Қордай оқиғасы: тағы үш адамға үкім шықты
Қордай оқиғасы: тағы үш адамға үкім шықты
Фото: informburo.kz
619
оқылды
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктің үш қатысушысына үкім шығарды. Олардың бірі тәртіпсіздіктерге қатысып, ұрлық жасады деген айыппен сотталды. Тағы біреуі – тәртіпсіздіктерге және тонауға қатысып, мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылды. Үшіншісі – тәртіпсіздіктерге қатысқаны, екі немесе одан да көп адамды өлтіргені және өлтіруге оқталғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жамбыл облысының ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушылар ұзақ уақыт іздеуде болған. «Сотталғандардың кінәсі іс бойынша жиналған түрлі айғақтармен: жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары, сот-медициналық және өзге де сараптамалардың қорытындылары, оқиға болған жерді қарау хаттамалары, оларды тексеру және нақтылау хаттамалары және басқа да заттай айғақтар арқылы дәлелденді» деп жазылды ресми хабарламада. Сотталушылардың бірі 6 жылға, екіншісі 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үшіншісі сот үкімімен екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру себептерімен айыпталып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетсек, 2020 жылдың ақпан айында Қордай ауданында тұрғындар арасында топтасқан сипаттағы қазақ пен дүнген халқы өкілдерінің арасында қақтығыс болған еді. Қақтығыс Аухаттин, Масанчи және Сортөбе ауылдық округтерінің аумақтарын қамтыды. Тәртіпсіздіктерге мыңға жуық адам қатысып, қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тапты, 160 адам медициналық көмекке жүгінді.