Қызылжарлықтар жылуға мұқтаж
Қызылжарлықтар жылуға мұқтаж
© коллаж: Елдар Қаба
399
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­лысының орталығы – Петропавл қаласын жы­лумен қамтамасыз ететін №2 жылу-электр орта­лы­ғының құрал-жабдығы қаусап тұр. Соның салда­рынан соңғы екі жыл бойы кәсіпорын апаттан көз аш­пай отыр. Әсіресе, биылғы қыс басталғалы қызыл­жар­лықтар дір­дең­деп отыруға мәжбүр. Жы­лыту маусымы бастал­ғалы 3-4 рет рет апат сал­дарынан қала жылу­сыз, ыстық сусыз және жарық­сыз қалды. Тіпті, әлеумет­тік нысандар да дұрыс жы­лытылмайды. Петропавл қаласындағы Н.Крупская атындағы №10 орта мектеп оқушылары қыс басталғалы тоңып-жаурап жүрген еді. Мұнда температуралық режим мүлдем сақталмаған: 14-16 градус. Қызы осы мектепте 3-сыныпта оқитын Наталья Апретова «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақ­стан облыстық филиалында облыс­тық білім басқармасының басшысы Назыр Азаматұлы өткізген қабылдауға келіп, осы мәселені көтерді. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Назыр Жәші­беков түсіндіргеніндей, ыстық суға арналған сорғының істен шығуына байланысты осындай жағдай орын алған. Мектептің жылу торабы толығымен авто­маттандырылған екен. Сондықтан сорғы жұмысын қолдан реттеу мүмкін болмаған. «Былтыр шілдеде автоматтандырылған жылу торабын орнату жобасына конкурс жарияланды. Тамыз айында жылу торабы орнатылып, су беру және оның температурасы автоматтандырылды. Сондай-ақ жылыту жүйесі тығыздалып, жуылды. Жы­лы­ту маусымы басталған кезде ешқандай қиындық туындамаған болатын. Ал сорғы істен шыққаны анықталған соң жылу торабы тексеріліп, су беретін сорғыны ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл сорғы жуырда алмастырылды», – деді Назыр Азаматұлы. Оның айтуынша, бүгінде білім ошағындағы температуралық режим қалпына келтірілді әрі санитарлық талаптарға сай. Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Наталья Апретованың айтуынша, жылумен қамтамасыз етушілер мектептердің жылу жүйесінің қызмет ету мерзімі 25 жыл екенін айтқан екен. Ал Петропавл мектеп­терінің жылыту жүйесі іске қосылғалы 40 жылдан асқан. Жылу берушілер жүйені автоматтандыру туралы талап қойған. Мектеп директорлары айыппұл төлемес үшін талапты орындаған.

БАЛАБАҚШАДАҒЫ ЭЛЕКТР ЖЫЛЫТҚЫШТАР ҚАУІПТІ

Есесіне «Ақ бота» балабақшасының тәрбиеленушілері жақ жүндері үрпиіп, тоңып жүр. Ата-аналар білім ошағының суықтығына шағымдануда. «Ақ бота» балабақшасындағы температуралық режим туралы мәселе көтеретін кез келді. Әр топта қос-қостан электр жылытқыш­тары жұмыс істеп тұр. Әр жылу беру маусымы сайын қайталанатын жағдай осы. Бұл қауіпсіздік шараларына сай емес. Жыл сайын жаз болса балабақша жөндеу жұмыстарына бір айға жабылады. Алайда неге екені белгісіз, топтар жылытылмайды. Балабақша басшылығы да, қалалық білім бөліміндегілер де жағдайдан хабардар, алайда ешқандай шара қолданып отырған жоқ. Балалар тоңатындарын айтып келеді. Суықтың салдарынан бүлдіршіндер жиі ауырады. Әр топта балалардың жартысы да жиналмайды», – дейді баласы осы балабақшаға баратын петропавлдық тұрғын. Өкінішке қарай, ол кейін тәрбие­шілер жазаға ұшырамасын деген ниетпен, атын атағысы келмеді. Ол балабақшаға жөн­деу жұмыстарын жүр­гізген кезде қабырға­ларын жылыту немесе жылытылған еден орнату туралы ұсы­ныс жасады. Себебі баласы бәрінен де аяғы қатты тоңа­тын айтып шағымданады екен. Балалар ұйық­таған кезде де электр жылытқыштары сөн­діріл­мейді. Бұл қауіп­сіз емес. Бүлдір­шіндер қалың киініп жүруге мәжбүр. Облыстық Білім басқармасының басшысы Назыр Жәшібеков бұл мәселе қарастырылып жатыр дегеннен ары аспады. Ал қалалық білім бөлімі «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-да болған апаттарға байланысты шынымен де жылу мөлшерден аз беріл­генін мойындады. 2021 жылы жүргі­зіл­ген энергоаудитке сәйкес биыл жазда балабақшаның есік-терезелері қым­талатынын жеткізді. Ауруханалардағы да жағдай аса мәз емес. Жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханада жатқан науқастың бірі жуырда әлеуметтік желілерде терезелердің көрпе­мен қымталған суретін жариялап, бөлім­шенің суық екенін жазды.

КӘСІПОРЫН ЖАБДЫҒЫ ҚАУСАП ТҰР

Электр жылытқыш демекші, биылғы қыс петропавлдықтардың дені соның көмегімен жылынуға мәжбүр. Жылу-электр стансасы қайта-қайта істен шығуда. Айдың соңында «екі жеп, биге шығатын» да – осы кәсіпорын. Себебі тұтынушылар жылу үшін де, электр жарығы үшін де еселенген төлемақы төлеуге мәжбүр. «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамы­ның құрал-жабдығы әбден ескірген. №2 жылу-электр орталығының директоры Ержан Қоңырбаев кәсіпорынның құрал-жабдығы қаусап тұрғанын мойындады. Оның айтуынша, стансаның қазандық агрегаттары 75 пайызға тозған. Қайта-қайта істен шыға беретін қазан­дықтары үнемі жөндеу үшін тоқтатылады. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз хатшысы Лилия Шеринаның айтуынша, күз-қыс мезгілінде қаланы жылумен толық­қанды қамтамасыз ету үшін 8 қазандық ұдайы жұмыс істеп тұруы керек. Бірақ биыл апат кезінде солардың бесеуі ғана іске қосулы болды. Жуырда тағы бірнеше қазандық жөнделеді. Құрыл­ғанына былтыр 60 жыл болған жылу-электр станса­сының бекітіл­ген қуатты­лығы электр энергиясы бойынша – 541 МВт, жылу энергиясы бойынша – 713 Гкал/сағ. Кәсіп­орын басшылығы инвес­тициялық бағдар­лама аясында құ­рал-жабдықтың біразы жаңартылғанын айтты. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, былтыр жылу-электр стансасын жөндеп, қайта жаңғыртуға 3,7 миллиард теңге бағыт­талып­ты. Бұл қаржыға 12 қазандық пен 7 турбоагрегат жөнделіпті. Солардың арасында биыл бірнеше рет істен шыққан №1, 5, 6, 7, 9, 12 қазандықтар да бар. Айта кету керек, №5, 7 қазандықтарды күрделі жөн­деуге қыруар қаржы жұмсалған. Бірақ солардың өзі жарамсыз болып, қазір неліктен қайтадан жөнделіп жатыр деген сұрақ туындайды.

ИНВЕСТИЦИЯ ЖҰМСАЛҒАНЫ РАС ПА?

Кәсіпорын басшылығы әбден тозған­дықтан ілдәлдалап тұрған құрал-жабдық та бар екенін жоққа шығармайды. Соның салдарынан кәсіпорынның қаншама жұмысшысы зардап шекті, көз жұмғандар да бар. Күні кеше апат салдарынан тағы бір жұмысшы көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Бақыт Ілиясовтың айтуынша, энергетиктер биыл кәсіпорынды жөндеу, қайта жаңғырту және жаңартуға 9,5 миллиард теңге жұмсамақ. Бұл қаржы да құрдымға кетіп, жөнделген қазандықтар ертең сынып қалмасына кім кепіл? Қызыл­жарлық­тардың бағына қарай, биылғы қыс аса қытымыр емес, жайлы болып тұр. Әйтпеген күнде 90-жылдардағыдай қабыр­ға­ларына мұз қатар ма еді, қайтер еді? Қазір пәтерлер қоңыр салқын. Көпшіліктің бұған бойы үйреніп те алды. «Апат болған кезде салқын пәтерлерде отырдық. Электр жылытқыштарын қосуға мәжбүр болдық. Ертең электр жарығы үшін еселенген төлемақы төлейміз. Монополистің ұпайы түгел. «Жапалақты таспен ұрса да, жапалақ өледі. Жапалақпен тасты ұрса да, жапалақ өледі» дегеннің кері. Зардап шегіп отырған – қарапайым тұтынушылар. Неліктен жылу үшін қайта есептеу жүргізбеске?» деген пікірін білдірді қала тұрғыны Торғын Қажымұрат­қызы. Есесіне қалада құрылыс қарқыны да ұл­ғая түсті. Жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерге жылу-электр станса­сының қуаты жетеді дегенге тұрғындардың күмәні бар. «Жылу және электр желілерінің қуа­тына қатысты мәселені бас жоспар бекі­тілген соң қарастыру керек. Бұл мәселені тиісінше зерттеп-зерделеп, қуаттылықты арттыруды немесе жаңа станса салуды ойластыру қажет. Бұл жұмысты атқаратын боламыз», – деп сендірді облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев. «№2 жылу-электр орталығында апат болғанын, электр жарығы мен жылу беруде іркілістер болғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар биыл қаржыландыру екі есеге артқанын да байқадық. Ендеше ал­дағы уақытта мұндай кемшіліктер болмайды деген үміт бар», – деді облыс әкімі Құ­мар Ақсақалов. Лайым солай болғанын қалайтын петропавлдықтар да осы болжамға сенгісі келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы