Ономастикалық комиссия жаңа облыстардың атауын мақұлдады
Ономастикалық комиссия жаңа облыстардың атауын мақұлдады
©www.inform.kz
555
оқылды
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті. Іс-шараға комиссия мүшелері, оның ішінде Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаты Мәлік Құлшар, ғылыми және сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты. Комиссия отырысы аясында Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары әкімдіктерінің жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарына атау беру туралы ұсыныстары қаралды. Сондай-ақ, мемлекет меншігіндегі жекелеген нысандарды, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар қалаларындағы көшелерді қайта атау мәселелері қаралды. Кез келген қаланы, елді мекенді немесе көшені қайта атау ономастика саласын реттейтін заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Комиссия келіп түскен ұсыныстарды қарайды және қорытынды береді. Оң қорытынды болған кезде қайта атау туралы шешім Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері әкімдіктердің ұсынысын мақұлдады. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес одан әрі жұмыс істеу үшін облыстардың әкімдіктеріне жіберілетін болады.