«Әлеуметтік лифтті жетілдіру керек» – Рамазан Салықжанов
«Әлеуметтік лифтті жетілдіру керек» – Рамазан Салықжанов
1,088
оқылды
Осыдан он жыл бұрын елімізде әлеуметтік лифт туралы ең алғаш айтыла бастады. Бұл жүйе білімді жастардың жағдайын жасап, олардың қызмет барысында өсуін қам­тамасыз етуді көздейді. Дегенмен әлі күнге дейін елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық азаймай тұр. Осыған орай әлеуметтік лифт жүйесін жетілдіру жолдарын әлеуметтік ғылымдар кандидаты Рамазан Салықжановтан сұраған едік. Кейбір жас мамандар «Қа­зақстанда тамыр-танысың болмаса, жұмысқа орналаса алмайсың» дей­ді. Осы орайда қоғамға әлеуметтік лифт қаншалықты қажет? – Жалпы, бір әлеуметтік қауым­­дастықтан келесі топқа ауы­су­ды әлеуметтік лифт теориясы қарас­тырады. Мысалы, ауылдық жерден қалаға көшіп келу, орта тап өкілі болып жүріп төмен тапқа өту немесе қатардағы қызметкерден басшылыққа ауысу. Әлеуметтік лифт түсінігі бүгін емес, бұдан бір­неше ғасыр бұрын пайда болған. Сондықтан әлеуметтік лифт деп кең мағынада тұлғаның, әлеуметтік топтың жағдайын өзгертуін, жақ­сарту немесе төмендетуді қарас­ты­руы­мыз керек. Оған ықпал ететін саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани факторлар болуы мүмкін. Жұмыссыз жүрген адамның қыз­метке орналасуы әлеуметтік лиф­тің бір мысалы. Мойындауымыз керек, қазір қоғамда жұмысқа тұруды бірінші тамыр-танысымен шешетіндер бар. Бұл жағдай бізде ғана емес басқа елдерде де кезде­седі. Олардың арасында өз күш­терімен қызметке тұрғысы келе­тіндер көп. Бірақ қоғамда әлеу­мет­тік лифт жүйесі дұрыс қалып­тас­пағандықтан олар ең бірінші осы жолды таңдайды. Айта кету керек, барлық салаға бірдей бір жүйе жүре бермейді. Бір салаға таныссыз кіре алмайсың, бір сала тұл­ғаның жеке қабілетіне қарайды, енді бір сала бірінші келген адамды жұмысқа кіргізіп алады. Бұл жерде жағдайды өзгертуге білім, таныс-тамыр, қаржы, саяси факторлар әсер етеді. Мысалы, «100 жаңа есім», «Президенттік жастар кадр­лық резерві» деген жобалар ар­қы­лы көтеріле алмай жүрген жастар жоғары қызметтерге тағайын­дал­ды. Сондықтан әлеуметтік лифт біздің қоғамда бар. Бірақ салаға байланысты әртүрлі деңгейде. Әлеуметтік лифт біздің елімізде осыдан 8-9 жыл бұрын айтыла бас­тады. Бұл жастарды саяси бел­сен­ділікке, экономикалық тапқыр­лыққа тартып, қоғамды өзгертудің бірден-бір себепшісі. – Жалпы, қандай құрылымдар әлеуметтік лифт қызметін атқара алады? – Әлеуметтік лифт қызметін өз кезегінде әлеуметтік институттар атқарады. Оған білім беру, саяси партиялар, қаржы және адамның жеке қасиет-қабілеті жатады. Неге қаржы? Себебі басқа факторлар арқылы қызметке тұра алмаған азаматтар ақша арқылы жұмысты сатып алып орналасады. Яғни, бұл жерде қаржы әлеуметтік лифттің қызметін атқарып тұр. Сонымен қатар жастар әскерге барып, ма­мандық игерсе, өзінің денсаулығын нығайтса, әлеуметтік-рухани да­муын жалғастырып, шендік жағы­нан өсетін болса, әскер де әлеу­меттік лифт бола алады. Қазір биз­­нес те әлеуметтік лифт қызме­тін атқара алады. Қолда бар қар­жымен бизнес бастап, кейін оны үлкейтсе, ол да әлеуметтік лифт қыз­метін атқарады. Қоғамда әлеу­меттік лифт құрылымының дамуы нарықты сапалы мамандармен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Қазір білімді жастар неге шетелге кетіп жатыр? Өйткені ол жақта жалақы жоғары, тұрақты, мансаптық өсу бар, алатын несие­лерінің пайызы төмен, барлық қызмет ашық. Бізде мұндай емес. Сондықтан өз бағасын білетін мамандар шетелге кетіп жатыр. Оларды патриоттық ұранмен ұстап қала алмаймыз. Олардың айтатын уәждері: қоғамымыздағы құқық­тық теңсіздік пен мансаптық өсу жо­лындағы әділетсіздік, еңбек­ақының аздығы. Біздегі әлеуметтік лифт шынымен жұмыс істегенде, керісінше шетелдік азаматтар Қа­зақстанға келіп жұмыс істейтін еді. Айталық, жақында Германияда 25 жастағы қыз министр болып та­ғайын­далды. Міне, бұл – әлеу­мет­тік лифт. Тоқсаныншы жылдары Чехияға біздің жерлесіміз Жәмила Стехликова көшіп барып, минис­тр, Парламент депутаты болды. Ал біздің елге көшіп келген өзге ұлт өкілі министр бола ала ма? Әрине, жоқ. Канаданың Білім министрі қытай, Қорғаныс министрі индус. Ендеше дамыған елдерде қоғам біреудің қасиет-қабілетін мойын­дап, жол аша алады. Бізде бұл үрдіс қалыптаспаған. – Сонда әлеуметтік лифт жүйесі тек жастарға арналған ба? – Теориялық тұрғыда әлеу­мет­тік лифт қоғамдағы барлық адамды қамтуы тиіс. Бірақ қырықтан ас­қаннан кейін жұмыс берушілер мамандарға қызықпайды. Бүгінгі 45-тегі азамат жоғары білімді Ке­ңес заманында алды, компьютерлік бағдарламаларды да толық біл­мейді. Дер кезінде біліктілігін же­тіл­дірмесе, жиырмасыншы ға­сырда қалып қояды. Сәйкесінше жұмыс берушілер де ол маманға риза болмайды. Сондықтан әлеу­меттік лифт 18-30 жас арасындағы жастардың дамуына жұмыс істейді. Одан кейін әлеуметтік лифттің көмегімен өсетіндердің саны азая береді. – Орта таптың қалыптасуына әлеу­меттік лифт қандай да бір ал­ғышарт жасай ала ма? – Тұрақты жұмысы, баспанасы, көлігі және білімі бар тұлға орта тап өкіліне жатады. Ол өзі өмір сүріп жатқан экономикалық-саяси жүйені қолдайды. Өйткені оның жағдайын жасауға елдің жүйесі тікелей әсер еткен. Сондықтан орта тап қоғамды ұстап тұратын күш. Сондай-ақ орта тап өз-өзінің санын өсіреді. Яғни, орта тап өкі­лінің баласы, сол тапты толық­ты­рады немесе жоғары тапқа көтері­леді. Ал төменгі тап өкілдері жо­ғары білім алып, жұмысқа тұрып, баспана алып, экономикалық-саяси жүйені қолдап, орта тапқа қосылады. Сәйкесінше біреу білім арқылы, енді біреу жеке қасиеттері арқылы төменгі таптан орта тапқа көтеріледі. Әлеуметтік лифт осы­лайша әр адамға әртүрлі факторлар арқылы әсер етеді. Олай болса, ор­та таптың қалыптасуына әлеу­меттік лифт алғышарт бола алады. – Дүниежүзілік банк Қа­зақ­станда кедейлер саны өсетінін бол­жады. Бұл болжам шындыққа жа­наса ма? Біздегі кедейлер санын кім құрайды? – Кедейлік – адамның, белгілі бір әлеуметтік топтың немесе мем­лекеттің өмір сүруіне, тіршілік етуіне қажетті ресурстарға қол жет­кізе алмауы. Кедейлікті аб­солют­ті және салыстырмалы деп екіге бөледі. Абсолютті кедейлік дегеніміз – адамның, әлеуметтік топтың өз тіршілігіне ең қажетті ресурстарға қолының жетпеуі. Ал салыстырмалы кедейлік – қоғам­дағы өмір сапасын білдіретін стан­дарттарға белгілі бір топтың қолы­ның жетпеуі. Бұл жерде бас­қалар­мен салыстыра отырып, «мы­нан­дай көрсеткішке сәйкес келсе, ке­дей дейміз» деген тәрізді талап­тар­ға сай келуіне байла­нысты ба­ғаланады. Айталық, білім турасын­да алсақ, білімге қолының жетпеуі, медицина қыз­метін, қоғамдағы өзге де игілік­терді пайдалана ал­мауы. Әдетте кедейлер сапалы білімге, меди­циналық қызметке қол жеткізе алмайды және олардың өмір сапасы да төмен болады. Көбінде біз кедейлікті ма­териалдық тұрғыдан қараймыз. Ал кедейліктің тағы бір маңызды ба­ғыты – рухани кедейлік мәселесі. Кедейліктің бұл түрі материалдық кедейліктен де күрделі және қауіп­ті. Кез келген адамда табиғи қажет­тіліктерді өтеуге керек болатын қаржылық-материалдық құнды­лық­тармен қатар, оның басқа­лармен қарым-қатынас орнатуға, шығармашылығын, ой-пікірін өзгелермен бөлісуге, білімін кө­теріп, біліктілігін арттыруға деген ұмтылысы, мұқтаждықтары бола­ды. Бұлардың барлығы адамның мәдени капиталы динамикасына ықпал етеді. Ал адами капитал не­гізін білім құрайтындықтан, оған деген қажеттілік рухани мұқ­таждықтар тобын қалыптастырады. Рухани қажеттіліктердің қана­ғат­танбауы рухани кедейлікке апарып соғады. Ал рухани және материал­дық кедейлік өзара байланысты. Айталық, материалдық тұрғыда кедей адамның рухани байлыққа қол жеткізуі неғайбіл. Сол сияқты рухани кедейлік материалдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бұл жерде мәселе қазақ қоғамында айтылатын «рухани байлық» туралы емес, әлеуметтану ғылымында жүйеленген, нақты сипатталған рухани байлық немесе кедейлікке қатысты болып отыр. Сондықтан қоғамның кедейленуі, кедейлер қарасының көп болуы тұтас қоғамның рухани деграда­циясына алып келуі ықтимал. Рухани деградация ешқашан ма­териалдық байлыққа, жағдайды жақсартуға, жақсы нәрсеге, сапалы өмір, білім, қызметке ұмтылуға мүмкіндік бермейді. Сол себепті кедейлікті мүмкіндігінше болдыр­мауға тырысу керек. Ол үшін мем­лекет өзінің институттық тетік­терін, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әлеуметтік-экономика­лық реформалардың, бұл бағыт­тағы саясаттың концептуалды не­гіздеріне назар аударуы тиіс. Ал біздің билік мемлекеттің әлеумет­тік институт, оның ішінде әлеу­мет­тік лифт ретіндегі тетіктерін тиімді пайдалана алмай отыр. – Әңгімеңізге рақмет!