Алматы облысында жоғалған қыздың өлі денесі табылды.
Алматы облысында кәмелетке толмаған баланы айуандықпен өлтіру оқиғасы болды. Полицейлер екі күдіктінің ұсталғаны туралы айтты.
Алматы облыстық полициясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 мамырда марқұмның анасы кәмелетке толмаған қызының (2005 жылы туған) жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Анасының айтуынша, қызы 24 мамыр күні үйден белгісіз бағытқа шығып кеткен.
Полицейлер оның жоғалып кетуіне қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 1992 және 2001 жылы туған екі ер адамды ұстады. Куәгерлердің айтуы бойынша, қайтыс болған қыз сол күні осы екі адаммен көшеде жолыққан.
«Жедел іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында күдіктілер кісі өлтіргенін мойындап, Қапшағай су қоймасынан алыс емес жерде оның денесінің көмілген жерін көрсетті. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, қылмыстың ізін жасырмақ болған күдіктілер қыздың денесін өртеп жіберген.
Аталған қылмысты одан әрі тергеуді аумақтық Полиция департаменті жүргізетін болады.