Дамир құбырдың жанынан өтіп бара жатқан кезде болған. «Жұмысшылар таң атқаннан бері үзіліссіз жұмыс істеп, сағат 11 кезінде түскі асқа үзіліс жасайды. Сол кезде үш жұмысшы алдын ала белгіленген  қауіпсіз жолмен өткен. Ал Дамир Садыков өтіп бара жатқан кезде құбыр жарылған. Бұл құбыр ашық емес, талапқа сәйкес тығыздалған. Дегенмен ол жарылып, ішінен ыстық бу шыққан. Бұл маңайда сол сәтте Садыков қана болған. Ол алдымен жылу-электр стансасының медициналық қосынына, кейін жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген», – деді мемлекеттік еңбек инспекторы. Мәселенің мән-жайын зерттеумен айналысқан комиссия құрамына тек Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері ғана емес, сондай-ақ энергоқадағалау, өнеркәсіптік қадағалау, «Севказэнер­го» АҚ, мердігерлік ұйым өкілдері де енгізілген. Өкінішке қарай, бұл комиссия жазатайым оқиға жұмыс уақытында болған жоқ деген қорытынды жасап отыр. «Бірақ еңбек қызметімен байланыс бар. Жұмыс берушінің кінәсі 100%, қызметкердікі 0% деп белгілеп, тиісті  актімен рәсімдеуді  ұйғардық. Алайда жігіт жұмыс істеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы мұнымен келісе қояр ма екен? Өйткені жазатайым оқиға басқа кәсіпорынның, яғни жылу-электр орталығының аумағында болған. Жазатайым оқиғаның себебі ретінде тапсырыс беруші – «Севказэнерго» АҚ-на тиесілі бу қыздырғыш коллекторының оң жақ бүйіріндегі құбырдың жарылуы көрсетілген. Бірақ біз тек екі тараптың, яғни  қызметкер мен жұмыс берушінің кінәсін анықтау мақсатында зерттеу жүргіземіз.  Еңбек кодексінде, тиісті ережелерде осылай жазылған. Ал үшінші тұлғаның кінәсі бар-жоғын қарастырмаймыз және тіпті көрсетпейміз», – деп түсіндірді еңбек инспекторы Гүлнар Мырзақанова. Бірақ оның айтуынша, мердігер мен тапсырыс беруші өзара алдын ала келісімшарт жасасқандықтан, ары қарай олар азаматтық тәртіппен бір-біріне кінә арта алады.  «Комиссия технологиялық жабдықтың өзін зерттеген жоқ. Өйткені жұмысшы осы жабдықта жұмыс істеген кезде жарақат алған жоқ, ол жай ғана сол маңайдан өтіп бара жатқан кезде апатқа ұшырағаны қиындық туғызып тұр. Алайда жігіттің кінәсі жоқ. Оның отбасына тиісті төлемдердің барлығы заң бойынша төленеді», – деп нақтылады Гүлнар Маратқызы. Алайда айдың-күннің аманында арыстай ұлынан айырылып аңырап қалған ана үшін барлық төлем құны – бес тиын. Оның қайғысына ортақтасқан жерлестері монополист компанияның басшылары құрал-жабдықты түгел жаңартуы тиіс деген пікірде. «Бұл қайғылы оқиға кәсіпорын басшылығының немқұрайдылығынан болды деп санаймын. Жұмыс беруші әр жұмысшы үшін жауапты. Сондықтан осы оқиға бойынша да кәсіпорын басшылары жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бізде қайғылы оқиға болса, басшылардың барлығы сүттен ақ, судан таза болып шығады. Ал қаза тапқан жұмысшылардың барлығы ылғи өздері кінәлі. Жылу-электр стансасында жыл сайын 2-3 адам қаза табады. Құрал-жабдығы, құбырлары шіріп тұрған болса, онда адамдар кіргізілмесін», – деген тұрғыдағы жазбалар әлеуметтік желілерде өріп жүр. Қалай дегенмен орны толмас қайғылы қаза тұтас отбасының қабырғасын қайыстырып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы