Трактор алам деп басы бәлеге қалды
Трактор алам деп басы бәлеге қалды
398
оқылды
Солтүстікқазақстандық диқандар Канададан John Deere техникасын сатып алғанымен, іс жүзінде оны пайдалана алмай отыр. Оларға John Deere тауар белгісін заңсыз пайдаланды деген айып тағылды. АҚШ-та ор­наласқан Deere & company компаниясы John Deere тауар белгісін пай­далануға тыйым салуды сұрап, сотқа жүгінді. «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев былтыр қазан айында компа­нияның Канададағы ресми дилерімен қолданыста болған техниканы сатып алу туралы ке­лі­сімшарт жасасқан. Трактордың құны – 280 мың АҚШ доллары. Оның алғашқы тран­шы – 86 мың долларды фермер төлеп те үл­герген. Техника қаңтар айында Қазақ­стан­ға жеткізілгенімен, қазір ол Көк­шетаудың уақытша сақтау қоймасында қаң­тарулы тұр. «Қаңтар айынан бері біз кедендік құжаттарын реттей алмай жүрміз. Се­бебі тауар белгісін заңсыз пайдала­нып­пыз-мыс. Сатушы тараптың арнайы рұқсаты бар, ол – ресми дилер. Бір жағынан компания техника сатқаны­мен, екінші жағынан оны пайдалануға рұқсат бер­мейді. Енді бізге трак­торды кері қайтарыңдар, себебі оны қолдануға құқық­та­рыңыз жоқ деп отыр», – дейді осы қиын­дыққа тап бол­ған Серік Малаев. Кәсіпкерге тығырықтан шығудың мұндай жолын ЕАЭО аумағында John Deere тауар белгісін пайдалануға зияткерлік меншіктің ресми құқық иесі болатын ресейлік жеткізуші «Джон Дир Русь» жауапкершілігі шектеулі қоғамы ұсынып отыр. Бұл ретте осы брендтің тауар белгісін пайдалануға тыйым сала отырып, компания тек жаңа ауыл шаруашылығы техникасын жеткізумен айналысатын қазақстандық «Еуразия Групп» ресми дилеріне жүгінуді ұсынады. Мұндай проблемалар шетелдік дилерлерден америкалық John Deere және Case компаниясының тек пайдаланылған техникасын сатып алған кезде туындайды екен. «Наследие Агро» ЖШС да дәл осындай жағдайға тап болды. Көктемгі дала жұмыстары таяп қалғанымен, шаруалар бір күні жылға азық болатын кезеңде сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Серік Малаев бұл техниканы ылғал жабу үшін сатып алғанын айтады. Бұл жұмыстың мерзімі өтіп барады. Ал тұқым себу кешенін сатып алғанда 3 000 гектар аумаққа дән сіңіру жоспары болған екен. Ауыл шаруашылығы техникасын жеткізіп берумен айналысатын Techsystems Kft. компаниясының директоры Руслан Хасеновтің де Case маркалы төрт тракторы қазір Клайпеда портында тұр. Ол да енді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне техника жеткізіп берудің қаншалықты маңызы бар деп күмәнданып отыр. «Шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын, соның ішінде бұрын қолданыста болған техниканы сатып алуға қатысты түсініксіз түйткілдер бар. Кеден органдары оларды рәсімдеуге рұқсат бермейді. Себеп – бұл брендтер зияткерлік меншік болғанында. Олардың техникасын зияткерлік меншік иесінің рұқсатымен ғана пайдалануға болады. Қазір Клайпеда портында 2008-2010 жылы шығарылған Case брендінің төрт тракторы тұр. Оларды алдағы егіс науқанына дейін жеткізе алмаймыз»,– дейді Руслан Хасенов.

МОНОПОЛИЯ ҚҰРМАҚШЫ МА?

Өз мәселелерін шеше алмаған фермерлер Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Фермерлер мен жеткізушінің пікірінше, қалыптасқан жағдай Қазақстан аумағында жұмыс істейтін ресми дилерлер тарапынан лобби жасау­дан басқа ештеңе де емес. «Осылайша, олар елде ауыл шаруашылығы техникасын сататын монополиске айналуды көздеп отыр» деген пікірін білдірді Руслан Хасенов. Палатаның өңірлік кеңесі жанындағы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің кеңейтілген отырысында осы мәселе бойын­ша тиісті органдардың өкілдері түсінік берді. Ал John Deere техникасын Қазақстанға ресми жеткізіп беруші «Еуразия Групп» компаниясының өкілдері неге екені белгісіз, бұл жиынға қатысудан бас тартыпты. Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Сергей Чисенко түсіндіргеніндей, кеден органдары белгілі бір тауарды елге енгізуге рұқсат бере алмайды, әрі тыйым да сала алмайды. «Бұл мәселені шешу тек соттың құзыретінде. Кеден органдары Қазақстан және Еуразия тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік нысандарына бақылау жүргізеді. Бұл жерде «ҚР кедендік реттеу туралы» кодекстің 198-бабы туралы сөз болып отыр. Аталған бап зияткерлік меншік тізіліміне енгізілген нысандарды Қазақстанға кіргізу мүмкіндігін реттейді. Онда құқық иеленуші он күн ішінде өз құқығын қорғау туралы сотқа талап-арыз түсірсе, кедендік ресімдеу тоқтатылады делінген. Бұл жерде біз өзімізге заң бойынша жүктелген делдал қызметін ғана атқарамыз. Рұқсатты тек құқық иеленуші ғана береді. Мәселені сот қана шешеді», – деп түсіндірді департамент өкілі. Облыстық Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім басшысы Самат Тоққожин да «Тауар белгілері туралы» заң бойынша қорғалатын нысанды иесінің рұқсатынсыз ешкім пайдалана алмайтынын айтты. Әрі бұл жерде тауар белгісі ЕАЭО мүшесі болмайтын Канада аумағына енгізілгеніне тоқталды.

ШАРУАҒА ТАУАР БЕЛГІСІ ЕМЕС, ТЕХНИКА ҚАЖЕТ

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов фермерлер тауар белгісін емес, техниканы пайдаланғысы келетінін, John Deere-дың тауар белгісін өз еркімен ешкім ешқайда жапсырмағанын алға тартты. Фермерлер тіпті техниканың сыртындағы сол тауар белгісі делінген бұғының суретін бояп тастап ресімдегісі келетіндерін де жасырмады. Алайда бұл дертке дауа бола алмайды екен. Себебі мамандардың түсіндіруінше, техникалық құжаттаманың барлығында трактор John Deere-ға тиесілі екені көрсетілген. «Егер мен трактор жасап шығарып, оның сыртына бұғының суретін жапсырсам, тауар белгісін пайдаланған болар едім. Бірақ біз тауар белгісін қолданып отырған жоқпыз. Бұған дейін пайдаланылған техниканы сатып алдық. «Джон Дир Русь» компаниясына жазған хаттарымыздың бәрінде техниканың қолданыста болғанын тайға таңба басқандай жазып көрсеттік. Бірақ олар мұны елемей, көрсе де көрмегенсіп отыр. Жауаптарында тек жаңа техникаға қатысты шарттарын жазып, мемлекеттік органдарды адастыруда», – деді «Наследие Агро» ЖШС өкілі Сергей Колмаков. Сондай-ақ ол соңғы оқиғаларға байланысты Ресей Федерациясы бүгінде кез келген брендті елге енгізуге рұқсат бергеніне тоқталып, «Джон Дир Русь» қана неге соттасып жүргенін түсінбейтінін жеткізді. Жиынға қатысушылар бұл жерде ымыраласу белгілері бар деген күдіктерін білдірді. Фермерлер байқағанындай, бұған дейін «Еуразия Групп» ресми дилерімен текетіреске түскен агроқұрылымдарға ғана техниканы пайдалануға тыйым салып, басқаларына рұқсат беріліп отыр. Мәселен, бір контейнерде бір күнде бірге келген екі техниканың біреуі еш қиындықсыз ресімделсе, екіншісін ресімдеуге тыйым салынған. Әрі «Еуразия Групп Қазақстан» ресми дилеріне жүгіну қажеттігі көрсетілген. «Неліктен оған жүгінуім керек? Бұл жерде ымыраласу белгілері байқалады. Олар бұл нарықты монополияға айналдыр­мақшы. Бұл – қазіргідей қиын жағдайда кәдімгі диверсия. Біз енді 6 000 гектар жерге дән сіңіре алмаймыз, нәтижесінде аз өнім аламыз. Кейбіреулер мүмкін тіпті банкротқа ұшырар. Ел Президенті монополия болмасын дегеніне қарамастан, бизнесмендер бір-бірімен ауыз жаласып, біздің қиындықтарымыз арқылы байып қалмақшы», – деп наразылығын білдірді ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші Сергей Колмаков. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеу бөлімінің басшысы Айдархан Рақымов бұл мәселені зерделеп, бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзушылық анықталса, шара қолданылатынын жеткізді. «Бұған уақыт керек. Әрине, біреулерге рұқсат беріп, басқаларға тыйым салу заң бойынша дұрыс емес», – деді ол. Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының аға прокуроры Егор Поляков та бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзушылық белгілері бар екенін айтып, тиісті агенттікке хат жолдау­ды, онда техниканың қолданыста болғанына баса назар аударуды ұсынды. Көктемгі дала жұмыстары таяп қалғандықтан, бұл мәселені тез арада шұғыл шешу керек. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы екі аптадан соң осы сұрақты қайтадан қарастыратын болып келісті.

Солтүстік Қазақстан облысы