Бұл туралы Халықаралық ақпарат орталығындағы брифингте ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова және сарапшы Нұрғазиева Бану мәлімдеді. Сондай-ақ олар референдум шеңберінде енгізілетін өзгерістердің маңызы туралы да айтты.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыретін күшейту мәселесіне тоқталды.
«Өзгерістер қабылданатын болса Конституциялық Сотқа уәкіл немесе прокурор ғана емес, сонымен қатар конституциялық құқығы бұзылған азаматтар да тікелей жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің негізгі мақсаты – адам құқығы мен бостандығын қалпына келтіру және оны қорғау тетіктерін нығайтуға ықпал ету. Мұндай міндетті орындау кезінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттік немесе басқа органдарға тәуелді болмауы керек. Сондықтан «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданбақ», – деп түсіндірді Эльвира Әзімова.
Ал Бану Ғаниқызы азаматтардан референдумда дауыс бере алмағаны жөнінде өтініштер келіп түскенін айтты.
«Мәселе тұрғылықты жері бойынша есептік тіркеуге байланысты туындаған. Азаматтар сайлау учаскесіне нақты тұрғылықты жері бойынша келгенімен, ол жерге бекітілмеген болып шыққан. Келешекте осы бағытта ақпарат таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жетілдіру керек. Себебі әрбір азамат дауыс беру құқығын пайдалана алуы тиіс», – деді сарапшы.