Көліктерді заңсыз сатқан қылмыстық топқа қатысты сот басталды
Көліктерді заңсыз сатқан қылмыстық топқа қатысты сот басталды
Фото: yujanka.kz
386
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот басталды. Бұл топ автокөлік контрабандасымен айналысқан деген күдік бар. Атап айтқанда, жалған кеден құжаттары бойынша Ресейден Қазақстанға қосалқы бөлшектердің орнына автокөлік тасымалдаған.

Солтүстік Қазақстан облыстық экономикалық тергеу жөніндегі департаментінің мәліметінше, тінту барысында  қоймадан 60 автокөлік (54-і – жеңіл, 6-уы – жүк көлігі), жалған құжаттар мен техпаспорттар және Ресей Федерациясының номерлері табылған. Мемлекетке келтірілген шығын шамамен 650 миллион теңге шамасында.  Бұл топ 2019 жылдың басынан бастап 2021 жылдың ақпанына дейін екі жыл бойы Ресейден Жапонияның рулі оң жақта орналасқан көліктерін елімізге заңсыз енгізіп, кейін сатқан. Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іс бойынша төрт адам сот алдында жауап беруде. Олардың біреуі – Ресей азаматы. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің төрт бабы бойынша айып тағылды: трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, экономикалық контрабанда, көлік құралының номерін қолдан жасағаны, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырғаны үшін. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатқан іс 121 томнан тұрады.

Солтүстік Қазақстан облысы