4 спутник қаланың тағдыры не болмақ?
4 спутник қаланың тағдыры не болмақ?
348
оқылды
Алматының агломерациялық ахуалының әңгіме болып келе жатқанына да біраз жыл болып қалды. Қаланың бас жоспары да неше рет өзгерді. Себебі біреу-ақ. Мегаполистің соңғы жылдары асқан жылдамдықпен қарқын алып келе жатқан урбанизациямен ұдайы бетпе-бет келіп отыруы. Осы мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде бірнеше жыл бұрын Алматы мен Қапшағай қалалары арасында төрт серіктес қала салу мәселесі көтерілген болатын. Төрт бірдей спутник қаланың орналасатын жер аумағы Алматы облысына тиесілі. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде жаңадан үш облыс құрылатынын айтты. Соның бірі – қазіргі Алматы облысын екіге бөліп, қай­та құру. Алдағы екі айдың ішінде барлық тиіс­ті құжат реттеліп болған соң Алматы облы­сының аумағы Алматы және Жетісу облыстары болып, жеке шаңырақ көтермек. Облыс бө­лі­нер-ау, 4 спутник қаланың жайы не болмақ? Әрі қарай жоба жалғасын таба ма? Аймақ екіге бөлінген соң бұл қалалардың құрылысы мен болашағына тікелей кім иелік етпек? 2007 жылдары ел Үкіметі Алматының қа­сынан төрт серiктес қала салу жоспарын көп­шілікке таныстырған. Болашақта салынады де­ген төрт спутник шаһарға Gate City – iскерлiк және қаржы орталығы, Golden City – мәдениет және бiлiм орталығы, Growing City – өнеркәсiп және логистикалық орталық, Gereen City ту­ризм және демалыс орталығы деп атау да беріп қойған. Ол сол кездегі 2008-2010 жылдарға ар­налған мемлекеттiк тұрғын үй бағдар­ламасына да енгізілген болатын. Төрт қаланы салуға оңтүстіккореялық құрылыс компаниясымен келісімшарт та жасалған. Бірінші серіктес қала бес жыл ішінде бітсе, қалғаны жалпы мерзімі 15 жылда аяқталады деп күтілген. Содан бері де бірнеше жыл өтті. Әзірге бой көтерген қала, қоныстойын тойлаған тұрғын жоқ. Еліміздің Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігінің мәліметінше, аталған серіктес қалаларды салу жоспары әлі де өз күшінде. Бірақ алғашқы қаланың құры­лы­сын аяқтау 2031 жылға дейін шегерілген. Ен­дігі мәселе Алматы облысының аумағы жа­қында екіге бөлінген соң жоспардағы шағын қалалардың тағдыры қалай болмақ? Көкейдегі сауалға жауап алу мақсатында Алматы облыстық әкімдігіне хабарластық. «Негізінен, 4 спутник қала салу жобасы күн тәртібінен түскен жоқ. Оның алғашқы қадам­дары да жасалған. Мәселен, бірінші қаланың алғашқы 4 тұрғын үйінің құрылысы жүріп жатыр. Қажетті инфрақұрылымдар жүргізілген. Ал «облыс екіге бөлінген соң қалай болады?» дегенге келер болсақ, аумақтарды бөлу норма­ларына сәйкес, бұл қалалардың аумағы жаңа­дан құрылып, орталығы Қапшағай қаласы бо­ла­тын Алматы облысының аумағында қалып қояды. Ары қарайғы жұмыстармен осы жаңа облыс айналысатын шығар», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Ербота. Атауы өзгермегенімен, аумағы қайта жа­сақталатын су жаңа Алматы облысының ал­дында тұрған кезек күттірмейтін мәселенің бірі де осы болатын шығар. Әу баста бұл 4 қала шетелдік инвесторлардың қаржысымен салынатын болған еді. 2017 жылы сол кездегі Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Асқар Мамин жобаға инвестиция тар­туға бар жағдай жасалғанын, қажетті көлік, инженерлік инфрақұрылымдардың дайын еке­нін жеткізген. Сонымен қатар ол «инвестор­лармен белсенді жұмыс істеу қажет. Тікелей инвестицияларды қамтамасыз етуіміз керек» дегенді де айтқан. Қалай болғанда да, жаңа төрт серіктес шаһар ертелі-кеш салынатын сияқты. Ал ол қалалардың тамырына қан жүгірту – о бастағы жоспарға сай Іскерлiк – қаржы, мәдениет – бiлiм, өнеркәсiп пен логистикалық қызмет және туризм мен демалыс орталығына ай­нал­дыру шаруасы жа­ңадан қайта жасақталатын Алматы облысының мойнына тікелей арты­латын сыңайлы.

Алматы