Мемлекет мұқтаж отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ін төлеуді бастады
Мемлекет мұқтаж отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ін төлеуді бастады
Фото: pixabay.com
364
оқылды
Мемлекет тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар үшін жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлейді, – деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Тelegram арнасы.
«Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Осылайша, 18 сәуір күні біз жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастап кеттік. Алайда, бұған дейін бағдарламаны 2022 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған болатын. Аталған бағдарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлеуді көздейді. Бағдарламаның операторы - «Отбасы банкі», - деп жазды ведомство.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 590 мыңға жуық. Олардың 210 мыңы әлеуметтік осал топқа жатады. Ал табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық қазақстандық бар. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй үшін төлемдер тағайындау қағидалары әзірленген.
«Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында әріптестерім тұрғын үй төлемдеріне өтінім беру механизмі және субсидиялау қағидалары туралы егжей-тегжейлі айтып берген болатын. Осылайша, көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекет тарапынан қолдауға ие бола алады. Халыққа ыңғайлы болу үшін біз өтінімдерді қабылдау бойынша цифрлық платформаны іске қостық. Осылайша барлық процесс otbasybank.kz порталында онлайн жүзеге асырылады. Өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігі басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексерілетін болады», - деді министр Қайырбек Өскенбаев.
Сондай-ақ ол төлемдерді субсидиялауға өтінім қабылдау процесін тұрақты бақылауында ұстайтынын ерекше атап өтті. Министрлік күнделікті «Отбасы банкіне» келіп түсіп жатқан өтінімдер бойынша қаншасы мақұлданып, қанша өтінім кері қайтарылғандығы жөнінде сандарды саралап, мониторинг жасап отырмақ.