Алматы облысында такси жүргізушісі оқушы қызға шабуыл жасады
Алматы облысында такси жүргізушісі оқушы қызға шабуыл жасады
Сурет: tamlife.ru
348
оқылды

Алматы облысында 14 жастағы қызға шабуыл жасаған такси жүргізушісі қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy сайты.

Талғар ауданында полицейлер 14 жастағы оқушы қызға қатысты жасалған қарақшылық қылмыстың бетін ашты. Қылмыс жасады деген күдікпен таксист болып жүрген ер адам ұсталды. Күдікті өзін «қаржылық қиындықтарға байланысты тонау туралы шешім қабылдадым» деп ақталмақ болған.
«19 наурызда Талғар полициясына Қарабұлақ ауылындағы жеке үйге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Үйге кіріп келген бөтен адам жасөспірім қызды пышақпен қорқытып, ақша мен алтын талап еткен. Қатты қорыққан қыз бала шыңғырып жылай бастаған, сол кезде үйді ақтарып үлгерген қылмыскер сейфтен табылған аңшы мылтығы мен 50 оқ-дәріні алып, қашып кеткен», - делінген полиция хабарламасында.
Тергеу барысында полицейлер күдіктінің ақ түсті шетелдік көлік тізгіндегенін анықтады.
«Жедел қызметкерлер жүздеген көлікті тексергеннен кейін көршілес Белбұлақ ауылының 45 жастағы тұрғынының жалға алған Hyundai Accent көлігін тапты. Ер адам жалдамалы көлікпен жолаушы тасумен айналысқан. Санкцияланған тінту барысында оның ата-анасының үйінен ұрланған қару табылды. Күдіктінің айғақтарына қарағанда, ол таныстарын іздеп жүріп, абайсызда басқа үйге кіріп кеткен. Алайда ұйықтап жатқан қорғансыз жасөспірімді көріп, үйді тонамақ болған. Ол ақшалай қарызға батып жүргенін, сол себепті қылмыс жасағанын айтты», - деді полиция өкілдері.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат бұған дейін де осындай қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ тонау кезінде өзі көшеде қалдырып кеткен көлік салонында оның әйелі мен нәрестесі болғаны анықталды. Әйелдің қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде. Аталған дерек бойынша «Тонау» және «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау немесе қорқытып алу» баптары бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.