Қазақ үшін Бауыржан Момышұлы есімі ерліктің синониміне айналып кеткелі қашан? Ел арасында батыр атымен байланыстырыла айтылатын аңызға бергісіз түрлі әңгіме айтылады.
Ал жақында Ресей мұрағатынан Бауыржан Момышұлының өмірінің белгілі бір мезетінен сыр шертетін құжаттар табылып, елге жеткізілді. Осы орайда аталған істің басы-қасында жүрген батырдың немере інісі Бекет Момынқұлға хабарласып, мұндай құнды қазынаға қалай қол жеткенін сұраған едік.
– Құжаттарды табыстау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде өтті. Іс-шарада Ресей мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин құжаттарды өз қолымен маған тапсырды. Подольск мұрағатынан келген құжаттардың ішінде Бауыржан Момышұлына рәсімделген жалпыодақтық коммунистік партия мүшесінің тіркеу бланкісі, ЖКП мүшесінің партиялық билеті мен есеп карточкасы, КОКП мүшесі Момышұлының тіркеу бланкісі, Момышұлының есеп карточкасындағы фотосуреті, «Адам соғысуға үйренеді» атты мақаласы, КСРО Жоғарғы кеңес президиумының «Б.Момышұлын «Қызыл Ту» орденімен марапаттау туралы» қаулысы және батырдың қайтыс болуына байланысты «Казахстанская правда» газетінде жарияланған қазанама бар. Қазір көптеген журналист мұны «құпия құжаттар» деп түсінеді. Алайда оның ешқандай құпиясы жоқ. Ашық құжаттар, – дейді Б.Момынқұл.
Құпия болмаса да, аталған құжаттар құнды екені даусыз. Бұл батыр Бәукеңнің туыстарына ғана емес, еліміз үшін бағалы һәм тарихи жәдігер. Сондықтан батырдың немересінен осынша уақыт өткеннен кейін құжаттар елімізге қалай келгенін тереңірек сұрадық.
– Атамыздың 100 жылдығы қарсаңында Мәскеуге барған «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері көрші елдің архивінде 11 мың парақ құжаттың сақталып тұрғанын, алайда оны алуға рұқсат берілмегенін айтты. Содан өткен жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстың 80 жылдығына орай Ресейдің «Русский дом», «Россотрудничество», «Российская историческая общество» ұйымдары Бауыржан Момышұлының «За нами Москва» кітабын қайтадан басып шығарды. Сол кітаптың тұсаукесерінде жоғарыда айтылған құжаттарға қол жеткізуге ұйым өкілдерінің көмектесуін сұрадым. Арада біраз уақыт өткенде Мәскеуден хабарласып, құжаттарын Қазақстанға жіберетінін айтты.
Атамыз 1956 жылы әскери қызметтен отставкаға кеткен. Алайда 1982 жылы Бәукеңнің өмірден өткен күніне дейін жүріс-тұрысы сырттай бақыланып, құжат түрінде жинақталып отырыпты. Яғни, белгілі бір ұйымдардың қатаң қадағалауында болған. Мені осы жағы қатты таңғалдырды.
Ресейден бөлек өзіміздің бас мемлекеттік архивте де атамызға қатысты құжат көп. Оларға да қол жеткізу жоспарымызда бар, – дейді батырдың немересі.
Бекет Момынқұлдың айтуынша, жыл өткен сайын Бауыржан Момышұлына қатысты тың деректер анықталып жатыр екен. Соның бірі – 1942 жылы Панфилов басқарған дивизияның командирі, полковник Иван Серебряков КСРО мен ҚазКСР-нің Жоғарғы кеңесінің президиумына хат жазып, Бауыржанды «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынған. Алайда хатқа 1 жыл бойы ешкім жауап бермеген. Содан Серебряков ұсынысын қайта жолдағанда Жоғарғы кеңесте шешілуі тиіс мәселе Жуалы ауданындағы ешкімге белгісіз Орақ-Балға колхозындағы жиында талқыланып, жұрттың қарсылығы желеу етіліп, «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмей қалған. Осы құжат қазір еліміздің мұрағатында тұр екен. Алайда оған қол жеткізу қиын. Рұқсат етілмеген.
Ел ішінде тарай бастаған тағы бір дерекке қарағанда, БҰҰ-ның құрылуы қарсаңында Сталин одаққа кіретін 15 республиканы дербес мемлекет ретінде жариялауды жоспарлаған деседі. Ал ол үшін әр елдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктері құрылуы тиіс болған. Содан Мәскеу Қазақстанның басшылығына Бауыржан Момышұлына генерал шенін беріп, Қорғаныс істері министрі етіп тағайындау жөніндегі ұсынысхат жолдайды. Бірақ біздегілер бұған жаппай қарсы шығып, Мәскеуге келіспейтіндерін айтыпты. Кейін сол хаттың көшірмесін Бауыржан атамыздың өзі Подольскіден тауып әкелген. Сосын оны тарих ғылымдарының докторы Көкіш Рыспаевқа көрсетеді. Бірақ бұл құжат ізім-ғайым жоғалып кеткені жайлы әңгіме бар. Батырдың немере інісі аталған құжатты «әдейі жойып жіберуі мүмкін» деген күдігі барын жасырмай отыр.
Бір қуанарлығы, Ресей мемлекеті Бекет Момынқұлға Подольскідегі мұрағатта жатқан өзге де құжаттармен танысуға рұқсат етіп отыр. Бұйыртса, батырдың немересі 3-4 айда осы жұмысқа кіріспек. Жол шығынын Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов көтеруге уәде еткен. Бұл – ұлттық мұра мен батыр рухына тағзым еткен әкімге тән іс. Енді тек Бекет Момынқұлдың Ресей мемлекетіне сапары сәтті болып, мол мұрамен оралуын тілейміз.