Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында бұрын заңсыз шығарылған активтер мен қаражатты елге қайтару туралы айтты.
Журналист Қасым-Жомарт Тоқаевтан, бір нәрсені алып қою, бөлісу әділетті ме және жаңа әділеттілік іздейміз деп, әділетсіздіктің басқа түрін табу қаупі жайлы сұрады.
«Әрине, мұндай қауіп бар. Мен сіздің сұрағыңыздың астарын өте жақсы түсінемін. Соған қарамастан мен бір кездері заңсыз жекешелендірілген мүлікті мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын комиссия құрдым. Мұндай активтер мемлекетке қайтарылады. Бұл жерде экспроприация жоқ. Таңдау, бөлу деген ойдан алыспын», - деп жауап берді Қ. Тоқаев.
Сонымен қатар оның айтуынша, заңды түрде жасалғанның бәрі, әсіресе ірі және орта компаниялар толықтай біздің заңнамаға сәйкес жұмыс істесе, экспроприациялау, яғни мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару мүмкін емес. Өйткені Мемлекет басшысының айтуынша, бұл біздің қоғамда әлеуметтік тұрақсыздық туындатады.
Тоқаев заңсыз жымқырылған қаражат пен шетелдегі активтерді қайтару үшін ведомствоаралық комиссия құрылғанын айтып өтті.
«Түсінемін, бұл бір-екі күнде жасала салмайды. Оған бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Бірақ мұны іске асыру керек. Себебі заңға қайшы келіп, шетелге шығарылған активтер өздерінің заңды иесін табуы керек. Ал Конституциямызға сәйкес оның заңды иесі – халық, ал мемлекет барлық мүлікті халықтың атынан басқарады және әрине, Парламент пен Үкімет алдында есеп береді», - деді Президент.