Коронавирусқа тұсау бар ма?
Коронавирусқа тұсау бар ма?
473
оқылды
Қытайда пайда болған ко­ро­­навирустан көз жұм­ған­­дар­дың саны 170 адамға жет­­ті, бір күн бұрын ғана бұл сан 123 болған еді. Ауру жұқ­тыр­ғандар 7 700-ден асып кет­ті. Жері ҚХР-мен шек­­те­се­тін мемлекеттер бір­тін­деп ше­карасын жабуға кірісті. Екі күн бұрын Моңғолия ірге­сін қым­таса, кеше Ресей пре­мьер-министрі Михаил Ми­шустин елдің Қиыр шы­ғыс­тағы шекарасын жабу туралы қау­­лыға қол қойды. Қазақстан да қарап отыр­ған жоқ. Үкімет жанынан Ве­до­мст­­воаралық комиссия құры­лып, ін­деттің таралуының алдын алу үшін қорғаныс шараларын қа­был­дады. Атап айтқанда, 29 қаң­тар­дан бастап Қазақстан мен ҚХР арасындағы жолаушылар ав­тобусы кестеден алынды. Ертең, яғни 1 ақпаннан жолаушылар пойызы жүрмейді және 3 ақ­пан­да әуе қатынасы тоқтайды. Сондай-ақ Қытай азамат­та­ры­на виза беру мен Қазақ­стан шенеуніктерінің Қытайға жоспарланып қойған іс­­­­­са­пар­­ларына тыйым салын­ды. Бұдан өзге, Қазақстан Халықара­лық тен­нис федерациясының 2020 жыл­дың 4-8 ақпан аралығында Қытайдың Гуандун аймағының орта­лығы Дунгуаньда өтуі тиіс Феде­рация кубогының іріктеу матчтарын Нұр-Сұлтанда өткізу туралы ұсынысын қабылдаған жоқ.  

Үкіметтік комиссия «қалғымайды»

Үкімет жанындағы комиссия тәулік бойы жағдайды қалт жі­бер­­мей қадағалап отырады. Ве­домствоаралық комиссияның бас­­шылығына тағайындалған Премьер-Министрдің орын­ба­сары Бердібек Сапарбаев кеше Мә­жіліс отырысына қатысып, коронавирусқа қарсы қорғанысқа Үкі­мет резервінен қосымша 1,5 млрд теңге бөлінгенін һәм қа­жет­ті іс-шаралар дайындалып, тас-түйін дайындық жасалғанын мә­лім­деді.
Әйтсе де, қаржы бөлініп, ше­кара жабумен мәселе шешілмесі анық. Себебі Қытайда оқып жат­қан қазақстандық студент көп. Ауру ошағы тіркелген Ухань қа­ласының өзінде 98 шәкірт қалып қойып отыр. Қазір ел Үкіметінің «басын ауыртып» отырған да осы жағдай. Қазақстандықтардың жағдайы туралы Мәжілісте баян­даған Б.Сапарбаев оларды әкелу­ге ұшақ дайын тұрғанын, деген­мен ол үшін екі ел арасында ке­­­лі­сім жасалып жатқанын айт­ты. Себебі Ухань – қазір жа­бық қала. ҚХР билігі тұтас ай­мақ­ты карантинге жауып, оқ­шау­лап ұстап, тұрғындарын ем­­деуді қолға алды. Бетін ары қыл­­сын, әзірге қазақстандық сту­­денттер вирус жұқтырды деген ресми дерек жоқ. Дегенмен, олар­ды елге алып келген күннің өзін­де 14 күнге дейін арнайы аур­у­ханаға жатқызып, тексеріп барып шығарады. «Қан алып, са­рап­тама жасаймыз, егер денсау­лығына еш зиян келмеген болса шығарылады. Науқас болса, ем­деу шарасы жалғасады», – деп ес­­кертті Б.Сапарбаев.
Айтқандай, Уханьдағы 98 сту­дент­тен бөлек, ҚХР-да туристік мақсатта, саудамен, кәсіпкерлік ісі­мен жүрген отандастарымыз да баршылық. Соңғы жылдары Қа­зақстан-Қытай байланысының же­дел жүруі барыс-келісті де кү­шейт­кен. Десе де, қаңтар айы туып, жаманат хабар шығысымен-ақ олардың алды елге орала бас­та­ды. Дәрігерлер көрші елден ке­­ліп жатқандардың әрқайсысын есепке алып, аурудан амандығын тексеріп жатыр. Денсаулық сақ­тау министрлігінің дерегінше, осы уақытқа дейін оралған қазақ­стан­дықтардың 54-і арнайы ау­ру­­­ханаларға жатқызылып, ко­ро­­навирусқа тексерілген. Олар­дың ішінде 16 адам еш ауру­ға күдіксіз деп танылып, ауру­ханадан шығарылған. Қалған 38-і инфекциялық ауруханаларда ерекше санитарлық бақылауда. Яғни, ресми түрде коронавирус тіркелді деген дерек жоқ.  width=

Дерт емес, қауесет жедел тарауда

Алайда аурудан бұрын қоғамда алыпқашпа әңгіме жылдам та­рап жатқандай. Әсіресе, әлеу­мет­­тік желі, мессенджерлер ар­­­қылы «ана өңірде осынша адам, мына облыста мұнша кісі жұқ­тырыпты» деген сөз желдей есіп жатыр. Кеше Денсаулық ми­нистрі Елжан Біртанов ел тұр­ғындарын анықталмаған ақ­па­ратты таратпауға және тек ресми ақпаратқа құлақ түруге шақырды. Әрине, Қытайдағы вирус жер бетінде бұрын-соңды тара­ған қауіп­ті індеттің басы да, соңы да емес. Соңғы жылдары ви­рустың түр-түрі шыққаны сон­ша, атауынан да шатасатын жағ­­дайға жеткеніміз рас. Ауру ша­қыр­­ғандық демеңіз, дегенмен еске түсіріп көріңізші, осы күн­ге дейін «Шошқа тұмауы», «Құс тұмауы», «Эбола», «Зика» ат­ты бір­неше індет әлемді тітірет­ке­нін білеміз. Ғалымдар мұндай жұқ­палы дерттің көбеюін жер бетіндегі халық санының өсуі­мен байланыстырады. Жан ба­сы көбейген сайын кеңістік тары­лып, індеттің таралуы да арта түс­кен. Дегенмен Қытайдағы корона­вирустан жаппай үрейленуге де не­гіз бар. Өйткені әлемде 7,7 мил­лиард адам болса, оның 18,5%-ы (1,45 млрд адам) – Қы­тай­­дың тұрғыны. Қазір үлкен­нің де, кішінің де аузында жүрген Ухань қаласының өзінде 11 млн тұрғын бар. Елдегі маңызды теміржол торабы орналасқан шаһарға келімді, кетімді жолаушы көп, одан бөлек жергілікті әуе­жай­дың өзі жылына 20 миллион адамды қабылдайды екен. Енді Уханьның мүмкіндігін елестете беріңіз. Әлемдік экономикалық байланысы жақсы дамыған қа­лада індеттің тіркелгені жақсы­лық емес, демек таралуы да жыл­дам жүретіні анық. Баршы жұртты алаңдатып отырған мәселенің бірі – «қытай вирусын» жұқтыру дерегі 16 мем­лекетте тіркеліп үлгерді. South China Morning Post басы­лы­мының мәліметінше, Қытайдың мем­лекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян коронавирусқа қатыс­ты жағдай қиын екенін мәлім­деді. Бұдан соң Дүниежүзілік ден­­саулық сақтау ұйымы да шұғыл жиын өткізіп, Қытайдағы жағдай әлем үшін «төтенше жағдай ма, жоқ па?» анықтауға кірісіп кетті.
Көңіл аударарлық жайттың бірі – коронавирустың қайдан шыққаны жайлы да ресми мә­лімдеменің жасалмауында. Әуелгіде оны Уханьдағы жануар­лар өнімін сататын базардан тарады делінгенімен, кейін келе ақпарат сан-саққа жүгіртілді. Әлеуметтік желіні қолданушы жеке адамдардың сәуегейлігінен бөлек, кейбір ақпарат құралдары да түрлі болжамдарға негізделген хабар тарата бастады. Бұл індет «АҚШ–Қытай сауда соғысымен байланысы болуы мүмкін» де­генді де жазып жатқандар бар. Бір жағынан ондай ақпараттың қай тұстан тарайтыны да мәлім. Ол баяғы кеңестік замандағы «пә­ленің бәрін Америка істеп отыр» деген долбардың бүгінге жеткен жұрнағы да болуы мүмкін. Десе де, қытай тілін жетік білетін әріптесіміз, журналист Ертай Нүсіпжановтың әлеуметтік желідегі мына жазбасына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Онда Ухань қалалық аурухананың Респи­раторлық және реаниматология­лық бөлімнің бас дәрігері Цао Биннің «Расын айтқанда, вирус­тың нақты қайдан келгенін біл­мейміз» деген сөзін мысалға келтіреді.  «Аталған құжат­тан, вирус жұқтырған ең алғашқы адамның 2019 жылдың 1 желтоқ­санына дейін тіркелгенін көруге болады. Алайда ол уақыт оңтүстік Қытайдағы атышулы базардың былығы әлі ашылмаған кез. Әрі 10 желтоқсанда ауырған 3 адам­ның 2-уінің де ол базарға барма­ғаны анық болған» деп жазады Е.Нүсіпжанов қытай ақпарат көздеріне сүйеніп.
Иә, қалай десек те, корона­вирус Қытай үкіметіне қай жа­ғынан да оңайға соқпайын деп тұр. Бейжің індеттің таралуын бөгеп, ауру жұқтырғандарды ем­деу­ге 634,9 миллион доллар бөлді. Одан бөлек, елі ішіндегі қаржы қор­­лары мен бизнесмендер құйып жат­қан қаражат үсті-үсті­не кө­беюде. Билік Ухань қаласында салы­натын екінші маман­дандырылған ауруханаға пневмония індетінің көлемі әсер еткендіктен, 1 600 тө­­­секке дейін кеңейту туралы ше­шім қабылдаған. Бұған дейін ауру­хана 1,3 мың төсек-орынға есеп­­телген болатын. Айта ке­тейік, Уханьда, өткен жұмада ау­даны 25 мың шаршы метрді құрай­тын алғашқы аурухананың құры­лысы басталған, ол 2 ақпан­да пайдалануға берілмек. Дегенмен ҚХР билігі вирусқа қарсы жасалып жатқан жұмыстың тиімділігінің нақты нәтижесі 8 ақпанда көрінетінін мәлімдеп отыр. Бір ғана анық жайт, Қытай өз ішінде ауруды ауыздықтамай, «тәж тажалдың» тырнағының уыты жайыла бермек.    width=Бауыржан БАЗАР