Мәжіліс депутаттары BI Group-тің қызметін тексеруді талап етті
Мәжіліс депутаттары BI Group-тің қызметін тексеруді талап етті
514
оқылды
Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға BI Group холдингінің қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік деректеріне сілтеме жасай отырып, аталған холдинг елдегі құрылыс саласын монополияландырды деп мәлімдеді.
 «BI Group – құрылыс тобы емес, өз жобаларын лоббизм арқылы ірі компаниялардың пайдасына шешетін маркетингтік топ» - деді депутат.
Сонымен қатар, Жамбыл Ахметбеков ковидке арналған госпитальдерді салу кезінде BI Group компаниясы өңірлердегі қираған ғимараттардың құрылыс материалдарын қолданғанын айтты. Мысалы, Атыраудан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан Опорный кентінде Теңізшевройл қызметкерлеріне арналған жатақхана бөлшектелген. Оның құрылыс материалдарын Алматыға құны мемлекеттік бюджеттің 5,5 млрд теңгені құрайтын модульді ковидке арналған аурухана салу үшін жіберген.
«Шымкент пен Алматыда екі модульді аурухананы салудағы сапасы мен шығыны бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іс қозғады. Алматы госпиталінде мемлекетке келтірілген залалды аудиторлық тексеру растады. Бірақ тергеу нәтижелері әлі жарияланған жоқ», – деді Ахметбеков.
Қазақстанның Халық партиясы фракциясының депутаттары 2020-2021 жылдары өңірлерде BI Group салған ковидке арналған госпитальдарды тексеруді ұсынды. Сонымен қатар депутаттар Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен елдегі облыстық мәслихаттар жанындағы бақылау комиссияларын тексеру қажет екенін айтты. Ал тексеру нәтижелерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен, Бас прокуратурамен, Қаржы мониторингі агенттігімен және Есеп комитетімен үйлестіруді керек деп санайды.