Ресейлік банктерге сенгендер сан соқпай ма?
Ресейлік банктерге сенгендер сан соқпай ма?
© коллаж: Елдар Қаба
282
оқылды
Жыл басында банк секторының шамамен алтыдан бір бөлігі ресейлік еншілес банктерге тиесілі болатын және олар бұл үлесін қарқынды түрде өсіріп жатты. Сол тұста ең жоғарғы рейтингке ие Сбербанк активінің кө­лемі жөнінен тек Halyk Bank-ті алдына салды. Шамалы уақыт өткенде Сбер Қазақстандағы №1 банкке ай­налуы мүмкін еді. Өйткені бизнес те, бұқара да жинақ-капиталын соған лек-лекпен тасып жатты. Бұл үр­дісті ештеңе тоқтата алмастай көрінген. Ахуал лезде өзгерді. Қазір салымшылар, керісінше жинағын алу үшін ресейлік банктердің филиалдарына «шабуылдап» жатыр.

Алпауыттар әп-сәтте аласарды

Қазақстанда 3 ресейлік банк жұмыс істейді, бұлар Сбербанк, Альфа-Банк және ВТБ банкі. 2022 жылғы қаңтарда, яғни Украинадағы соғыстың қарсаңын­да олардың жиынтықты үлесі ғаламат 15,1%-ға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, бір жыл бұрын 14,2%, ал бес жыл бұ­рын, 2017 жылы небәрі 9% болған. Бас­қаша айтқанда, ресейлік банктер Қазақстан­ның қаржылық секторына өз ойын ере­желері мен талаптарын таңа алатын жағдайға жетті. Олармен ел Үкіметі са­наса бастады: олар мемле­кет­тік бағдар­ламаларды жүзеге асыруға тар­тылды, сол үшін бөлінген бюджеттік мил­лиард­тарды игерді. Министрлер оларды да «отандық банктер» санатын­да атай­тынды шығарды. Бұл екпінмен бірер жылдан соң ресейлік еншілес банктер (ЕБ) қазақстандық банк секторының монополисіне айналуы да ғажап емес еді. Жағдайды Украинадағы қарулы қақтығыс өзгертті. Қазақ­станда әрекет ететін барлық ре­сейлік ЕБ Батыстың санкцияла­рына душар болды. Бұл ретте Қар­жы министрлігінің Шетелдік ак­тивтерді бақылау басқармасы (Office of Foreign Assets Control немесе OFAC) дерегінше, негізінен заңды тұлғалармен, бизнеспен кө­бірек жұмыс істейтін ВТБ банкі ең қатал санкциялық қысымға ұшы­рады, SDN тізіміне енгізілді. Көршінің біздегі алпауыты Сбер­банк болатын: оның активтері соңғы бір жыл ішінде бірден 27,5%-ға шарықтай өсіп, 2022 жылғы қаңтарда 4,2 трлн теңгеге жетті. Салыстырар болсақ, ең та­ны­мал банктер саналатын Kaspi Bank-тің жиынтықты активі 3,6 трлн, ал Отбасы банктікі 2,8 трлн теңге. Тәуелсіздік жылдарында би­ліктегі қолдауы арқасында алып­қа айналған Halyk Bank-тің активі 11,6 трлн теңгені құрайды. Ресейлік Альфа-Банктің активі 926,9 млрд теңге, бір жылда бай­лығын 16,3%-ға арттырып, трил­лиондық межеге таяған. Ал ВТБ банкі активінің көлемі былтыр 36%-ға артып, биылғы жыл ба­сын­да 506,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл екеуі Қазақстандағы 22 банк арасында тиісінше 11 және 13-орын­да тұрған еді. Ресейлік банктер қазақ­стан­дықтарды «қарызға батыруға» зор үлес қосты: елдегі бүкіл несие порт­фелінің 17,4%-ы – осы үшеуі­не тиесілі. Бұл үлесі бір жыл бұрын ғана 15% болатын. Тарата айтсақ, Сбербанкке қазақстандық бизнес пен бұқара 2,7 трлн теңге қарыз. Бұл 2021 жылғы қаңтардағыдан 1,5 есеге көп! Альфа-Банк заем тара­туды былтыр 36,8%-ға күрт артт­ы­рып, 534,8 млрд теңгеге жеткізді. ВТБ банктің несиесінің өсімі 24,1%-ға, 218,2 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Қазақстандық компаниялар мен жеке тұлғалар барлық жина­ғының 13,6%-ын ресейлік еншілес банк­­­­терге салған. 2022 жылғы қаң­тарда оларда 3,5 триллион теңге депозит жатқан. Оның 60%-дан астамы – бизнестікі, корпоративтік салымдар. Салыстырсақ, қазақ­стандық банк­терде корпоративтік депозиттер­дің үлесі орта есеппен 46,9% ғана. Енді осы триллиондардың қаншасын иелері әкетіп үлгергені белгісіз. Нақтыланған статистика кейінірек шығады.

Санкция клиенттерді сандалтты

Сарапшылардың айтуынша, екі ел арасындағы әскери қақтығыс басталғалы ресейлік барлық 3 банк­тен қазақстандық банктерге қарай депозиттер арқырай «ағып кетіп» жатыр. Бұл ретте тек жеке тұлғалар ғана емес, бизнесмендер де жиған-тергенін құтқарып қалуға талпынуда екен. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, наурыз айы­ның өзінде аталған 3 банктен клиент­тер 547 миллиард теңгесін әкеткен. Тек Сбербанктің өзінен 327 миллиард теңгесін алып қой­ды. ВТБ банктен қазақстандық клиент­тері 141 миллиард теңгесін, ал Альфа-Банктен 78 миллиард тең­ге депозитін шығарып алды. Сәуір айының қорытынды­сын­да бұл сома едәуір артары дау­сыз. Бірақ Ресейдің тегеурініне, іс-қи­мылының перспективтілігіне сеніп немесе салғырттық танытып, дер кезінде қимылдамағандар бү­гін­де Үкіметке, Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігіне жү­гініп, әлгілердің жинақтарын бермей жатқанына шағымданады. Ресейлік банктерде ұлттық ком­панияларға қатысы бар қара­жаттар да бұғатталып қалған де­сед­і. Мысалы, QazExpoCongress (бұ­рынғы EXPO-2017) ұлттық ком­паниясымен серіктес «Қазақ­станның тұрба-құбыр техноло­гиялары» ЖШС шағым айтып, қар­жылық реттеушіге хат жазды. Ком­пания 2020 жылдан бері «Аль­фа-Банк» АҚ ЕБ-нің клиенті екен. «QazExpoCongress ұлттық ком­паниясымен арамызда бекітілген 2022 жылғы 10 қаңтардағы сатып алу шарты негізінде таяуда, 7 сә­уірде Альфа-Банктегі шотқа 79 миллион теңгеден астам қаражат түсті. Алайда банк клиенттің ақша аудару туралы тапсырмасын орын­дамады. 8 сәуірде банктің бағдар­ламасы клиентке төлемді қалып­тастыруға, қандай да бір соманы аударуға мүмкіндік бермеді. Тек сол күні кешке 3,8 млн теңге са­лықты төлеуімізге ғана жол аш­ты», – дейді компанияның атқа­рушы директоры Қ.Ищанов. Оның хабарлауынша, салда­рынан 146 жұмысшыға жалақыны төлеу, контрагенттерге, әріптес компанияларға келісімшарт бо­йынша көрсетілген қызметтердің, жеткізілген тауарлардың ақысын өтеу мүмкін болмаған. Сондай-ақ бірқатар салықты төлей алмады. Елордалық белгілі стомато­ло­гиялық клиникалар желісінің де Альфа-Банктегі қаражаттарын ала алмауы салдарынан қызметкерле­рі мен өнім жеткізушілері алдын­да­ғы міндеттемесін өтей алмаға­ны бел­гілі болды. Осыған ұқсас шағым көп. Елорда тұрғыны Абзал С. Аль­фа-Банктегі 21 миллион теңге жи­нағын Форте банкіне аудармақ болыпты. Ол алғаш рет депози­тіндегі қаражатты 7 сәуірде әкетуге талаптанады. «Алайда Альфа-Банк оны ұялы қосымшадан өзге банктегі есеп­шотыма аударуға рұқсат етпей қойды. Бұл жерде менің мүліктік құ­қығым, тұтынушы ретінде құқы­ғым бұзылды. Туындаған пробле­маның мән-жайын білмек болып, банктің Момышұлы даңғылындағы бөлімшесіне өзім барып, жүгіндім. Менеджеріне жолығып, жинағым­ды қалай шешіп алуға немесе басқа банктегі шотыма аударуға болаты­нын сұрадым. Айнұр есімді қыз­меткері банк басшылығы қолма-қол ақша түрінде шешіп алуға және электронды түрде аударуға 500 мың теңге шек-лимит қойып тастағанын хабарлады. Одан шек белгілеу туралы бұйрық немесе ресми құжатты көрсетіп, таныс­тыруды сұрадым. Менеджер жаз­ба­ша бұйрық жоғын, тек банк төрағасы ауызша өкім бергенін жеткізді», – дейді Абзал. Содан 11 сәуірде салымын алу үшін қайта барады. Естігенінен ес­тен тана жаздаған: менеджер бү­гіннен бастап, аталған шек-лимит 200 мың теңгеге дейін төменде­тілгенін мәлімдепті. Ол бұйрық та ауызша айтылған. Ресейлік енші­лес банктің клиенті «өз қаржымды өз игілігіме жұмсай алмай қаламын ба?» деп қауіптенеді. Оның есеп­шотына ЖСО тарапынан еш бұғат қойылмаған. «Бұғатты» банк са­лып отыр. Бар қаржыдан айыры­лып қалмау үшін болса керек. Айтқандай, Альфа-Банк 6 сәуірде ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап, қолма-қол ақ­шаны алуға және аударуға 2 мил­лион теңге лимит белгілегенін біл­дірген-тін. Клиенттер одан әлде­қайда аз соманы да бермей жатыр деп шулайды. Ресейлік банктер сондай-ақ кредит беруді тоқтатқан. АҚШ пен Еуроодақ Ресейдің көптеген қар­жы ұйымына доллар мен еурода есеп айырысуға, оны пайдалануға тыйым салғаны мәлім. Батыстың санкция­сы олардың Қазақстандағы банк­теріне де тарады. Салдарынан ақ­шасын ресейлік банктердің шет­елдік валютадағы депозиттерінде ұстаған қазақстандықтар ол жи­на­ғын енді валюта түрінде ала алмайды.

Мәдина ханым неге мазасызданбайды?

Мәдина Әбілқасымова басқа­ратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Альфа-Банк­ке қатысты мәлімдеме жаса­ды: бұл банкке қарсы санкциялар 2022 жылғы 6 мамырда күшіне ене­ді. Бұл уақыт банкке ағымдағы операция­ларын, контрагенттермен арадағы мәмілелерін аяқтап үлгеру үшін берілген. Содан кейін ресей­лік банк шетелдік валютада есеп­тесе алмайды, халықаралық төлем жү­йе­лерімен аударма жасау, аме­рика­лық банктердегі корреспон­денттік шоттарын қолдану мүм­кіндігінен айырылады. Агенттіктің мәліме­тінше, 6 мамырға дейін барлық қазақстандық банк Альфа-Банкпен жұмыс істей алады, клиент­тер депозиттерін соларға аудара алады. Агенттіктің хабарлауынша, Аль­фа-Банк Қазақстанның төл клиенттері алдындағы міндет­те­месі қазір 445 миллиард теңгені құрайды. Қарыз портфелі 480 мил­лиард теңге. Банктің төл қаржы­сы – 134 млрд теңге. Қаржылық реттеуші 7 сәуірден бері клиенттер Альфа-Банктен шамамен 100 миллиард теңгесін алып кеткенін мәлім етті. Әбілқасымованың ұжымы ре­сейлік банктердің шек-лимит ен­гізгенінен хабардар және тү­сіністік танытып отыр: «Банк клиенттер ал­дындағы міндет­те­ме­лерін орын­дау бойынша жағдайды тұрақ­тан­дыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр», – дейді М.Әбілқасымова. Қаржылық реттеу агенттігі Альфа-Банк несиелік портфелінің бір бөлігін Қазақстанның банк­теріне сатады дейді. Сол арқылы ол теңге қорын тартуға ниетті. Бұдан бұрын Сбербанк те кре­диттерін жаппай сатуға кірісті: Halyk Bank оның 330 миллиард теңге тұратын несиелік келісім­шарт­тарын сатып алғаны анық­талды. Halyk Bank пен «Сбербанк» АҚ ЕБ келісімге қол қойған, оның аясында цессия келісімі бойынша Халық банкі Сбербанктің кре­диттік портфелінің ірі еншісін өз қанжы­ғасына байлады. Мәмілеге Қазақ­станның даму банкінің 4 пайыз­дық жеңілдікті несиелендіру бағ­дар­­­ла­масы аясында берілген авто­кре­диттер, кепілсіз кредит­тердің бір бөлігі, шұғыл қажет­тіліктерге ар­налған заемдар және ипотека кір­ген. Олар бойынша несиенің жал­пы сомасы 330 млрд теңгеге тең. Өз кезегінде Альфа-Банк санк­циялық тізімнен шығу үшін акцио­нерлерін толығымен өзгертуді қа­растырады. Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, Альфа-Банк өзінің басты акционері, ресейлік ірі олигарх Михаил Фридманның кесірінен «қара тізімге» еніп кет­кен: «Оны қожайындарына қатыс­ты проблема тұңғиыққа тартты. Негізгі акционері банкті тастап шықты, ол солай жасаса, банк санкцияға ілікпейді деп ойлады. Бірақ Батыс бәрібір санкция салды», – дейді сарапшы. Қалай болғанда, қазақстандық Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірге ресейлік банктердің бірде-бірінің лицензиясын қайтарып алмады. Ескертетін жайт, Американың OFAC-і Сбербанк Қазақстанның мәмілелерді аяқтау мерзімін тағы 3 айға – 13 сәуірден 12 шілдеге де­йін ұзартты. Қаржылық реттеу агент­тігінің дерегінше, Сбербанк­тің төл капиталы 400 млрд теңгені құрайды. Қайтарылмайтын несие­лерін қоспағанда, жоғары сапалы кредиттік портфелі шамамен 1,6 трлн теңге. Әзірге оның 330 мил­лиардын сатып жіберді. Жергілікті ақпарат құралдары әр қалада Сбер­банктің бөлімшелерінде, істеп тұрған банкоматтары алдында ақшасын алып қалуға жанталасқан адамдар ұзын-сонар кезек түзгенін хабарлап жатыр.