«Қолжетімді баспана» қол жеткізбей тұр
«Қолжетімді баспана» қол жеткізбей тұр
© коллаж: Елдар Қаба
594
оқылды
Бар арманы баспаналы болумен байланысты мыңдаған адам бар. Алайда бастапқы жарнаны жинаймын дегенше тұрғын үйдің құны шарықтап барады. Бұған еліміздегі «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасының аяқталғаны, «7-20-25» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жартысы әлі игерілмегені де себеп болып отыр. Ендеше бұл бағдарламалардың орнына қандай балама ұсынылады? Елімізде жастардың баспаналы болуына арналған ипотекалық бағдарлама неге жоқ? Қазақстанның тұрғын үй нарығы кейінгі жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жыл сайын 15-17 млн шаршы метр баспана са­лы­на­ды. Оған қол жеткізудің сан түрлі жолы бар. Бірақ халық арасында ең танымал «7-20-25» пен «Баспана хит» бағдарламалары енді бұл ті­зімде болмайды. Ал олардың орнына Үкі­мет, Ұлттық банк және «Бәйтерек» хол­дингі бірлесіп, баламалы жол ұсынуы шарт. Мә­селе қазір қарастырылу үстінде. Бұған дейін Ұлт­тық банк жаңа механизм ойлап та­бы­ла­тынын жеткізді. Ал осыдан 4 жыл бұрын іс­ке қо­сыл­ған «Баспана хит» және «7-20-25» бағ­дар­ламалары аясында 87 мың қазақстандық үйлі болды. Қатары тағы толушы еді, бірақ Ұлттық банк­ке қарасты Қазақстанның тұрақтылық қоры халықты баспанамен толық қамтып үлгір­меген екі бағдарламаны тоқтату туралы ше­шім қабылдады. Анығы, алғашқысы былтырдан бастап аяқталса, екіншісінің нақты аяқталу мер­зімі белгіленген жоқ. «7-20-25» бағдарла­масы бойынша ипотекалық қарыз беру 1 триллион теңге сомасындағы қаржылан­дырудың индикативтік көлеміне жеткенге дейін жалғасады. Белгілі болғандай, атал­ған бағдарламаға қазір қандай да бір өзгерістер енгізу қарастырылған жоқ. – «7-20-25» бағдарламасының жақын арада тоқтайтынын естігендер үй алуға жап­пай өтініш білдіріп жатыр. Олардың көпшілігі келешекте мұндай тиімді меха­низм мүлде болмайды деген пікірде. Ал басқа шарттармен үй алғысы келмейді. Мәселен, баспананың алғашқы жарна­сының 50 пайызын жинап, сосын ипоте­калық несиеге қол жеткізуге ниет білдіру­шілер аз. Оған көпшіліктің мүмкіндігі жетпейді, – дейді риэлторлық компания­ның опера­торлық директоры Бибігүл Балғынбекова. Бағдарлама көп, тиімдісі жоқ Шыны керек, тұрғын үй нарығында қазір 8 ипотекалық бағдарлама бар. Бірақ саны көп бағдарламаның сапасы көпші­ліктің көңілінен шықпайды. Сала сарап­шысы Айбар Олжаевтың пікірінше, тұр­ғын үйлер қарқынды салынбаса, ипо­теканың көп болғанынан пайда жоқ. Сол себепті негізгі 3-4 ипотекалық бағдарла­маны ғана қалдырып, ең негізгі күшті құрылысқа бағыттау керек. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына ғана үй сала бермей, қала шетіндегі елді мекендерге де баспана салып, жастарды сол жаққа тарту қажет. Осы тәсілмен бірнеше мәселені қатар шешуге болады. – Халыққа ипотека беретін емес, үйді арзан бағамен алатын кешенді бағдарлама қажет. Қазір үйдің қымбаттаған бағасына халықтың табысы жетпей отыр. Сондық­тан не үйдің бағасын төмендету керек, не ха­лық­тың табысын арттыру қажет. Үйдің бағасы құрылыс материалдарын өзіміз шы­ғарған кезде ғана арзандайды. Бүгінде елімізде ипотекалық бағдарлама тым көп. Бірақ сол бағдарлама талаптарына сай келетін үй де, адам да жоқ.Осы мәселелерді шешпей, қанша жерден жаңа ипотекалық бағдарлама қабылдасақ та жағдай өзгер­мейді. Өйткені адамдарға алғашқы жар­наны жинаудың өзі қиын. Бағдарламамен үй алған күннің өзінде қымбат үйдің ипоте­ка­сын қалай төлейді, – дейді Айбар Олжаев. Иә, үйлердің салыну динамикасы ипотеканың қарқынына ілесе алмай жатыр. Салдарынан тек жаңадан салынған үйлерді алуға болатын «7-20-25» бағдар­ламасына бөлінген қаражаттың жартысы игерілмеген. Өйткені бағдарламаға өтініш берген көп отбасы лайықты баспана таба алмаған. Бағаға байлау болмай тұр Елде пәтер бағасы арзандайды дегенге сену қиын. Соңғы 10 жылда 4 есеге қым­баттаған баспана былтыр тіптен шарықтап кетті. Ranking.kz есебінше, 2021 жылы жаңа үйлер 15,2 пайызға, ескі үйлер бағасы 23,1 пайызға өскен. Осы жағдайға жет­кізген кейбір себептерді атамай өтуге бол­мас. Нарықтағы бағаның өсуіне құ­рылыс материалдарының қымбатшылығы да әсер етіп отыр. Мәселен, елімізге құ­ры­лыс материалдарының 40 пайызы шетел­ден келеді. Үй салушы компаниялар шыққан шығынды пәтердің шаршы метріне қосып сатады. 2022 жылы да құрылыс материалдарының бағасы ша­рықтай бермек. Құрылыс саласында 10 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер Мұрат Тохановтың айтуынша, отандық құрылыс материалдары бар. Алайда олардың өзі айналып келіп, шетелдік нарыққа тәуелді болады. – Елімізде арматура шығатынын бі­леміз. Бірақ біздің құрылыста отандық өнім пайдаланылмайды. Оларды кәсіп­орын шетелге шығарады екен. Ал бізде көп жағдайда Ресейдің арматурасын қолда­намыз. Сондықтан құрылыс материалдары өндірісін Қазақстанда дамытпай, мәселе шешілмейді, – дейді Мұрат Тоханов. Күн өткен сайын үй бағасы шарықтап барады. Бұл жағдайда бағаның төмен түсуі мүмкін емес. Соңғы рет баспана бағасының түсуі 2007 жылғы ипотекалық дағдарыс кезінде ғана болғаны есте. Бүкіл банк мораторий жариялап, құрылыс саласын қаржыландыруды тоқтатқан еді. Сол кезде екінші нарықтағы үйлердің бағасы дол­лармен шаққанда 50-60 пайызға түсіп кеткен. Сарапшылардың пікірінше, бас­пананың бағасы түспесе де, оның өсуі тоқтауы мүмкін. Себебі баспана бағасы халықтың табысынан қатты алшақтап кетті. Тұрғын үй қымбаттаған сайын оған деген сұраныстың азаятыны анық. Сон­дықтан тұрғын үйдің бағасы қазіргі жағ­даймен күзге қарай тұрақталмақ. Өңірлік бағдарламалар өміршең емес Нарықта баспана бағасы өскен сайын жастардың үй аламыз деген арманы да алыстап барады. Жалпы, елімізде жастар­дың баспаналы болуына арналған нақты бағдарлама жоқ. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 29 жасқа дейінгі жастарға жалдамалы тұрғын үй бағдарла­масы тек 5 жылға дейін беріледі. Бірақ бұл да науқандық шара сияқты. Жалға алу­шылар өз атына ауыстыра алмайды. Ал «Алматы жастары», «Елорда жастары» деп аталатын бағдарламалар арқылы пәтерді 10 пайыздық бастапқы жарнамен алуға болады. Бірақ ондағы талап бойынша бағдарламаға кез келген жас қатыса ал­майды. Яғни, жас маман белгілі бір салада еңбек етуі керек. Ендеше бұл да науқанның бір түрі. Өйткені оған қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Ал ақша бөлінбесе, бағдарлама тоқтап қалады. Аталмыш жобалардың өміршең болуы қаражатқа келіп тіреледі. Алдағы уақытта жекелеген өңір­лерде «Қарағанды», «Әулие ата жас­тары» деп аталатын бағдарламалар іске асады деп жоспарланып отыр. Қазір бұл жо­балар дайындық үстінде. Мұндай бағ­дар­ламалардың басты мақсаты – эконо­микалық тұрғыда белсенді, жұмыс істеп жүрген жастарды қаладада ұстап қалу. – Жалпы, мемлекеттік тұрғын үй сая­саты адамдарды жасы бойынша емес, төлем жасау деңгейіне қарай бөлген. Қол­жетімділік сатысы бойынша табысы тө­мен, орташа және жоғары адамдарға ипоте­калық бағдарламалар бөлек-бөлек қарастырылған. Сондықтан жастарға арналған жалпы ипотекалық бағдарлама жоқ. Ал жергілікті бюджеттен қаржылан­дырылған бағдарламалардың шеңбері тар. Бар-жоғы мың адамға ипотека береді,– дейді Айбар Олжаев. Шыны керек, жастардың ерте отба­сылы болмауының басты кедергісі бас­панасының болмауы. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін жастарға арнайы ипотекалық бағдарлама керек-ақ. Субсидия мәселені шешпейді? Нарықта қолданысқа енген соңғы бағ­дарламалардың бірі – жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастама. Тұрмысы төмен тұрғындардың баспана жалдауға кететін шығынын азайтуға сеп­тесетін жоба былтыр қолға алынуы керек еді. Дегенмен Үкімет кеш болса да үйсіз жүрген жұртты сәуірден бастап жарылқай бастады. Бағдарламаның басты артықшы­лығы – азаматтар өздерінің қажеттілікте­ріне сәйкес қалаған жерден тұрғын үй таң­дай алады. Аталған субсидияның игілі­гін көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек ба­лалары бар отбасылар мен табысы ең тө­менгі күнкөріс деңгейінен төмен отба­сы­лар көре алады. Қазір елімізде 590 мыңға жуық азамат баспанаға мұқтаж, оның ішінде 210 мыңы әлеуметтік осал топқа жатады. Осылайша, әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайыз мөлшеріндегі субсидия мемле­кеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қа­жеттіліктеріне жұмсай алады. Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Анна Шацкаяның пікірінше, жалдамалы пәтерді субсидиялау нарықта пәтер ақысының өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл ретте ол бағдарламаға сәйкес келетін пә­терлердің жалдау құнын белгілеу бойынша мониторинг жасалуы керек екенін алға тартты. – Жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау – көптеген дамыған елде кең таралған тә­жірибе. Ал біздің елде пәтер жалдауды субсидиялау табысы төмен халықтың осал топ­тарына, яғни кезекте тұрғандарға қа­тыс­ты болып отыр. Әрине, бұл бастама мұн­дай отбасылардың шығынын ай­тар­лық­тай жеңілдететіні сөзсіз. Бірақ нарықта пәтер жалдау ақысының шарықтап кетуі, табысын жасырып, дайын асқа тік қасық болғысы келетіндердің де шығатыны анық, – деді Анна Шацкая. Олай болса ипотекалық бағдарла­малар нарықтан кетсе де, орнын тұрғын үйге берілетін субсидияның басуы мүм­кін. Дегенмен ел болашағы жастардың қолын­да десек, оларға да арнайы ипоте­калық, субсидиялық бағдарламалар қа­растырып, назардан тыс қалдырмаға­ны­мыз абзал.