Жаңа жылу электр орталығына зәру
Жаңа жылу электр орталығына зәру
429
оқылды
Петропавл қаласында Наурыз мейрамы қарсаңында опы­рылып құлаған мұржаның жыры әлі таусылар емес. Таусылмақ түгіл ең «қызығы» енді басталғандай. Сол күні құрылған ко­миссия әлі жұмысын аяқтамаса да, бірқатар кемшіліктің беті ашылып жатыр. Күдікті ретінде қамауға алынған жылу электр орталығының директоры мен бас инженері бұл қызметтерінде бір жыл да жұмыс істеп үлгермепті: директор тағайындалғалы 9-ақ ай өтсе, бас инженер бір ай ғана жұмыс істеген. Акцио­нерлер құлаған мұржаны жөндеуге 18 миллиард теңге қаражат қажет деп отыр. Бұл қаржыны кім бөлетіні тағы белгісіз. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас­шы­лығы журналистерді жинап, кә­сіп­орынға пресс-тур ұйымдастыруды сәнге айналдырғалы қай заман. Сонда қазандықтар мен турбиналар, басқа да қондырғылар жаңартылды, жылу электр орталығының еш­қан­дай қиындығы жоқ деп жар сала­тын. Мұның бәрі Потемкин ауыл­дарының кері екен. Мұржа құлаған­нан кейін жүргізілген сараптама нәтижесінде кәсіпорын құрал-жаб­дығының 80 пайызы әбден тозып, қаусап тұрғаны белгілі болды. Сол­түстік Қазақстан облыстық Энер­гетика және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ильясовтың ай­туынша, жылу электр орталығы­­ның негізгі жабдығы 1961 жылы пай­далануға берілген. Соңғы 20 жыл ішінде қазір жұмыс істеп тұр­ған қазандықтардың үшеуі ғана жа­ңартылыпты. «Кәсіпорын жаб­дығының тозу деңгейі шамамен 60 пайызды құрайды. Жекелеген қа­зан­дық агрегаттары бойынша – 70-73 пайыз, турбоагрегаттар бо­йынша 78-82 пайызға дейін. Бүгінде қалған-құтқан ресурсы станса жаб­дығының апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмайды. Мәселен, өткен жылу беру маусымында 13 технологиялық апат болса, биыл жылу беру маусымы басталғалы 39 технологиялық бұзушылық тір­келді. Соның салдарынан жылу және электр энергиясын беру са­пасы нашарлап, шектелді. Қыс бойы 12 қазандықтың екеуі не бе­сеуі ғана жұмыс істеген күндер бол­ды. Тұрғындарға жылу төмен параметрлермен берілді», – дейді басқарма басшысы. Ал қысы қытымыр солтүстік өңір тұрғындарын жылумен қамта­масыз ету үшін кем дегенде 9 қазан­дық пен 6 турбина жұмыс істеп тұ­руы тиіс. Өкінішке қарай, ондай күн­дер көзден бұлбұл ұшқан сы­ңайлы. Қыс бойы кәсіпорын қы­зыл­жарлықтарды жылуға жарыт­пады. Күз бен қыс мезгілінде бар­лық қазандығы 3 реттен 11 ретке дейін тоқтатылып, жөнделді. Ал қағаз жүзінде барлық жос­парлы жұмысы уақытылы «жүргі­зілген». Бірақ сол жөндеу жұмыс­та­рының сапасын тексеруге кел­генде түсініксіз түйткіл көп. Энер­ге­тика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақы­лау комитетінің Солтүстік Қазақ­стан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Николай Борзиловтың айтуынша, жұмыс қо­рытындысын қабылдауға депар­тамент мамандары қатыспайды. «Атқарылған жұмыс сапасын тех­никалық қадағалау мамандары тек­середі. Бұл – жекеменшік ұйым­дар. Заң бойынша, біздің жұмыс са­пасын тексеруге хақымыз жоқ», – деп түсіндірді Николай Павлович. Дайындық паспортын Энергетика министрлігі бергенімен, бұл шаруа­ға да департаменттің қатысы жоқ болып шықты. Қазан айында да­йын­дық паспорты бекітілгенімен, қарашада алғашқы апат тіркелген. Жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасы №2 жылу электр орталығы сияқты жекемен­шік кәсіпорынның табалдырығын рұқсатсыз аттап та баса алмайды. Бақылауға да, қадағалауға да құ­қығы жоқ. Қызмет ұсынушының жұ­мысына бақылау жоғын билік өкілдері мойындады. Сорақысы сол, Николай Бор­зилов түсіндіргендей, техноло­гия­лық апаттың себеп-салдарын зерт­теу үшін құрылған комиссия құра­мына енгізілген сарапшыларды Энер­­гетика министрлігімен келісу­ге акционердің өзі ұсыныпты. Мұ­ның себебін департамент басшысы сарапшылар қызметінің ақысы қан­­дай көздерден қаржыланды­ры­ла­тыны белгісіз болғанына бай­ланысты деп түсіндірді. Облыстық мәслихат депутаты Қанат Асқаров акционер сарапшылармен ауыз жа­ласуы мүм­кін деген жорамалын айтады. «Бұған дейін барлық жөн­деу жұмысын сол сарапшылар көз жұмып қабылдап келген болса, осы жолы да дәл солай болып шықпа­сына кім кепіл? Ко­миссия құра­мы­на шын мәнісінде тәуелсіз сарап­шылар енгізілуі тиіс. Сонда ғана барлық кемшіліктің беті ашылады. Бұл жерде қызмет беруші сарапшы­ларды өзі жалдап отыр. Күрделі жөндеуден өткізілді деген қазан­дық­тар қазір 80-100 пайызға тозған болып шықты. Бұл комиссия­ның жұмысы нәтижесінде де осын­дай қорытындыға келуіміз ғажап емес», – деді депутат.

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҚЫСҚАРТЫЛЫП, ЖҮКТЕМЕ КӨБЕЙДІ

Жергілікті билік өкілдерінің ай­­туынша, құлаған мұржа биыл қал­пына келтіріліп, кейін шамамен 2023 жылға қарай жаңасының құ­рылысы жоспарланбақ. Әзірге қа­зан­дықтар қалған екі мұржаға қо­сылмақ. Бірақ сол мұржалардың жағ­дайы да күмән туғызып отыр. Олар­ды да тексерген адам жоқ. Об­лыстық қоғамдық кеңес мүшелері мен облыстық мәслихат депутат­та­ры биыл жаңа мұржа салынатынына шүбә келтірді, ескілерін тексеру керек десті. Акционердің айтқа­ны­на сеніп, бас шұлғи бермей, әрбір санды тексеру, уақытылы тексеріс­тер тағайындау туралы бастама кө­теру, инвестициялық бағдарла­малардың қаншалықты орындалып жатқанына сараптама жүргізу, жа­уапты бір ғана өкілетті органды белгілеу, стратегиялық нысанды мем­лекет меншігіне қайтару керек екені туралы ұсыныс айтты. Тіпті, акционерлерді инвестор деп атауға болмайтынын айтты. «Ол өндіріске қандай инвестиция құйды? Мәсе­лен, кез келген үйдің мұржасы құ­ла­са, бұл оқиға қожайыны үшін мас­қара болып саналады. Мұржасы құ­ласа, пешінің жағдайы тіпті сора­қы деген сөз. Ол өз мұржасын өзі жөндейді. Тіпті, үйінің шатырынан сүңгі мұз қауіп төндірсе де, өзі жа­уап береді. Ал акционердің жеке­мен­шігінің мұржасы құласа, нелік­тен мемлекет пен тұтынушы жауап беруі тиіс?» – деп таңданысын жа­сыр­мады облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев. «Орталық Азия Электрэнер­ге­тикалық корпорациясы» АҚ ди­рек­торлар кеңесінің төрағасы Алек­сандр Клебанов бұл апат күтпеген жерден болды деп қатты желді «кі­нәлағанымен», орталық қызмет­керлері мен сол маңайда жүрген адамдар мұржадан қауіп бар екенін баяғыда-ақ сезген екен. Бұған жөн­деу жұмыстарының сапасыз жүр­гізілгені себеп болуы мүмкін. Был­тыр осындағы апат салдарынан бір жігіт мерт болғаннан кейін жұ­мысшылар қауіп бар екенін сезіп, топ-тобымен жұмыстан кеткен. Солтүстік Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқарма­сы­ның басшысы Бақыт Ильясов тү­сіндіргеніндей, кәсіпорын жабды­ғы­ның осыншалықты тозуы инвес­тициялық бағдарламаның жеткі­ліксіз қаржыландырылуына байла­нысты. Акционердің бөлген қар­жы­сы жылдан-жылға азайып бара жатқан көрінеді. Сондай-ақ Бақыт Ильясовтың айтуынша, күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұ­мыс­тарының уақытылы жүргі­зіл­мегеніне 2018 жылдан бастап та­риф­ті тежеу себеп болған көрінеді. «Севказэнерго» АҚ инвести­ция­лық бағдарламасы аясында 2019-2021 жылдары жөндеу, қайта құру және жаңғыртуға 3,1 млрд тең­ге ба­ғытталды. Инвестициялық бағ­дарла­маның көлемі 2020 жыл­мен салыс­тырғанда 2021 жылы 30 пайыздан астамға, 2022 жылы 15 пайызға қысқарды», – деді Бақыт Ильясов.

ЖЫЛУ ТАПШЫ

Жуырда ғана Петропавл қала­сы­ның бас жоспары қабылданды. Онда «2035 жылға дейін №2 жылу электр орталығы облыс пен қала­дағы жылу мен электр энергия­сы­ның жалғыз сенімді жеткізушісі бо­лып қала береді» делінген. Алай­да алдағы уақытта салынатын үй­лер­дің жылуға қосылуы неғайбіл. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның бұған дейінгі басшылығы 2025 жылға қарай Петропавлда жылу ғана емес, электр қуатының да тапшылығы бо­латынын болжаған еді. Апат сал­дарынан бұл мерзім қысқара түсті. Қазірдің өзінде жылу тапшылығы көрсеткіші – сағатына 52,5 Гкал. 2025-2026 жылдардан бастап №2 жылу электр орталығы Петропавл қаласын қажетті көлемде жылу энер­гиясымен қамтамасыз ете ал­майтынын билік өкілдері ашық айт­ты. Сондықтан Солтүстік Қа­зақ­стан облысына жаңа жылу электр орталығын немесе газ-электр стансасын салу қажеттілігі туын­дап отыр. Облыс әкімінің бұ­рынғы орынбасары, қоғамдық кеңес мүшесі Асқар Сақып­ке­реевтің айтуынша, бұл мәселе 80-жыл­дары көтерілгенімен, аяқ­сыз қалған. «Қа­ла аумағы жылдан-жылға ұлға­йып келеді. Көпқабатты үйлер, өн­діріс орындары салынып жатыр. Басқа жылу электр орталы­ғының құрылысы туралы бастама көтеретін кез келді. Ескісімен алысқа бара ал­маймыз», – деді Ас­қар Жоламан­ұлы. Бұл ұсынысты мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері де қолдап отыр. Алайда бұл – ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс, жо­балаудың өзіне 3 жыл қажет. Ал Пет­ропавл қала­сында биылғы жы­лыту маусымы аяқталмағаны өз алдына, келе­сісінің басталуына бес-ақ ай уақыт қалды. Оған дейін акционердің 18 миллиард теңге қаржы құятыны неғайбіл. Солтүстік Қазақстан об­лысына жылу және электр қуа­ты­ның балама көзі қажет екені анық. Ал биыл «кәрі құданы» петро­павл­дықтар қалай қарсы ала­тыны бір Аллаға аян.

Солтүстік Қазақстан облысы