«Халық әртісі» атағы – саф өнердің бағасы – Роза Рымбаева
«Халық әртісі» атағы – саф өнердің бағасы – Роза Рымбаева
1,003
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір кезде алынып тас­талған «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағын қайтаруды тапсырды. Жалпы, көршілес Ресейде және өзге де өркениетті елдерде өнер адамына берілетін мұндай атақтар сақталып қалған. Осыған орай Қазақстанның Еңбек Ері, әнші Роза Рымбаевамен әңгімелескен едік. – Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз? – «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайтарылады дегенге қуандым. Өйткені бұл атақ Кеңес Одағының кезінен еңбегі сіңген, дарынды біртуар азаматтарға берілетін. Еліміз Тәуелсіздік алған соң әртістерге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ берілетін болды. Өкінішке қарай, бұл атақты лайықтысы да, лайықсызы да жаппай алып кетті. Ал енді «Халық әртісі» деген атақты иеленген өнер иесі ұлттық, мемлекеттік деңгейді халықаралық дәрежеде көрсетеді деген сөз. Халық әртісі біздің өнеріміздің ең жоғары деңгейін паш ететін жұлдыз болуы керек. Бұл жоғары атақты ең көп дегенде он шақты ғана адам алуы керек деп санаймын. Себебі бұл әртістер – классикалық өнерімізді, музыкамызды, театр мен киномызды әлем алдына шығаратын өнер иелері. Қазір кім болса сол сахнаға шығып өнердің құнын түсіріп алды. Сондықтан саф өнерді халық бағалап, билік мойындап отырса, ол оған айтарлықтай стимул болады. Осындай бағалаулар болмаса, белгілі бір дәрежеге жетіп, биікті бағындырмаса, әртіс не үшін талпынып, тер төгеді? Сондықтан бұл шешімді өнер иелерінің барлығы қуана қабылдады деп ойлаймын. – Бір кездері «Халық әртісі» атағы алынып, оның орнына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ берілді. Алайда мұндай атақ тек өнер адамдарына ғана емес, республикаға сіңірген зор еңбегі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, өндіріс және әлеуметтік саланың барлық өкілдеріне беріліп жүрді. Жалпы, бұл атақ өнердің лайықты бағасын толық бере алды ма? – Жоқ. Бұл атақты ең аз дегенде 200-ге жуық адам алған шығар. Шынымды айтсам, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы екінің бірі алатын науқанға айналып кетті. Тойда ән айтатын әнші де, операда жанды дауыста ән айтатын әртіс те «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алады. Сіздің ойыңызша, бұл әділеттілік пе? Еңбек сіңірген қайраткер мен халық әртісінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Халық әртісін еңбегі сіңген қайраткермен салыстыруға да келмейді. Қазір құрылысшы да, мемлекеттік қызметкерлер де қайраткер атағын алады. Ал «Халық әртісі» өнер иелерінің ішіндегі шоқтығы биік, үлгі алатын деңгейдегі жұлдыз болуы тиіс. – «Халық әртісі» атағын берудің жолын қалай қарастырар едіңіз? Қоғамда қадірін қашырып алмай ма? – Біз де кезінде «Халық әртісі» атағын алғанда көп болмадық. Саусақпен санарлықтай ғана әртіс осы атақты иелендік. Қазір елімізде «Халық әртісі» атағын алуға лайықты, әлемдік деңгейдегі опера әншілері мен талантты әртістер бар. Бұл атақты өнер иесінің жасына қарап шектемей, жеткен жетістігі мен өнеріне қарап беру керек. Жаңа айтқанымдай, «Халық әртісі» атағының қоғамдағы қадірін қашырып алмау үшін тек санаулы, лайықты азаматтарға бергеніміз абзал. – Елімізде «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын алуға қай өнер иесін лайықты деп ойлайсыз? – Марқұм Батырхан Шүкеновке «Қазақстанның халық әртісі» атағын ойланбастан беруге болады. Димаш Құдайбергенов те осы атаққа толықтай лайықты. Опера әртістерінің ішінде осы атаққа лайықты өнер иелері бар. Белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиевты да бұл тізімге қосар едім. – Әңгімеңізге рақмет!