Таразда да тоналған кәсіпкер көп
Таразда да тоналған кәсіпкер көп
432
оқылды
Жамбыл облысындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бұған дейін зақымданған 6 мемлекеттік нысан туралы айтылған еді. Оларды қалпына келтіруге шамамен 6 миллиард 905,0 мың теңге қажет деп жоспарланған. Алайда бүлік кезінде тоналған кәсіпкерлер де көп болып шықты. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан құрылған call-орталығына 30-дан аса бизнесмен хабарласса, олардың орта шығыны 120 миллион теңгеден асып отыр. Қазір кәсіпкерлерге келтірілген залал көлемін есептеу үшін өңірлік комиссия құрылды. Комиссияны Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев бас­қа­рып отыр. Оның айтуынша, қазір Үкіметке кәсіпкерлерге нақты қанша шығын келтірілгені туралы құжаттарды жіберу керек. Ол үшін жедел түрде бағалау компаниясын белгілеген маңызды. Ал бағалаушыны комиссия анықтаған компаниялар арасынан зардап шеккен кәсіпкерлерге таңдау құқығы берілмек. Бағалау шығындарын бюджет көтереді.

Бес қабатты үй өртеніп кете жаздаған

Жаппай тәртіпсіздік күні Тараз қала­сын­дағы «Технодом» мен «Эврика» дүкен­дер желісіне шабуыл жасалған. «Эврика» дүкенінің директоры Дмитрий Пактың айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні қойма­ларына ұрылар түсіп, жалпы сомасы 18 миллион теңге болатын тауарларын қолды қылған. – Біз бейнежазбаны құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бердік. Қазір олар бұл жайтты тексеріп жатыр. 126 техника ұрланды, оның ішінде ұялы телефондар мен кішігірім техникалық тауарлар да бар. Қойма жекеменшік күзет компаниясының қорғауында болатын. Бірақ желінің болмауына байланысты оларға дабыл түспеген. Таныстарымның бірі байқап қалып ескерт­песе, тоналып жатқанымызды білмей де қалады екенбіз. Әуелі оқиға орнына дүкеннің қауіпсіздік қызметі жетті. Біз барғанда ұрылар тауарларды алып қашып жатты. Кейбірін көшеде жолай тастап кетті. Ешкімді ұстай алмадық. Із суытып үлгерді. Бейнежазбаға қарасақ, ұрылар төртеу болған сияқты. Алайда нақты қанша болғанын құзырлы органдар анықтайды. Ал ең қорқыныштысы, ұрылар қойманы өртеп жібермек болған. Дер кезінде сөндіріп үлгердік. Бір-екі қорап енді тұтана баста­ғанда келдік. Біз бес қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқандықтан, өрттен үстіміздегі пәтерлер де жапа шегуі мүмкін еді, – дейді Дмитрий Пак.

«Күшіміз бірлікте» екенін көрсететін кез жетті!

Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккен кәсіп­керлерге көмек көрсетілетінін бірінші күн­нен айтты. Алайда араға екі жеті салып барып бизнесмендердің зардап шеккендерін айтып жатқандары көп нәрсені қиындатуы мүмкін. Олай дейтініміз – арнайы комиссия құрылып, бағалаушы компания есеп-қисабын шығарамын дегенше тағы уақыт өткелі тұр. Жергілікті биліктің «Үкіметке құжаттарын тез жіберу керек» деп шырыл­дауының сыры осында жатыр. Қазір Тараз қаласындағы кәсіпкерлер «Күшіміз бірлікте!» атты акцияны бастап кетті. Бастама аясында ірі сауда орындары тауарларын базардағы бағадан да арзан сатуда. Осылайша олар қиын-қыстау кезеңде жұдырықша жұмылған бірліктерін көрсетіп жатыр. Ендеше Үкімет те күшіміз бірлікте екенін танытып, зардап шеккен әрбір кәсіп­керді қолдаусыз қалдырмайды деп сенеміз.

Жамбыл облысы