Төрт күнде тірлік тына ма?
Төрт күнде тірлік тына ма?
© коллаж: Елдар Қаба
415
оқылды
Испания, Исландия, Финляндия мен Біріккен Араб Әмірліктері қысқартылған жұмыс аптасына көшті. Жақында бұл тізімге Бельгия да қосылды. Зерттеу нәтижелері бойынша, мұндай өзгерістен қызметкерлердің жұмыс сапасы артпаса, кемімеген. Осы­лайша, адам капиталын бірінші орынға қоятын Еуропа елдерінің тәжірибесі көп жұмыс істеуден гөрі тиімді еңбек етудің жөн екенін көрсетті. Төрт күндік жұмыстың тиімділігі қандай? Қазақстан қысқартылған жұмыс аптасына өтуі мүмкін бе? «Төрт күн жұмыс істейді екен» деген жаңалықты естігенде елең етпеген жан болған жоқ. Жүйелі түрде, кезең-кезеңімен бұл межеге ұмтылып келе жатқан елдердің тәжірибесіне қызығып қарай­тындар баршылық. Төрт күндік жұмыс дегеніміз – аптасына 32 са­ғат жұмыс істеу. Бұл бүгін ғана басталған құбылыс емес, Хал­ық­аралық еңбек ұйымының ұсыны­сымен осыдан он шақты жыл бұ­рын жаппай етек алған болатын. Тарихқа көз салсақ, бұл режим өткен ғасырда пайда болған. Англия­лық Roundpay Metal Finishers компаниясы 1965 жылы апта­сына төрт күндік жұмыс режимін енгізген. Аптадағы жұмыс күнін қыс­қарту арқылы компания бас­шылығы әлеуметтік және комму­налдық шығынды азайтпақ болып­ты. Бірақ аптасына 40 сағат жұмыс сақталған, яғни жұмадағы уақыт қалған күндерге бөлінген. Ком­пания сол кездегі есебінде бұл тә­жірибе сәтті болғанын жазған. Кейін мұндай бастаманы көптеген ірі компаниялар да қолданып көріпті.

Күйзеліспен күрес

Соңғы он жылда төрт күн жұ­мыс істеуге ауысқандар не ауысуға тырысқандар көп болды. Әсіресе, пандемия басталғалы дәстүрлі фор­матта жұмыс істеудің кемші­лік­тері байқалды. Осы жағдайға байла­нысты Жаңа Зеландия, Жа­пония мен Ұлыбритания елдері төрт күн­дік жұмыс аптасына кө­шудің жол­дарын қарастыра бас­тады. Олар­дың бұл мәселеге деген қызы­ғушы­лы­ғын оятқан Microsoft ком­пания­сының Жапониядағы фи­лиалының зерттеу нәтижесі. Атал­ған компа­ния 4 күндік жұмыс ап­тасына көш­кеннен кейін қыз­мет­кер­лердің өндірістік қуаты 40 па­йыз­ға артып, электр мен жылуға кет­кен қаражат үнемделген. Қағаз да аз жұмсалған. Жұмысшылар бұ­рынғыдан 25 пайызға аз сұра­ныпты. 2018 жылы Жаңа Зеландиядағы Perpetual Guardian компаниясы да тәжірибе жасап көрді. Компания­ның 240 қызметкері аптасына төрт күн 30 сағат жұмыс істеуге көшкен. Нәтижесінде, жұмыс уақыты азай­ған қызметкерлер пайда көп түсіре бастаған. Яғни, жұмыс­шы­лар бел­сенді бола түскен. Жұмыс бары­сындағы кездесулер де азайған, себебі қызметкер барлық міндетін орындау үшін уақытты үнемдеуге көшкен. Сонымен қатар қызмет­кер­лердің күйзеліске түсуі 45-тен 38 пайызға азайған. Ал жұмыс пен жеке өмір арасындағы үйлесім 54-тен 78 пайызға артқан. Осы тәжі­рибені бағалағаннан кейін ком­пания толығымен төрт күндік жұ­мыс аптасына ауысқан. Бірақ бар­лық қызметкердің жалақысы сақ­талған. Өндіріс деңгейі көте­рі­ліп, табыс қысқармаған, есесіне компания энергия, коммуналдық шығынын азайтыпты. Кейбір ел­дерде 32 сағаттық жұмыс жүйесіне көшкеннен кейін жұмысшылардың өндіріс, тұрмысқа деген ынтасы күшейіп, жанұясына көңіл бөлетін уақыты артып, ағайын-туыста­рымен қарым-қатынасы жақсара түскен. Бұл өз кезегінде рухани қы­сым мен күйзелісті азайтып, жұ­мыс­шылардың жүйке ауруына шалдығуын төмендеткен. Шыны керек, қызметкерлер үне­мі жетістікке жетемін деп уа­қыт өткен сайын қажиды, стреске түседі. Дәрігер Мыңжылқы Бер­діқожаевтың айтуынша, ке­лешек – төрт күндік жұмыс апта­сында. Өйткені бұл режим азамат­тардың денсаулығына назар ауда­руына, кәсіби тұрғыда дамуына, жұ­мыс тиімділігінің артуына оң ық­пал етеді. Бұдан бөлек, бос уа­қыты артқан жұмысшылар спорт­пен шұғылдануына мүмкіндік алады. Дәрігерлер ұзақ жұмыс кү­ні­нің салдарынан әлемде жыл са­йын 700 мың адамның түрлі ауруға ұшы­райтынын дәлелдеді. Ал 4 күн жұ­мыс істеп, 3 күн демалатын Ис­ландия, Жапония халқының өмір сүру жасы ұзақ. – Адам демалған кезде, бірін­шіден, миын тынықтырады. Істе­ріне байыппен қарап, ақылға са­лады. Осының нәтижесінде, ты­нық­қан жұмысшы инновацияға ұмтылып, жаңашылдықтарды жү­зеге асыруға тырысар еді. Бұл өз кезегінде адамның өмір жасын ұзарта түседі, – дейді дәрігер. Әрине, 4 күндік жұмыс аптасы­на көшсек, жалақы азайып, 3 күн қосымша жұмыс істеуге тура келеді де, тұрмыстың қысымы одан ары ауырлап кетеді деп қарайтындар да аз емес. Бұл жағдай көрші Ресейде жасалған тәжірибеден байқалды. Ресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мәліметінше, Ресей халқының 48 пайызы бес күндік жұмыс күні қала бергенін қалайды екен. Себебі олар жұмыс аптасы қысқарса, жалақы азаяды деп ой­лаған. Ал төрт күндік жұмыс күніне өту сауалнамасына қатысқан­дар­дың 29 пайызы қолдаса, 17 пайызы бәрібір деген сыңай танытқан. Тек Мәскеу мен Санкт-Петербург тұр­ғындары ғана төрт күндік жұмыс аптасына өтуді қуана қолдаған.

Еңбек нарығы дайын ба?

Қолданыстағы еңбек заңна­масы бойынша, егер жұмыс беруші қарсы болмаса, аптасына төрт күн жұмыс істеу мүмкіндігі біздің елі­мізде де бар. – Қазір заңнама бойынша төрт күн жұмыс істейміз деген меке­ме­лер мен қызметкерлерге ешқан­дай кедергі жоқ. Қызметкер жұмыс бе­ру­шімен арнайы келісімшарт жа­сау арқылы толық емес жұмыс аптасына ауыса алады. Еңбек ко­дексінде бұл мәселе жан-жақты қа­ралған. Ал жұмыс берушінің жа­лақыны өзгер­туге мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл жағдай қыз­меттің өнімділігіне тиімді болса да, мате­риалдық жа­ғынан шығын әкелуі әбден мүм­кін, – дейді «Ең­бек ресурс­тарын дамыту орталығы» АҚ департамен­ті директоры Ера­сыл Жұманбаев. Иә, 32 сағаттық жұмыс режимі мектептер мен емханалардың қыз­мет жүйесіне кері әсер етуі де мүм­кін. Бірақ ғылым мен техника бү­гінгідей дамыса, болашақта көпте­ген елдер 4 күндік жұмыс аптасына көшетіні анық. Сондықтан еліміз де бұл әдісті қазірден бастап сы­нақ­тан өткізгені абзал. ҚР Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес, жұ­мыс уақытының қалыпты ұзақ­тығы аптасына 40 сағаттан аспауы керек. Алайда, елімізде кодекстегі осы норма жиі бұзылады. Өйткені көптеген жұмыс берушілер қызет­керлердің көз алдында жұмыс іс­теп, ұзағырақ жүргенін қалайды. Мем­лекеттік мекемелер мен кей­бір кәсіпорындардың қызмет­кер­лері жұмыс уақыты бітсе де түнімен қалып жұмыс істейді. Демалыс күндері де жұмысқа шығатындар бар. Ал қызметкерлер демалып, отбасына көңіл бөлгісі келеді. Мұ­ның соңы екі тараптың түсініспеу­шілігіне, еңбек кикілжіңіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан 4 күндік жұмыс аптасына көшу осы мәсе­лені ұтымды шешуге үлкен септігін тигізер еді. Алайда әлеуметтанушы Шыңғыс Төрездің пікірінше төрт күндік жұмыс тәжірибесін дәл қа­зір елімізге әкелу тиімсіз. Дамыған елдердегі еңбек өнімділігін Қа­зақстанмен салыстыруға келмейді. Себебі экономиканың даму қар­қыны мен жұмыс күшіндегі айыр­машылықтар жер мен көктей. – Егер барлық мекемелер жап­пай қысқартылған жұмыс апта­сына ауысса, әр мекеме еңбек өнім­ділігін арттыруды өздерінше қа­растырар ма еді. Ал жеке кәсіп­керлік 4 күн істеп, мемлекеттік ме­­кемелер 5 күн жұмыс істесе, жағ­­дай оданда қиындай түсуі мүм­кін. Сондықтан төрт күндік жұмыс тиім­ді болса да, Қазақстанға әлі ерте, – дейді DATAmetrics консал­тинг компаниясының сарапшысы Шыңғыс Төрез. Қазір еліміздегі әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. От­басы институтының әлсіреуі бала тәрбиесіне де кері әсерін тигізуде. Тіпті, қаладағы қазақ пен ауылдағы ағайынның арасы алыстап кеткелі қашан? 3 күндік демалыс жердің шалғайлығына қарамастан туыс­тар­дың арасын жақындатар еді. Шыңғыс Төрездің айтуынша әр азамат өмірінің 30 пайы­зын ғана жұмысқа арнап, қалған 70 пайызын жеке дамуына бөлуі ке­рек. Сонда еліміздегі адам капи­талы да дами­ды. Ал бұл дәрежеге жету үшін жұ­мыс процестерін реттеуіміз қажет. Әлем бұрын 6 күндік, кейін 5 күндік жұмыс аптасына көшкенін ескерсек, болашақта 4 күндік жұ­мыс аптасына көшудің де ауылы алыс емес. Қаптаған ақпарат ағы­ны мен жұмыстағы стресс адам­дарды рухани күйзеліске түсіруде. Егер кез келген қызметкерге бір аптаның тірлігін төрт күнде істеп, демала бер десе, ол жұмыста іс­тейтін артық тірлігін тияр еді. Осы­лайша, бес күннің жұмысы төрт күнде де бітеді. Сондықтан елі­міздің ең бірінші байлығы адам ка­питалы екенін естен шығарма­ғанымыз абзал.