Қазақстанда дәрілік заттардың 90%-ына шекті бағалар былтырғы деңгейде сақталды - министрлік
Қазақстанда дәрілік заттардың 90%-ына шекті бағалар былтырғы деңгейде сақталды - министрлік
781
оқылды
11 қаңтардан 21 сәуірге дейінгі «100 күн – 100 сұрақ» әлеуметтік жобасы аясында Денсаулық сақтау министрлігіне 1588 өтініш пен ұсыныс түсті, деп хабарлады ведомство Telegram-арнасында. Министрлік барлық өтініштер мен ұсыныстарға жедел жауап берген. Айта кету керек, «100 күн – 100 сұрақ» жобасы денсаулық сақтау саласында Қазақстан азаматтарының алдында тұрған әлеуметтік қиындықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Ел ішінде дәрілік заттардың 90%-ына шекті бағалар былтырғы деңгейде сақталды.
«Сұрақтар мен өтініштердің бір бөлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тақырыбына байланысты. Қазақстандықтар дәрілік заттардың бар болуына алаңдаушылық білдірген. Сонымен бірге, министрлік тұрақты негізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде. Бөлшек сауда секторындағы дәрілік препараттарға баға белгілеу бөлігінде көтерме және бөлшек сауда үшін дәрілік заттардың 7 256 атауына шекті бағалар бекітілді», - делінген хабарламада.
Онда жазылғандай, дәрілік заттардың 6 600 сауда атауына немесе дәрілік заттардың 90%-ына шекті бағалар былтырғы деңгейде сақталды, 153 препаратқа төмендеді. Қазіргі уақытта бағаны реттеуді жетілдіру мақсатында көтерме және бөлшек саудада дәрілік заттардың бағаларын қайта реттеу бойынша түзетулер енгізілуде.
«Сондай-ақ, «СҚ-Фармация» ЖШС - Бірыңғай дистрибьютор амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стационарлар үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 95%-дан астамын сатып алуды жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына дәрілердің 60%-дан астамы жеткізілді. Бөлшек сегментте республиканың барлық өңірінде тұрақтандыру қорларында және ірі көтерме дәріхана қоймаларында дәрілік заттар қоры қалыптастырылған», - деп хабарлады министрлік.