Полиция қару қолдануға мәжбүр болған
Полиция қару қолдануға мәжбүр болған
359
оқылды
Қызылорда облысында қаңтарда бейбіт шерумен басталып, соңы жаппай тәр­тіпсіздікке ұласқан оқиға ке­зінде кісі өлтірген 24 адамға қатысты қызметтік қару қол­данудың себептері анық­тал­ды. Бас прокуратураның бі­рінші қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилым­жановтың айтуынша, 5 қаң­тарда Қызылорда облысының Полиция департаментіне қа­рулы шабуыл жасалған. «Жүк көлігіне мінген лаң­кес­тер ғимараттың қақпасын соғып, аңшы мылтықтарынан оқ жау­дырып, бақылау-өткізу пунктін, Жедел басқару орталығының ка­мералары мен патрульдік көлік­терді өртеп жіберген. Осыған бай­ланысты полицейлер қыз­меттік қаруды қолдануға мәжбүр болып, әуелі аспанға оқ атқан, сосын шабуыл жасағандардың аяқ-қолын көздеген. Алайда бұл оларға кедергі бола алмады», – деді Қилымжанов. Оның айтуынша, екінші ша­буылдан кейін алты адамнан тұратын топ келіссөз желеуімен жергілікті полиция қызметінің бас­тығы Ибраев пен рота ко­мандирі Естаевты шақырған. «Осы сәтті пайдаланып, бұрын сотты болған О.-ның келіс­сөз жүргізушілерінің бірі рота командирі Естаевқа кесілген шо­лақ мылтықтан оқ атқан. Естаев көп жарақатпен, ауыр халде реа­нимацияға жеткізілген, онда ол дәрігерлердің арқасында аман қалды» деп қосты ол. Қилымжановтың сөзіне сен­сек, қоршауда қалған 12 сағат ішінде жергілікті полиция қыз­метінің ғимаратына барлығы 10-нан астам қарулы шабуыл жа­сал­ған. Атыс кезінде 20 шабуыл­шы өлтірілген. Қалған төрт адам­ның кім екенін Қилымжанов нақ­тыламады.