Сайлаушылардың белсенділігі бізді тәнті етті – ШЫҰ Бас хатшысы
Сайлаушылардың белсенділігі бізді тәнті етті – ШЫҰ Бас хатшысы
344
оқылды
Халықаралық ақпарат орталығы брифингінде ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин ұйым атынан құрылған байқаушылар миссиясының жұмысымен таныстырып, референдумның ұйымдастырылуына ұйым атынан өз бағасын берді. Чжан Мин бүгінгі күн Қазақстан үшін тарихи күн екенін атап өтті. Сондай-ақ ауқымды саяси процеске ШЫҰ арнайы байқаушылар миссиясын жібергенін мәлімдеді.
«Бүгінгі референдумда біз байқаушы ретінде өз функциямызды орындадық. ШЫҰ байқаушылар миссиясының құрамына 17  адам енді. Олар ұйымға мүше мемлекеттердің заңнамалық билік тармақтары өкілдері», – деп түсіндіріп өтті ШЫҰ Бас хатшысы.
Сонымен қатар Чжан Мин ШЫҰ байқаушыларының атқарған жұмыстарының нәтижесін бөлісті.
«Бүгін таңертеңнен бері сайлау учаскелерінде 5 топқа бөлініп бақылау жүргіздік. Сол уақыт аралығында 24-тен астам учаскеде болдық. Барлық жерде дауыс беру процесі тыныш, ешқандай құқық бұзушылықсыз өтті. Сайлаушылармен тілдесу барысында бізді тәнті еткені олардың қатысу белсенділігі және референдум маңызын терең түсінуі болды. Сонымен қатар комиссия мүшелері мен учаске қызмекткерлері жұмысын бақылау кезінде олардың кәсіби деңгейі жоғары екенін байқадық. Бұл үлкен жетістік. Азаматтар тарапынан құқық бұзушылық жөнінде шағым түскен жоқ» – деп мәлімдеді Чжан Мин брифинг барысында.
Сөз соңында ШЫҰ Бас хатшысы ұйымдастырушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, оларға өз алғысын білдірді. Сондай-ақ Қазастанның дамып, гүлдене беруіне шын жүректен тілектес екенін жеткізді.