Руслан Емелбаев: Қаңтардағы ҰБТ нәтижесімен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алмайсыз
Руслан Емелбаев: Қаңтардағы ҰБТ нәтижесімен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алмайсыз
786
оқылды
Былтырдан бастап елі­мізде Ұлттық бірыңғай тес­тілеу электронды форматта өткізіле бастады. Қазақстан бойынша компьютермен, ка­мерамен, интернетпен то­лық­тай жасақталған 42 тесті­леу орталығы бар. Ал бір­неше күн бұрын қаңтардағы ҰБТ басталды. Ұлттық тес­тілеу орталығының дирек­торы Руслан Емелбаевтан биылғы сынақтың ерекше­ліктері туралы сұрап білдік. – Былтыр алғаш рет ҰБТ элек­тронды форматта өтті. Нәтиже қандай? Дәстүрлі ҰБТ-дан айыр­машылық болды ма? – Электронды ҰБТ-ның ең басты артықшылығы – балаларға ыңғайлығы. Оқушыларға бұл формат ұнайды және өте қолайлы. Бұған дейін балалар кітапшаға белгілеген жауаптарын жауап па­ра­ғына түсіргенде көп қате жі­бе­ріп шатасатын еді. Артынан қан­ша жерден басқа жауапты белгі­ле­генін айтып шағымданса да, біз қол­да бар қызыл парақтағы жауап­тарды ғана қабылдайтын­быз. Электронды ҰБТ-да мұндай кемшіліктер жоқ. Өйткені ком­пьютермен тест тапсыру кезінде бала байқамай жауап берсе, оны өзгертуге мүмкіндігі бар. Басқа пән­­дерге бірнеше рет өтіп, басы­нан бастап бірнеше рет тексеріп шыға алады. Сонымен қатар тес­тілеу күнін түлектердің өздері таң­дайды. Екінші жағынан қоғамға пайдалы. Элек­тронды ҰБТ әділ, ашық өтеді. Еш­қандай жемқорлыққа жол беріл­мейді. Бұрын тест ұйым­дас­тыру үшін еліміздің түкпір-түк­піріне адам жіберіп, оларды қа­дағалап, жергілікті атқарушы ор­­гандармен сөзге келмеуін ба­қы­лайтынбыз. Бұл бойынша жылда бірнеше қылмыстық іс те қозғалды. Сондықтан біз осы тәжірибені тоқтатып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып отыр­мыз. Барлық әрекеттер авто­маттандырылған, цифрлан­ды­рылған. Тестілеу аяқталғаннан кейін түлектер нәтижесін бірден көре алады. 30 минут ішінде апел­ляцияға өтініш беру мүмкіндігі де бар. – ҰБТ-дан кейін камераны бірнеше ай бақылап, тәртіп бұзған түлектердің нәтижелерін жой­дыңыздар. Ата-аналар мен балалар бұл бастаманы қалай қабылдады? – Бұл ҰБТ тапсыру кезінде ашықтықты қамтамасыз ету бо­йын­ша атқарылатын шаралар. Себебі бүгін ҰБТ-дан өту үшін түрлі қулыққа баратын талапкер ертең дәрігер, мұғалім немесе құтқарушы бола отырып, өз жұ­мысын адал атқармауы мүмкін. Осыған байланысты талапкерлер мен олардың ата-аналарын ака­де­миялық адалдыққа шақырамыз. Өкінішке қарай, кейбір ата-ана­лар осы жүйеге қарсы шығып, бей­нежазбалар түсіріп, хаттар жа­зып, тоқтатыңдар деп біраз қар­­сылық танытты. Бірақ қоғам­ның көпшілігі бізді қолдады. Мұндай қатаң талап пен бақылау болуы керек. Тесттің әділ өтуі үшін ере­желер барлығына ортақ деген пікірлер де айтылды. Көп­шілік қауым қолдап жатқаннан кейін осы жұмысты әрі қарай жалғас­тыруымыз керек екенін түсіндік. – Өткен жылдармен салыс­тыр­ғанда бақылаудың күшеюі тес­тілеудің әділ өткеніне кепіл бола ала ма? – Электронды формат ҰБТ-ның барлық қатысушылар үшін объективті әрі әділ өтуін қамта­масыз етті. Мысалы, мынадай ста­тис­тиканы келтірейін. Тесті­леуге кіргізу кезінде тыйым са­лын­ған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 2020 жылы 1 296 түлек ҰБТ тапсыру мүм­кіндігінен айырылса, 2021 жылы мұндай 758 жағдай тіркелді. Ережелерді бұзғаны үшін 2021 жылы тестілеу кезінде аудиториядан 1 254 адам шығарылды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 187 адамға көп. Тиісінше, олардың нәтижелері жойылды. Яғни, бақылаудың күшеюі тест тапсырушының ака­де­миялық адалдықты сақтауын қамтамасыз етті. – Ал қаңтардағы ҰБТ кімдерге арналған? Қанша адам тапсыруға өтініш білдірді? – Еліміз бойынша қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсыруға 104 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінде, 95 пайызы – биыл мектеп бітіретін түлектер. Қалған 5 пайызы былтыр шектік балға қол жеткізе алмай қалып, шартты түрде оқып жүрген сту­денттер. Бұл жолғы сертифи­кат­пен мемлекеттік грантқа қатыса алмайсыз, бірақ шектік балдан ассаңыз, ақылы оқуға жарайды. Сонымен қатар ҰБТ-ның атмос­ферасын сезініп, біліміңізді бір пысықтап алатын мүмкіндік. Ал негізгі, мемлекеттік грантқа қа­ты­сатын тестілеу маусым айында өтеді. Қаңтардағы ҰБТ Қазақстан бойынша 42 тестілеу орталықта өтіп жатыр. Біз қазір барлық санитарлық талаптарды сақтап, аудиторияның тек 50 пайызын тол­тырдық. Тест тапсыруға кірер­де балалардың дене қызуын өл­шеп, барынша сақтық шараларын қолға алдық. – Биылғы ҰБТ-да қандай өз­герістер бар? – Биылғы ҰБТ-ның ең басты ерекшеліктерінің бірі тестілеу «1 компьютер -2 камера -1 тесті­лену­ші» қағидаты бойынша жүр­гізі­леді. Көп оқушы «Екінші ка­мера деген не?» деп түсінбей жатыр. Екінші камера дегеніміз – фронталды камера. Оны ор­натудағы басты себеп – тұлғаны сәйкестендіру. Фронталды камера монитордың үстінде орналасқан. Оқушы келіп отырғанда веб-камера талапкердің жеке басын анықтап, ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар тестіленушінің дыбысын жазып, қозғалысын да тіркейді. Айта кететін тағы бір өзгеріс ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге 2022 жылы қо­сымша уақыт берілді. Көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функ­циялары бұзылған талапкерлерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек қосымша 40 минут беріледі. Яғни, олар ҰБТ-ны 4 сағат 40 минут ішінде, басқаларға қарағанда ұзағырақ тапсыра алады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар та­лапкерлерге арналған тапсырма­лардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін суретсіз, сыз­баларсыз және диаграммалар­сыз тест нұсқалары жасалды. Бұл өзгерістер ҰБТ тапсыруды айтар­лықтай жеңілдетеді. Тапсыратын пәндер саны өзгерген жоқ. Бірақ биылғы ҰБТ-ның базасына «Қа­зақстан тарихы» пәні бойын­ша контекстік (мәнмәтіндік) тест тапсырмалар енгізілді. Басқа пән­дерге де бұл бағыт жүріп жатыр. Бұл жерде қаңтардағы, наурыздағы және жаздағы ҰБТ-да әртүрлі база болады деген қағида жоқ. Біздің қазіргі ең басты ұстанымымыз балаларды жаттауға негізделген сұрақтардан арылту. Тіпті, қазан айында Ұлт­тық тестілеу орталығының ресми сайтына 2022 жылғы тест тап­сыр­маларының базасы құрас­ты­рылған оқулықтардың тізімін жариялағанбыз. – ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн сабақтар өткізіп жатыр­сыздар. Оқушылар қызыға ма? – Министрлік тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Түлек­тердің ҰБТ-ға дайындығын Ұлт­тық тестілеу орталығы білім беру орталықтарымен бірлесіп екінші жыл өткізіп отыр. Былтыр 376 сағат онлайн сабақ өткізілді. Оған еліміздің барлық өңірінің мектеп түлектері қатысты. Олар қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, математика, химия, био­логия, физика, география және басқа да пәндер бойынша дайын­дықтан өтті. Биыл өткен жылмен салыстырғанда түлек­терді қабыл­дау емтихандарына дайындауға қатысып жатқан білім беру орта­лықтары мен онлайн платформа­лар саны артты. Жоба бюджет қа­ражатын жұмсамай іске асы­рыл­ғанын атап өткім келеді. Са­бақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында тікелей эфирде өткізіледі. Онлайн сабақ­тың барлық эфирі сақталады, яғни оны талапкер кез келген уа­қытта көре алады. Жақсы бас­тамаға ата-аналар да, оқушылар да қызығушылық танытып отыр. – Электронды ҰБТ-ны елді мекендер, ауылдық жерлердегі оқушыларға тапсыру қиынға соғып жатқан жоқ па? – Еліміз бойынша 42 тестілеу орталығы бар. Балалар тест тап­сыру күнін өздері таңдап, сайтқа өтініш қалдырады. Тіркелу ке­зінде уақытын, жақын орталығын өз ыңғайына қарай белгілейді. Сондықтан түлектер тест тап­сы­ру­ға өздері келуі керек. Бұрын­ғыдай ата-анасын артынан ертіп келіп, ғимараттың алдына тұр­ғызып қоймайды. Ауылдағы мек­тептің оқушылары аудан орта­лықтарына барып тапсырады. Таңертең келуге үлгермесе, түстен кейінгі уақытта тапсыра алады. Бұл орталықтарды ашқанда ба­лалардың саны, жолдың жағдайы, барлық факторлар ескерілді. 42 пункттің барлығына бірдей жағ­дай жасалған. Интернет, ком­пьютер, камера, санитарлық та­лаптар 100 пайыз бірдей. Аста­надағы Тәуелсіздік сарайындағы орталыққа қарап облыстағы кез келген аудандық пунктке бар­саңыз да жағдайлары бірдей. Орындықтары, үстелдеріне дейін. Еш айырмашылық жоқ. Сондай-ақ біз еліміздегі барлық тест тап­сырушымен тығыз байланыста болуға тырысамыз. Олардың ыңғайы үшін әр талапкерде өзінің электронды жеке кабинеті бар.Тест тапсырушы бір проблемаға ұшыраса бізге әлеуметтік желі­лерге немесе call-орталыққа жү­гіне алады. Біз оларға көмек бе­руге, әрқашан олардың жағ­дайын түсінуге дайынбыз. Себебі орта­лық үшін ең бастысы тест тапсырушыға қолайлы жағ­дай жасау. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН