Қазақстан мұнай-газ саласындағы машина құрастыру өндірісі бойынша әлі де болса импортқа қатты тәуелді. Ал бұл дегеніміз – жыл сайын миллиардтаған доллар қаражат сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Елімізде «қара алтын» өндіруші әлемдегі барлық дерлік ірі халықаралық компаниялар шоғырланған десек, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта мұнай-газ өндірісіне қажетті жабдықтарды өзімізде өндіруге қатысты дені дұрыс іс-шаралардың қолға алынбауы Үкіметтің экономикаға жауапты секторына үлкен сын болып отыр. Деректерді сөйлетсек, бұл саладағы қазақстандық мазмұн он пайызға да жетпейді екен. Белсенді қатысуға шақырамыз
«ТеңізШевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» сияқты 3 ірі мұнай-газ операторының қатысуымен өткен І Мұнай-газ саласындағы машина құрастыруды дамыту форумында вице-премьер Р.Скляр, Энергетика министрі Б.Ақшолақов, ИИДМ вице-министрі Р.Баймишев, Қазақстан Машина құрастырушылары одағының басқарма мүшесі П.Беклемишевтер саланың проблемасын жан-жақты сөз еткен болса, «ТШО», KPO, NCOC өкілдері мен Халықаралық мұнай-газ саласындағы машина құрастыруды дамыту орталығының басшысы Марат Кәрімов осы бағытта атқарылған жұмыстарын таныстырды. Соңғы аталған IMB орталығы осыдан бірер жыл бұрын Үкіметтің бастамасымен және 3 ірі оператордың қолдауымен құрылған болатын. Жиынға аталған алпауыт компанияларды шақырудың жөні бар екен. Өйткені еліміздің мұнай-газ нарығындағы тауар сату, жұмыс атқару және қызмет көрсету көлемінің 75%-ы осы үш қана операторға тиесілі.
«Машина құрастыру саласы елішілік құндылықтарды дамытудың драйвері саналады. Ал еліміздің негізгі экспорттық өнімі көмірсутекті шикізат екенін ескерсек, мұнай-газ машина құрастыру саласын дамыту күн тәртібінде бірінші орында тұрары анық. Өкінішке қарай, мұндағы көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін мойындауымыз керек. Ендеше бүгінгі тұңғыш форумда барлық тарапты, соның ішінде ірі мұнай-газ операторларын, машина құрастырушыларды, мемлекеттік органдар мен орталықтың өзін осындағы әріптестікті арттыра түсуге белсенді қатысуға шақырамын», – деді вице-премьер Роман Скляр.
Өз кезегінде сөз алған Энергетика министрі Болат Ақшолақов пандемияға және жаһандық экономикадағы болжамсыз жағдайларға байланысты соңғы екі жыл отандық машина құрастырушылар үшін күрделі болғанына назар аударта келіп, 2021 жылы үш ірі оператордың сатып алған тауарларының жалпы көлемі 310 млрд теңге құрағанын, ал оның ішінде қазақстандық тауарлардың үлесі небәрі 9% екенін атап өтті.
«Осында қатысып отырған үш ірі операторға Үкіметтің бастамасына қолдау білдіріп, орталықты құруға көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Әйтсе де, сонымен тоқталып қалмай, орталықпен өзара белсендірек әріптестік танытып, олардың жүргізген талдауларына сәйкес жергілікті компанияларға келісімшарт ұсынуларыңызды сұраймын. Осы жылдар ішінде қазақстандық бизнес сіздердің жоғары стандарттарыңызға бейімделе алды. Сондықтан да бізге ұзақмерзімді келісімшарт негізінде жоғары сапалы тауарлар шығаратын нақты зауыттар болашақта емес, дәл қазір керек. Осы ретте операторлар мен олардың акционерлері тарапынан таяу күндерде нақты қадамдар жасалады деп күтеміз. Бұл мәселе Үкіметтің тікелей қадағалауында тұр», – деді Болат Ақшолақов.
Жаңа орталықтың алдындағы ескі міндеттер
2020 жылдың қарашасында құрылған Халықаралық мұнай-газ саласындағы машина құрастыруды дамыту орталығының негізгі мақсаты – операторлардың талаптарына сәйкес машина құрастыру өнімдерін өндіруге әлеуетті өндірушілердің жергілікті нарығын зерттеу, сол арқылы қажет болған жағдайда олардың қуатын дамытуға жәрдемдесу. Сонымен қатар өндірісін жергілікті жерде орналастыру үшін халықаралық тауар өндірушілермен тығыз жұмыс істеу, бірлескен кәсіпорындар құру және технологиялар мен ноу-хау трансфертіне қолдау көрсету арқылы инвестиция тарту.
«Құрылғалы бері ұзақ уақытқа созылған құрылтайшылық-ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, былтыр қазан айынан бастап тікелей міндетімізге кірістік. Тұтыну туралы мәліметтерді жинап, өңдеп, өндірушілердің өндірістік алаңдарын аралып, нарықты зерделеп, талдау жүргізіп, алғашқы ұсынымдарды әзірледік. Еліміздің 11 облысы мен 3 қаласында орналасқан 71 өндірушіні саралау нәтижесінде ірі операторлардың сұраныс-ұсынымдарына сәйкес үш басым тауар тобын бөліп алдық. Олар – клапандар, электр жабдықтары және бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика. 35 000-нан астам өнім деректері бойынша сұрыпталған осы үш топты өндіру бойынша нарықтағы сұраныс мүмкіндіктері талданып, оларды өндіретін отандық өндірушілердің тізімі анықталды. Мұнда 19 түрлі тауар болады, олар алдағы 10 жылда 3 ірі оператор тарапынан тұрақты сұранысқа ие болмақ. Қазір жұмыстар жалғасуда.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – жергілікті өнеркәсіп иелерінде ASME, API, IEC, ATEX сияқты халықаралық сертификаттардың болмауы. Сертификаттау үшін талап етілетін сапа мен стандарттардың бірізділігі мен тұрақты деңгейінің жоқтығы, басқару жүйелерін енгізу мен қолданудың салыстырмалы түрде төмен деңгейі, еңбек қорғау, қауіпсіздік техникасы, қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталмауы, білікті техникалық персоналдың жетіспеушілігі. Халықаралық сертификаттау үшін мемлекеттік қаржылық қолдауды арттыру қажет деп есептейміз», – деді IMB орталығының директоры Марат Кәрімов.
Марат Шайдоллаұлының айтуынша, тағы бір маңызды кедергі – жергілікті өндірушілер кедендік салық пен ҚҚС төлеуден босату жеңілдіктеріне әрдайым ие бола бермейтіні. Бұл жергілікті өндірушілерді тиімсіз жағдайға қалдырып отыр екен. Ал инвестиция тарту бойынша орталық былтыр бірнеше жергілікті және халықаралық компаниямен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Атап айтқанда, Honeywell компаниясымен температура датчиктерін, газ детекторларын және басқару шкафтарын, PetrolValves компаниясымен бірқатар клапан өндірісін, Sigma Solutions компаниясымен жарылыстан қорғалған электр тарату қалқандарын, тарату қораптарын және жылыту жүйелерін (кабельдерді) өндіруді жергілікті өндіріске көшіруге уағдаластық жасалды. IMB орталықтың жұмысының нәтижелері өздерінің ішкі сатып алу рәсімдеріне сәйкес сатып алу қызметін жүзеге асыратын операторлар үшін ұсыныстық қана сипатқа ие екенін атай кеткен жөн.
Қарардан қайыр қандай?
Жиында ірі оператор компаниялар өздерінің жұмысы туралы мәлімет бере отырып, қазіргі серіктес отандық өндірушілер жөнінде, олардың өндіріп отырған өнімдері туралы хабардар етті. Сондай-ақ іс-шараға шетелдік және отандық мұнай-газ машина жасау кәсіпорындарының, қауымдастықтар мен даму институттарының, мұнай-газ компанияларының өкілдері де қатысқан болатын. Олар президиум өкілдеріне сауалдарын қойып, сұрақ-жауап форматына ұласқан форум соңында арнайы қарар қабылданды. Онда орталықтың жұмысын одан әрі дамыту, қазақстандық мазмұнды арттыра түсу, ұйымдастыру жұмыстарындағы әріптестікті нығайту, үйлестіру жұмыстарын жандандыру жайы сөз болды. Бір сөзбен айтқанда, алпауыт мұнай-газ компанияларына ендігі жерде жергілікті өндірушілерге мойын бұрып, тапсырыс беруі міндеттелмесе де, қатаң талап қойылмақ. Олармен делдал ретінде жұмыс істейтін орталық мәліметтерді өңдеп, әлеуеттік мүмкіндіктерді дамытып, инвестиция тартып, адвокация жасайтын болсақ, мемлекет өз тарапынан жауапты министрліктер арқылы жеңілдіктер мен субсидиялар, ықпал етумен ынталандыру жолдарын ұсынбақ. Өйткені импортқа тәуелділіктің салдары қандай болатынын соңғы геосаяси ахуал аңғартып отыр. Сондықтан да мемлекеттің 30 жылда 10% ғана құраған қазақстандық мазмұнды жеделдетіп арттыруға шындап тұрып күш салып жатқаны аңғарылады. Қарардың қайыры қандай боларын уақыт көрсетер. Бірақ бұған дейінгі мүмкіндік пен мүдденің арасы алшақ жатқан заманның өткені айдай анық!