«Сот арқылы мәселеңді шешіп беремін» - жамбылдық алаяқтар шектен шығып барады
«Сот арқылы мәселеңді шешіп беремін» - жамбылдық алаяқтар шектен шығып барады
417
оқылды
Бүгінде алаяқтық Жамбыл өңірінде азаймай тұр. Түрлі қаржы пирамидаларын құру былай тұрсын, құзырлы орган өкілінің атын жамылып алдап ақша алатындарға не дерсің? Мәселен Шу ауданының тұрғыны жер телімін бөліп береді деген үмітпен орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкеріне 2 миллион теңге берген. Алайда жер бөліп бермек болған азамат аталған мекемеде жұмыс жасамайтын болып шыққан. Тек сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанда мәселенің  анық-қанығы анықталып, жәбірленушіге келтірілген залал өтелген. Тағы бір жағдай Тараз қаласының тұрғыны заң көмегіне мұқтаж адамдардың сеніміне кіріп, «мәселелеріңді сот пен құқық қорғау органдары арқылы шешіп беремін» деген уәдемен  ақша алып отырған. Алайда алаяқтың жымысқы ойы жүзеге аспай, Тараз қалалық №2 сотының үкімімен 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Жамбыл облысында әлеуметтік желілер арқылы алаяқтықпен айналысып, ұсталғандар да аз емес. Соның бірі  - қала тұрғыны  «Телеграм» әлеуметтік желісінде «Фартуна», «Фарт», «Сенім» және «Көмек» топтарын ашып,  парақшаға жазылушылардың салған ақшаларын 50 пайызға ұлғайтып беретіндігіне сендірген. Осылайша 8 азаматты алдап, олардың 700 000 теңгеден астам ақшасын заңсыз иемденген. Жедел іздестіру шаралары барысында аталған азамат ұсталып,  Тараз қалалық №2 сотының үкімімен 3 жылға абақтыға айдалды. Жамбыл облысы прокуратурасының 1-басқарма прокуроры С.Налыгачев пайдалы ұсыныстар мен үстеме  туралы кез келген ақпаратты тексеруге және  күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға кеңес береді.