Дуальді оқытудың болашағы бар ма?
Дуальді оқытудың болашағы бар ма?
© коллаж: Елдар Қаба
717
оқылды
Дуальді білім туралы айтып келе жатқанымызға 10 жыл тол­ды. Әу баста ерекше серпінмен бас­талған жоба уақыт өте келе ол­қылықтарын да көрсетті. Орта бі­лім саласындағы мәселелер то­лығымен шешімін тапқан жоқ. Әлі де техникалық бағытта білікті ма­ман тапшы, ал дипломы бар жас­тың жолында кедергі көп. Дуальді оқыту жүйесі 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Соңғы 2 жарым жылда бағдарлама бойынша білім алатын колледж студенттерінің саны екі есе өскен. Мысалы, 2021 жылы бұл көрсеткіш 206 мың студентке жетті. Жоба арқылы студенттер бір мезетте колледжде теорияны оқып, өн­дірісте практикалық білім алады. Яғни, оқу орны кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатады. Оқытудың бұл форматы практи­калық жұмыс тәжірибесі бар білікті және сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүм­кіндік береді. Бүгінде еліміздегі  536 колледж аталған бағдарлама бойынша білім береді.  Және де 166 мамандық  бойынша маман даярланады. Олар­дың ішінде металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс және мон­таждау, сервис, экономика, көлік және тағы басқа мамандықтар бар. Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, дуальді оқыту жүйесі білім беру ұйымдарындағы теория­лық оқытудың 40%-ын және өндірістегі оқу тәжірибесінің кемінде 60%-ын қамтиды. – Кейбір кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибеден өту кезінде жалақы төлейді. Мысалы, Петропавл машина жасау және көлік колледжі студенттерінің 60%-дан астамы дуальді оқыту аясында нақты орын­даған жұмыстары үшін жалақы алады. 2021 жылы студенттердің орташа жалақысы 58 000 теңге болды, – дейді Насымжан Оспанова. Сарапшылардың пікірінше, дуальді оқытуға көшкелі бітіруші түлектердің жұ­мыс­қа орналасу деңгейі артқан. Себебі сту­дент практикада жүріп жақсы жұмыс істесе, кәсіпорын басшыларының көзіне түседі. Психологиялық жағынан да болашақ маман жаңа ортаға тез бейімделеді. Сондай-ақ студент өндірісте жүрген кезде колледж­дің бюджеттік шығындары да азаяды екен.

Жобаға серпін керек

Алайда дуальді оқытумен білім алған студент кедергісіз жұмысқа орналасып, толыққанды білікті маман болады деу қате пікір. Өйткені бағдарлама аясында оқу орны да, жұмыс беруші мен студент те бірдей жауапкершілік танытуы тиіс. Ал көп жағ­дайда кәсіпорындар тәжірибеден өтуге барған жас маманға оң қабақ танытпайды. Өйткені мамандығынан толыққанды ха­бары жоқ студентке бәрін басынан бастап үйрету, оларды өндіріс орындарындағы құралдармен тегін қамтамасыз ету жұмыс берушілерге тиімсіз. Осылайша, студенттің тәжірибеден өтетін уақыты босқа кетеді. Мұндай кемшіліктің алдын алу тікелей оқу орындарына байланысты. – Дуальді оқу аясында кәсіпорындарға барған әр студентке жеке тәлімгерлер бекі­ті­леді. Ал тәлімгерлікке бір студент үшін тө­ленетін қаржы көлемі аз. Студенттерді прак­тикадан өткізгені үшін қаржы сұрай­тындар да бар. Сондықтан кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтуге арнайы нор­мативтік акт қажет, – дейді Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекболат Маймышев. Жақында қабылданған жаңа ережеге сай енді жұмыс берушілердің дуальді оқытуға жұмсайтын шығындары өтелетін болды. Бірақ бұл да мәселені толыққанды шеш­пей­ді. Болашақ бағдарламасының түлегі Ақерке Абылайханның айтуынша, дуальді оқыту­дың кәсіпорындарға бірден-бір пайдасы – сту­денттерді арзан жұмыс күші ретінде пайдалана отырып, өздеріне білікті маман дайындауы. – Кейбір жұмыс берушілер студент ке­ліп тәжірибеден өтсе, технологиям бұзылып қалады деп қорқады. Ал шетелде студент­терді практикалық оқыту ірі кәсіпорын­дардың есебінен жүзеге асады. Бізде ке­рісінше, мемлекет білім беруі үшін колледж­ге, практикадан өтуі үшін кәсіпорынға қаржы бөледі, – дейді Ақерке Абылайхан. дуальді оқыту Нормативтік-құқықтық актілерге был­тыр енгізілген өзгеріс бойынша студент­тің өндірістік тәжірибеден өткен уақыты оның еңбек өтіліне есептеледі. Орташа алғанда, бұл 6 айдан 1,5 жылға дейін. Осылайша, тү­лектер бұрыннан бар жұмыс тәжірибесімен жұмысқа еш кедергісіз орналасуы керек еді. Алайда Talap коммерциялық емес АҚ пре­зидентінің кеңесшісі Қадырбек Бөрік­бековтің айтуынша, 3 жыл оқыған студент­те мұндай еңбек өтілінің болуы мүмкін емес. Өйткені әр мамандықтың оқу бағдар­ла­масына сай орташа есеппен өндіріске кете­тін уақыт 3-4 айдан аспайды. – Бізде дуальді оқыту жүйесінің аты бар. Бірақ жүйесі қалыптаспаған. Дуальді оқыту­ды 90 пайызға енгіздік. Ал кәсіптік-техни­калық бағыт бойынша оқитын студенттердің са­­ны – 600 мың. Осыншама баланы дуальді оқы­туға біздің кәсіпорындар жетпейді. Дуаль­ді жүйе тек қана жұмысшы маман­дық­тарға ар­налған. Біздікілер жүйе бойынша 90-100 па­йыз жұмысқа орналасты деп есеп береді. Бұл мүмкін емес, – дейді Қадырбек Бөрікбеков. Шыны керек, түлектердің жартысынан көбі тәжірибеден өткен кәсіпорындарға ба­рып жұмыс істемейді. Өйткені бізде өнді­ріс орындары аз. BTS-Education консуль­тан­ты Бауыржан Әбуов өңірлерде болашақ мамандарды даярлау белгілі бір аймақтар­дың қажеттіліктеріне сәйкес жүргізілу қа­жеттігін жеткізді. Мысалы, Қызыл­орда қаласына сантехниктер қажет болса, бірінші кезекте оларды дәл сол жерде оқыту керек және осы тәжірибені өңірлер бойын­ша қолдану керек деп есептейді. – Оқыту жүйесі еңбек нарығының сұра­ныстарынан тыс қалып жатыр және қалып­тас­қан жүйе адамды іс жүзінде жұмысқа да­йын­дамайды. Дуальді білім беру жүйесін жақ­сарту үшін, ең алдымен оқытуды еңбек нарығына байланыстыру қажет, – дейді Бауыржан Әбуов.

Әлемдік тәжірибе

Дуальді оқыту – шет мемлекеттерде, оның ішінде Германия, Аустралия, Швей­цария елдерінде кең таралған. Немістерде жұмыс күшінің нарығы дуальді оқыту тү­лектері арқылы қалыптасады екен. Мәсе­лен, Германияда колледждерде екі күн оқы­са, қалған уақытын кәсіпорында өткізе­ді. Яғни, оқушының жұмыс істеуіне де, кәсібі бойынша білім алуына да тиімді. Әрі бұл мемлекетте дуальді оқыту бағдар­лама­лары 340 кәсіп бойынша оқытылады. Ол үшін студент кәсіпорынға барып, келісім­шартқа отырады. Жұмыс беруші тарап оның колледжде оқитын оқу ақысын төлеп береді. Демек, колледж бен кәсіпорын арасында ортақ байланыс бар деген сөз. Бұдан оқу орны да, жұмыс беруші де ұтылмайды. Әрі студенттің жалақысынан бөлек медицина­лық сақтандыруы мен көлікте жүруге жеңілдігі тағы бар. Кез келген компания үшін дуальді оқы­тудың тиімді тұсы көп. Әуелі мықты кадр­ларды дайындауға қол жеткізе алады. Сөй­тіп, өз фирмасына талантты кадрларды жи­­нақтайды. Бұл – бір жағы. Екіншіден, тү­лек­тер де оқу бітірген соң кәсіпорында жұ­мысқа тұруға мүмкіндік алады. АҚШ, Гер­мания, Швейцария, Ұлыбритания дуальді оқыту жүйесінен ұтпаса, ұтылған жоқ. Табыс екі тарапқа да ортақ. Бір жағы­нан кәсіпорын қаржысы үнемделеді, екінші жағынан қажетті маманды өзі тәрбиелеп алады. АҚШ-та 16 жасқа толған жастарды техникалық мамандықтарға оқытатын ар­найы бағдарлама бар. Ол арқылы оқушы Сол­түстік Каролинада жұмыс істеуге мүм­кін­дік алады. Тегін білім алумен қатар,  оның қосымша табыс табуына да болады. Қазақстанда 2025 жылға қарай техни­калық-кәсіптік мамандықтар бойынша сту­денттердің 100%-ын дуальді оқытумен, ал жұмыс орындарында мемлекеттік тап­сырыс аясында студенттердің 50%-ын қамту жоспарланып отыр. Дегенмен дуальді оқы­туды жаппай енгіземіз деп маман даярлау ісінің  сапасын түсіріп алмауымыз да қажет.