«Апат айтып келмейді». Десек те, сақтықта қорлық жоқ екенін әсте естен шығаруға болмайды. Әсіресе, Алматы сияқты түрлі нысан мен құрылыс біріне-бірі жапсарлас орналасқан ірі қалада сақтық шаралары қатаң сақталуы қажет-ақ. Өкінішке қарай, қаладағы жүздеген жанар-жағармай бекеті тұрғын үйлермен, өзге де әлеуметтік нысандармен қатар тұр. Алда-жалда әлгі бекеттердің бірін жалын шарпыса, жағдайдың қалай боларын болжау мүмкін емес.
Алматы қалалық әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, мегаполисте 220 жанармай құю бекеті бар. Солардың біразы қаладағы көпшілік орынмен жапсарлас орналасқан. Мәселен, қаладағы ең ірі автовокзал халықаралық «Сайран» автобекеті мен қасындағы Sinooil жанармай құю бекетінің арасы бар болғаны 20-30 метр.
Біз осы бекетті салғанда қандай қауіпсіздік нормаларына сүйенгенін білмек болып аталмыш компанияның Алматыдағы кеңсесіне неше рет хабарласып көрдік. Алайда мардымды жауап ала алмадық. Ал «Сайран» автобекетінің басшылығы жанармай құю бекеті тұрған жер учаскесі вокзалға тиесілі емес екенін айтады. Сондықтан қандай да бір шараны қолға алуға қауқарсыз.
«Бұл май құю бекеті біздің вокзалдың жанында 2007 жылдан бері тұр. Бірақ бұл нысанды саларда бізбен ешкім ақылдасқан жоқ. Себебі бекет тұрған жер бізге қарамайды. Қаншалықты қауіпті екенін біз де білеміз. Бірақ әкімдіктен рұқсат алып сала береді. Оған қарсылық көрсете алмаймыз», – дейді «Сайран» халықаралық автовокзалы жолаушылар тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан Әбілдаев.
Тұрғын үйдің дәл түбінде тұр
Автобекетке қарама-қарсы жақ бетінде тағы бір жанармай құю бекеті бар. Ол да жерде тоғыз қабатты бірнеше тұрғын үйдің дәл іргесінде тұр. Құрылысты жоспарлауда, жаңа нысанға жауапты орындар тарапынан мұндай сорақылыққа қалай жол берілгені белгісіз.
Ол аз десеңіз, қауіпті нысан Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы тойханаға жапсарлас салынған. Бұрын бұл бекетте тек жанармай сатылып келсе, қазір сұйылтылған газ да сатылатын болған. Тойхана маңындағы тұрғын үй тұрғындарының айтуынша, сұйылтылған газдың алып цистерналары ашық аспан астында тұр.
«Біздің үйімізге жанармай бекеті өте жақын орналасқан. Оның жанына жақында автомобильге арналған сұйылтылған газ құю жүйесін орнатып қойды. Қаңтар оқиғасы кезінде тура сол жерде әлгі дыбысты гранаталарды аямай жарды. Өрт тұтанып кете ме деп зәреміз қалмады», – дейді қала тұрғыны Гүлнар Мағзұмова.
Заңбар, тыйымжоқ
Біз бекеттердің қала ішінде тұрғын үйлермен қатар орналасуы, оларды құзырлы органдар тарапынан бақылауға алу мәселелері бойынша Алматы қаласы әкімдігіне сауал жолдағанбыз. Әйтсе де, әкімдік қала ішіндегі тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың жанында салынған әртүрлі жанармай құю бекетіне тексерулер жүргізілмегінін хабарлады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен алған жауабымыз да осыған саяды.
«Кінәлі тұлғаларға қатысты заңбұзушылықтар анықталған жағдайда 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл сала отырып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 410-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалады.
Құрылыс кезінде ҚР Құрылыс саласы нормативінің 3037-2013 және ҚР құрылыс салу жөніндегі қағидалар жинақтарының, 3.03 -107-2013 бөліктері мен өрт қауіпсіздігі саласындағы басқа да талаптарды сақтау қажет», – деп жауап берді Алматы қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Александр Рау.
Өкінішке қарай, төтенше жағдайлардың алдын алуға жауапты мекемеден қала ішінде орналасқан жанармай құю бекеттерінің саны және оларды жауапкершілікке тарту бойынша мардымды жауап ала алмадық. Төтенше жағдайлар департаменті қалалық әкімдікке, шаһар басшылығы құтқарушыларға сілтеп, мойнына жауапкершілік алғысы келмейтінін аңғартты. Қысқасы, мегаполисте жанармай құю бекеттерін қалауынша салатындарға әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмай тұр.
Айтпақшы, төтеншеліктер айтқан нормативтер мен қағидалар жинағын парақтап көргенбіз. Құжаттарда қауіптілігі жоғары нысандарды салуда оның тұрғын үйден, өзге де әлеуметтік нысандардан қашық не жақын орналасуының өз заңдылығы бар екенін аңғардық. Онда қауіпті нысан мен қандай да бір тұрғын үйлер, мектеп, аурухана, вокзал және басқа да қоғамдық орындардың арасы кем дегенде 300 метр қашықтықта болу ережесі қатаң сақталуы керек екені тайға таңба басқандай жазылыпты.
Қолданыстағы заң осылай дегенімен, тиісті орындардың жауабы әлгіндей. Демек, бізде қандай да бір нақты істі түбегейлі қолға алу үшін алдымен қайғылы жағдай болуы керек сияқты. Сол кезде ғана тиісті орындар ұйқысынан оянып, «бұл қалай болды?» деп бас қатырып, әлекке түседі. Жанармай құю бекетінің күні ертең төңірекке төндірер қаупін біле тұра көз жұматындар да солардың кебін киіп жүргендей.