Мешкей майнинг токқа тоймайды
Мешкей майнинг токқа тоймайды
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
430
оқылды
Қытайдың ізімен Ресей де майнинг өндіруге тыйым салып, криптовалюта ай­налымынан бас тартуы мүмкін екенін хабарлады. Мұндай позицияны өткен аптада Ресейдің Орталық банкі (ЦБ) жариялады. Бұл нені білдіреді? Қытайдан үдере көшкені сияқты Ресейдегі майнерлер де Қазақстанға көшуі мүмкін бе? Мұндай «көш» біздің экономикамызға, соның ішінде энер­гетика саласына салмақ салмай ма?

Криптовалюта қаржы пирамидасы ма?

Ресейлік ЦБ криптовалютаның қай түрі болмасын, толық тыйым салуды ұсы­нып отыр. Яғни, оларды шығаруға, айна­лымға салуға және айырбастауға болмай­ды. Себебі криптовалюталардың вола­тиль­дігі жоғары, нарықтағы және одан тыс кез келген әсер­ден тербеліске көп ұшы­райды. Ол соны­сымен қауіпті. Орталық қаржы ұйымының бұл пікірін өзге де банктер қолдап отыр. Тіпті, тыйым салу бастамасын көтерген Федералды қауіп­сіздік қызметі (ФСБ) деген де ақ­парат бар. Олар халықтың басым бөлі­гінің қаржылық және цифрлық сауатсыз­ды­ғын көлденең тартып, мұның соңы мем­ле­кет­тік қауіп­сіздікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал Орталық банк­тің өзі криптовалютаны қаржы көпір­шігі деп бағалап отыр. «Криптовалюталарда қаржы көпіршігі­нің және қаржы пирамидасының белгілері бар: өйткені олардың бағасының өсуі на­рыққа жаңадан келген қатысушылардың сұ­ранысымен тікелей байланысты», – делінген ОБ жасаған баяндамада. Мұндай тұжырымды Мемдуманың бірқатар депу­таты да құптап отыр. Әйтсе де, Орталық қаржы ұйымының бұл бастамасына қарсы шығып жатқандар көп. Солардың бірі Telegram қосымшасының негізін қалаушы Павел Дуров Орталық банктің бұл әрекетін қатты сынға алды. Оның ойынша, мұндай шешім IT мамандардың Ресейден үдере көшуіне және экономиканың жоғары технологиялы салаларының тоқы­рауына алып келуі мүмкін. Біздің елімізде де мұндай шешімге сын көзбен қарап отыр­ғандар бар. «Орталық банк өзінің позициясын эконо­миканың классикалық теориясы тұрғысы­нан қарастырып отыр. Ол тек қана фиатты ақшаға, шынайы активтерге негіз­делген. Сон­дықтан да оның позициясында цифр­лан­­дырудың заманауи виртуалдық тен­денциясы жетіспейді деп санаймын. Олар уақыт бір орында тұрмайтын, ұдайы даму үстінде екенін ескермей отыр. Тарихқа үңі­лер болсақ, кезінде қағаз ақшаға көшкен кез­де де осындай мәселе болған. Заман дамуымен біз енді цифрлық ақшаның зама­нына келіп тұрмыз. Қазір әлемде витруалды ақшаға байланған қаржы құралдары көп. Мұнда өте үлкен ақша айналып жатыр. Көптеген ел бірте-бірте осы жаңашылдыққа көшуде», – дейді Ұлттық блокчейн және дата-орталықтар өнеркәсібін дамыту ассо­циа­циясы вице-президенті Сергей Путра. Сергей Путра криптовалютаны – қаржы пирамидасы деп атайтындармен келіспейді. Өйткені классикалық теория жүзінде қарар болсақ, фиатты ақшалар осы уақытқа дейін белгілі бір коэффициентте алтынмен қам­тамасыз етіліп келді. Кейіннен одан бас тартылды да, бүгінде әлемде фиатты валюта сол елдің репутациясымен ғана бағаланады. Олар ешқандай да алтын қорымен бай­ланысты емес. Тек мемлекет тарапынан кепілдік беріледі. Ал қазіргі криптовалютаға келер болсақ, ол белгілі бір мемлекетке қатысы жоқ, әлемдік қауымдастық болады. Оның шығарушысы да, пайдаланушысы да – бүкіл әлем. Сондықтан біз оған түбі келеміз. Оның бір нышаны – әр елдің өзінің «цифрлық валюталарын» шығаруға ден қоя бастағаны.

Өзімізде электр энергиясы тапшы

Сонымен, елімізде электр қуатының тапшылығы бұрындары тек 1-2% құрайтын болса, былтыр бұл сан 7-8%-ға жетті. Яғни, тұтыну көлемі осынша көлемге, яғни 93 кВт/сағатқа дейін артқан. Бұл проблемадан шығу үшін Қазақстан көтерме көлемде тұтынушылар үшін электр энергиясын шетелден сатып алуды қолға алды. Елдегі 2025 жылға таман туындайтын тапшылықты жабу үшін елімізде 5,4 мың МВт генера­циялық қуат көзін тарту жоспарланып отыр. Оның 1,4 мың МВт-ы маневрлық генерация, 2,4 мың МВт жағармалы қуат көздерінен және 1,6 мың МВт қолданыстағы элек­трөн­діруші кәсіпорындарды модернизациялау жолымен алынбақ. «Бізге осы уақытқа дейін энергетика саласындағы жауапты органдар мен ұйым­дар елімізде электр энергиясының про­фициті бар деп сендіріп келді. Бірақ біз майнерлерге қатысты проблеманы жағдай ушыққаннан кейін барып қана естіп-біліп отырмыз. Майнерлер 8 МВт электр энер­гиясын 1 кВт-ына 11 теңгеден тұтынады. Бұл ретте, бюджеттік мекемелер мен қара­пайым тұтынушы 15-20 теңге көлемінде төлейді. Бұл дұрыс емес. «Самұрық-Энерго» мен KEGOK компаниясы сұр майнерлерді анықтауда дәрменсіз болып отыр. Бұл ондай астыртын фермалардан бюджетке бір тиын да түспейді деген сөз», – дейді Мәжіліс депутаты Құдайберген Төлепұлы. Электр энергиясы тапшылығы елімізде өткір тұрғандықтан, Атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесі де өзекті бола түскен еді. Кейбір мәліметтер бойынша, оның құрылысына бүгінде рұқсат та беріліп үлгерді. Ал ол уақытқа дейін Қазақстан тап­шылық мәселесін жойып қана қоймай, энер­гетика саласының дамуын экономи­калық даму көлемінен 7 жыл алға алып жүретіндей жағдайға жету керек. «7 жыл алда жүру дегеніміз – халық­ара­лық стандарт. Сонда ғана энергетика саласы ел экономикасының дамуын тежемей, ЖІӨ-нің өсуіне қозғау салмақ. Бұл үшін барын жаңғыртып, жаңа электр стансасын салу керек. Ал оған дейін тапшылықтың ор­нын толтыру үшін Ресейден импортқа көшу қажет. Ал нақты қанша электр энер­гиясы қажет екенін дұрыс есептеп шығару үшін, «сұр» майнерлерді көлеңкеден жа­рыққа шығарып, нақты санын есепке алу керек», – дейді энергетик Жақып Хайрушев. Мамандардың айтуынша, майнерлерді беталды кінәлай беруге болмайды. Мүмкін­дігінше, оларға қолайлы жағдай туғызып, жұмысын өркендете түсу керек. Өйткені бүгінде олар ел экономикасына электр энер­гиясы мен жабдықтарды сатып алу, салық төлеу бойынша жылына 120 млрд теңге кіріс әкеліп отыр. Бұл мәселені тез­детіп шешпесек, онда әлемдегі жетекші орнымыздан ғана емес, осы пайдадан да қағылуымыз мүмкін.

Кінә «сұр» майнерлерде

Қытай криптовалютадан түбегейлі бас тартқаннан кейін Қазақстан майнинг өндірісі бойынша әлемде Америкадан кейін екінші орынға шықты. Оған дейін біздің елдің мұндағы үлесі 11% болған болса, был­тырдан бастап 18%-ға көтерілді. Елімізде майнинг жасайтын дата орталықтардың қатары артты. Бұл электр энергиясын тұ­тынушылардың да қатары артты деген сөз. Бірақ былтырғы күзден бастап пайда болған еліміздегі энергетикалық тапшылыққа байланысты қоғамда «барлығына кінәлі май­нинг жасаушылар» деген пікір қалып­тасты. Бұл тұста майнинг өндірушілер «ақ» және «сұр» болып бөлінетінін ескеру керек. Елімізде заңды түрде тіркеліп жұмыс істеп жатқан «ақ» майнер саны – 70 компания. Олар өз мұқтаждығына 700 МВт электр энергиясын тұтынады. Ол үшін уақытылы ақшасын төлеп отыр. Ал «сұр» майнерлер ешқандай техникалық шарт алмастан, жасырын түрде ток көзіне қосылып жұмыс істейді. Осылайша, олардың тұтыну көлемі «ақ» майнерлерден екі есе асып түсіп, 1 500 МВт-ты құрап отыр. «Негізгі проблема көлеңкеде жұмыс жүргізіп жатқан «сұр» майнерлерде. Бірақ Энергетика министрлігі және желі опера­торы KEGOK компаниясы оларды анықтай алмағандықтан, ешқандай да талдау жаса­мастан, кінәні цифрлық майнинг өндіру­шілерге арта салып, оларды ток көзінен айырып тастады. Тапшылық проблемасы­ның пайда болғанына жарты жылдай уақыт өтсе де, электр тапшылығына нақты май­нерлер кінәлі деген ешқандай да зерттеулер жасалған жоқ. Тек бір бұйрық шығарды да, «айттым бітті, кестім үзілді» деген сыңайда, шешім қабылдай салды. Бұл – дискри­ми­нация. Тұтастай өнеркәсіпті белгісіз ерек­шеліктеріне қарай шеттету деген сөз», – дейді Сергей Путра. Маманның айтуынша, еліміздегі токтан айыру, электр энергиясының тапшылығы, майнерлерге деген теріс көзқарас деген секілді көптеген проблемадан соң Қазақстан әлемдегі екінші орнын сақтап қалады деп айту қиын. Мұндай статистика алдағы айда белгілі болмақ. Елімізде майнинг өндірісіне рұқсат болғанымен, криптовалюта сауда­сына заңмен тыйым салынған. Бірақ бізде «Ағылшын құқығына ие» «Астана» халық­аралық қаржы орталығы бар. Оларға конс­титуциялық заң деңгейіндегі криптовалю­таны жеке қарамағына реттеуге құқық бе­рілген. Осы орталықтың базасында крип­то­бир­жаны іске қосу туралы пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұнда қазақстандық азаматтар сауда жасай алатын болады. Мұның барлығы заңды.