Кіші Аралдың келешегі не болмақ?
Кіші Аралдың келешегі не болмақ?
760
оқылды
Қазіргі Арал жағдайы – ғалам мен ғасырлар қасіреті деп мойындалған. Негізі оны Чернобыль апатынан кейін, әлемдік ауқымда екінші орын­ға қойып отыр. Осы халде ол үде­мелі ілге­рі­леуші, шұғыл өз­ге­ріс­тер уақытының үмітті ке­зеңіне иек артты. Заман өз­гер­ді, дү­ниетаным өсті, құлдық пси­­хологиядан құтыл­дық, ақ пен қара жік ашқан шын­­дыққа жеттік, иманды­лық болмы­сы­мыз­ға енді. Әйтсе де, анығы сол – сонау Арал сон­ша қуа­ныш­­­ты игіліктер, өз­­ге­рістер мен өрлеулер бе­­де­­рінде өзінің қа­сірет көр­­песін әлі бүркену­мен жатыр.  

ЕЛ КІШІ АРАЛДЫҢ ТОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Осы өткен отыз жылға жуық уақыт ішінде, әсіресе Қазақстанның Арал жолында атқарған шаруалары бір төбе. Бұл істер халық көзінде, әлем назарында, тарих парақтарына жазылды. Еліміз бастамасымен Арал форумы дәстүрге еніп, Халықаралық Арал кеңесі, Аралды құтқару қоры құрылды. Арал туралы заң, халықты әлеуметтік қолдаулар болды. Зор игіліктер. Олардың жақсылығын өлке жұрты әлі де көріп отыр. Себеп жойылмай, салдар өшпей­ді. Терең себеп – Арал. Елге аса құнды әлеуметтік шаралардан өзге, теңіздің өз басы үшін де бізде бірсыпыра істер атқарылды. Соның шоқтығы биігі, жұрт осы күні «ғасыр жобасы» деп жүрген Солтүстік Арал айдынын тұтас тірілту жұмысы. Үлкен Арал планетарлық күрмеуі қиын мәселеге айналғанда, біз «ең болмаса, Кіші Аралды аман алып қалайық!» деп бастама көтерген едік. Солтүстік теңізді тірілту «Сары­шы­ғанақ» деген паллиативпен күр­меу­лі тартыста өмірге келді. Өткен ғасырдың 80-жылдары соңында Арал қаласы түбіндегі «Сарышы­ға­нақ» басатын бөлектеу ісі басталған. ҚазКСР үкіметі, сол кездегі респуб­лика Балық шаруашылығы министр­лігі сондай жартыкеш (паллиатив) амалды қызу қолға алды. Теңіз тар­ланы, марқұм Нарғали Демеуов аға Мәскеуде өзі куә болған сол жайтты айтса, Қазақстан жағы бұл іске қан­ша құлшынса да, Мәскеу онша қол­да­маған. Орыста «отбелива­ние фаса­да» деген сөз бар, мағынасы өрт алған үйдің босағасын жылтыра­тып әктеп қою. Тамырына балта шабыл­ған Арал үшін тоқымдай «Сары­шы­ғанақ» дәл сол еді. Алып елде сондай да бір күлкілі үрдіс бол­ған... Сол «Сарышығанақ» аз ғана мерзімде 18 миллион советтік «алтын» рубльді жұтып үлгерді. Көп есіл қаражат жел­ге ұшты, топыраққа көмілді. Ал­тын уақыттан ұтылдық. Көп су рәсуа кетті... Ақыры, тарих өзі кесім жа­са­ды: сол шара жүре-бара құм қапты. «Ең болмаса, Кіші Аралымызды сақтап қалайық!» деген халық тілегі, осы ұсыныс айтылғаннан 16 жыл уа­қыт өткенде ғана – 2005 жылы жүзеге асады. Бұған да шүкіршілік де­лінді. Анығы, біртұтас Солтүстік Арал бастамасын ел қолдады. 1989 жылы (осыдан 30 жыл бұрын) «Кіші Арал» идеясын көтерген көлемді мақала жаздым «Қазақ әдебиеті», 1 және 8 желтоқсан, 1989 ж.) Бұл оқшау идеяны т.ғ.д., профессор А.Тұрсынов батыл қолдады. 500 адам қол қойған Арал халқының респуб­лика басшылығына хаты жария­лан­ды. Арал қаласы, Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, Ақбасты, Ақеспе, Тас­түбек балықшы ауылдарының жүзде­ген тұрғыны Кіші Арал жолында басшылыққа толассыз сұрау салды. 90-жылдары облыс басшылығы (С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев) сол ұсы­ныстарды «халықтың табанды сұра­ны­сы» деген орынды уәжбен жоғар­ы жаққа мәлім етті. Жаңа ғасыр ба­сын­да ел Үкіметі қабылдаған «Сыр­­­дария арнасын реттеу және Сол­түстік Аралды сақтау» жобасына (САРАТС) жол солай салынды. Жас қоға­мымызда халықтық, демокра­тия­­­лық бір жақсы жеңіс солай жүзеге асты. Ел тұтас (бірдеңгейлі) Кіші Арал­дың толуын сұрап отыр. Осы күні айтылып жүрген 48 метр емес, 50-52 метр деңгейде жүзеге асса дейді. Ха­лық сұрауы негізсіз емес. Кіші Аралы ұзақ күтті. Теңіздің еліміз бөлігіндегі елеулі аумағы – бүкіл Аралдың 1/10 акваториясын бүгін­гі бірден-бір тарихи сәтте, ең ұтым­ды деңгейде шешіп алу мүмкін­дігі бар. Еліміздің су саясаты арқасында Сыр суы Арал­ды демдеп тұр. Орталық Қазақ­станға мол су көздерін жеткізу идеясы күн санап шындық тұғырына көтеріліп келеді. («Кең даланың ризықты ар­на­сы», «Егемен Қазақстан», 02.10.2019ж.) Бұл ертеңгі күн Аралға да ке­летін бір үмітті су көзі. Осындай мүм­кіндіктер мен перспективалар алдында, САРАТС-2 кезеңін бастау­да, Солтүстік Аралды 50-52, бәлкім 53 метр деңгейде жобалап, кіші те­ңіз­ді көтеру жұмысына жол ашу керек. Бұл үшін жеткілікті уақыт өтті. Толғағы жеткен мәселені мәлім­сіз түрде ары ысыра берудің енді жөні жоқ. Арал аумағынан жылына 1 метр қалыңдықта су буланып ұшады. Солтүстік Аралда бұл көрсеткіш төмендеу. Кіші Арал деніне жыл бойы 1 миллиард текше метр шама­сын­да жауын-шашын (150 мм), сай-жылға суы түседі. Демек, 50-53 метр­лік Кіші Арал айдынын (5-6 мың шаршы шақырым) ұстап тұру үшін Сырдан (қайтарымды-қа­шырт­қы суды қоса) 4 текше шақырым су жете­ді. Осы су жылда әр көлемде Оңтүстік Арал сорына құлап кетіп жатыр. Жай кетіп жатқан жоқ, мың­даған тонна балық­ты төлімен қоса әкетіп жатыр... Ал кіші теңіз толы­суы­на қажет 30-35 текше шақырым су – Арал алабына жал­пы көктен-жерден бұйыратын ылғал­ға байла­ныс­ты. Оның уақытын табиғат ыр­ға­­ғы анықтайды. Сол «Көкарал-1» бө­геті көтерілген 2005 жы­лы маман­дар кіші теңіз 3 жылда толады деген, ол бір қыстың өзінде шал­қып шық­ты.  

АРАЛДЫ САТЫП АЛУ МҮМКІН ЕМЕС

Сыр бойы ел күрішінің 90 про­цен­тін береді деген көтеріңкі сөз мына Арал-Сыр халі бедерінде күпірлік іспетті. Күріш деген асыл дәмнен бұрын кенделік жоқ еді, кеңестік көкірек, кейін нарықтық есептер осы тірлікті ел-жердің жара­қат­ты проблемасына айналдыр­ды. Соңғы 30 жыл бедерінде қанша дабы­ралатқанмен Арал-Сыр таби­ға­ты оңалған емес, бұрынғыдан бетер құл­дырап кетті. Жаңа тарихы­мыз­дағы кері үдерістер! Сондай су­самыр дақылдарды таптаурын дәстүр ізімен Сырға таңа бермей, ел аумағына тарата өсіру мүмкіндігі бар, сол жол­дар неге ізделмейді? Сыр бойын­да ай­мақ шаруашылықтарын әртарап­тан­дыру көп айтылады, әйтсе де су үнемді бақша, басқа да тір­лік көзде­рін дамыту ісі әлі маңды­май тұр. Күріш пен мақтаны сатып алуға болар, ал Аралды ақшаға сатып ала алмайсың. Орта ағыстағы «Көксарай» Арал­ға көмек үшін деген зор уәдеде салынып еді. Енді ол екінші Шарда­раға айнала ма? «Көксарай» міндеті – дарияның апатты жағдайына кері су реттегіш. Су реттегіш уәделі мис­сия­сын үмітті Арал алдында орын­дауы керек... Ал дарияның апатты мінезі бәрібір пәлендей өзгеріссіз қалып тұр... Соңғы кездері Сырдағы аз ағынды мейлінше игеріп қалу мақсатында тағы да су қойма­ла­рын салу айтылып жүр. Қызылорда облы­сы­ның өзінде «Күміскеткен», «Қара­өзек» қоймалары күн тәртібін­де. Бұл ондаған жылдар бойы Арал халқы табанды түрде сұрап отырған бірдең­гей­лі Кіші Арал ұсынысынан гөрі, қабағат қолға алынды. Жаңа гектарға ағыл-тегіл су керек... Кезін­де КСРО шөлді өлкеде толыса ағып жатқан еркін дариялардан экономи­калық, әлеуметтік, тіпті демография­лық мол пайда жоспарлап, бет қарат­пас уәждермен Аралды жоқ еткен. Осы саясат 1993 жылғы тұң­ғыш Арал сам­ми­тінде қатты сынға алынған. Елбасымыз дариялар бойындағы біржақты саясат: дара дақылдар экс­пан­сиясын тежеу, экстен­сивті, ысы­рап­шыл су пайда­лану ісін тыю, үнем­ді жолдар, шаруашылықтарды әрта­раптандыру, Арал, экология жайын оңалтуды баса айтқан. Ең бастысы, сондай әсіре прагматика­лық, бір­жақты саясаттарға (дара да­қылдар экспансиясы, шаруашы­лық үшін табиғатты жұтата беру, көз алдында аққан суды тіршілік уәжі­мен әйтеуір ала беру) бүкіл дүние, ұлы тарих үкім айтқан жоқ па? Сол та­рих­тан алған сабақ, апатты өлке үс­тіндегі иман­ды­лық сөзіміздің құны не?  width= Қоймалардың булану, жерге сіңу шығыны ыстық өлкеде көп су ысы­рап­тайды. Сонда қалай? Оңтүстік көршілер дария бойына сондай құры­лыс саламыз десе, біз Аралды алға тартып, экология, әлеумет жайын айтып, халықаралық ауқымда орынды сөз көтереміз. Бұл әлем кеңіс­тігінде сауатты, өркениет­ті, дұрыс қадамдарға жатады. Ал өзіміз­ге келгенде, Сырымыз үшін «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болма­ғаны ма? Азын-шұғын су ағып жатыр екен деп, дарияның шамалы ағыны­на қол сала беру не? Ел пікірімен санасу, қоғамдық тыңдаулар болды ма? Байланған судан дария атырауы­на, теңізге не қалады? Булану, жерге сіңу рәсуасының өзі Сыр аяғына жетер судың миллиондаған текше метрін жоқ етеді. «Күміскеткен», «Қараөзек» жоба­л­арында бір гәп бар: «осы күні Үлкен Арал сорына «Көкаралдан» жылы­на 3-4 текше шақырым су кетіп жатыр. Соны шаруашылыққа уа­қытша пайдалана тұруға бұл қой­ма­лар керек. ертең Кіші Арал көтерілсе, олар өз «күшін жойып», суды төменге жібереді». Солай болса жақсы ғой! Бірақ «Көксарай» маңында жоспар­ла­нып жатқан тірліктер анау – 60 мың га суармалы жер түсіру, балық шаруашылығын дамыту... Шаруашы­лығы тамырланып қалған қызметтер ертең ауыздағысын бере қоя ма? Ал күн санап жұтап бара жатқан қайран Арал-Сыр табиғаты көз алдымызда. Сыр бойына екінші, үшінші «шарда­ра­лар» қажет пе еді? Тарих ескертуі бар: Аралмен бұлай «ойнаудың» керегі жоқ.  

АЛАДДИНДЕ АЛАДДИННІҢ ҚҰПИЯСЫ БАР МА?

Ал кеше тірілген Кіші Аралды 18 жілікке (телімге) бөліп, онан «олжа сауған» іскерлер үнсіз әліптің артын бағуда. Олардың тірліктері жаман емес, оңды-солды шаруаға мол жетіп жатыр... Бірақ олар халық үніне мо­раль­дық та, материалдық та үн қос­пайды. Сірә, әліптің артын баға­ды. Ал Кіші Аралды пайдалану, онан балық аулау жайын айтсақ, бұл бір бөлек жыр... Сол теңіз әлі де толы­сып, туырылған тың айдындар қосыл­са, оны тағы жіліктеп алудан үміт бар. Тек халықтық бұл бастамада бұлар тараптан азаматтық тұғыр байқалмайды. Осы ретте тағы бір жайтты айт­пай кетуге болмас. Біздің кей жігіт­тер, ретті-ретсіз, Ресейдің кей тұлға­ла­рының «Кіші Аралды» көтерудегі ерен ерлігін ел алдында әспеттеуді әдетке айналдырды. (Не мәніс?) Мысалы, Н.Аладьин деген петербор­лық бір ғұлама теңізде жұмыс істеген (бірде табандаған 3 ай жатып). Оған елден жылу жинап (әркім мал, пұл беріп), еңбекақысын төлеген. Айту-саптауы, ол теңіз суын, тіршілігін зерттеген... Жақсы! Еңбегіне рақмет! (Аралдың едәуір мәліметі өлі теңізде 30 жыл жұмыс істеген Әбілхан Сариев сияқты өз жігіттеріміздің ең­бе­гі­мен Аралдағы ҚазНИИРХ бөлім­шесінде қаттаулы тұр-ау...) Теңіз суын зерттеу де мәнді ғой, негі­зі, Көкарал бөгетін көтеру еді елге қажеті. Ел табан тіреп отырған Сол­түс­тік Аралды ежел жағасына жа­қын­датуға жер сейіс халықтың нақты ұсыныстары тұр еді... Осы ретте 90-жыл­дары Мәскеуде болған бір жайт еске түседі. Бізге де сол кездері ресейлік біраз ғұлама қолқа салған: «Республика басшылығына, депутат­тар­ға әсер етіңіз, сөз өткізіңіз: Арал­ды зерттейміз, теңізді толтырып береміз, қолдан жауын жаудырамыз, құм басқынын тоқтатамыз!..» Ұсы­ныс­ көп еді. Басты шарты – пә­лен­бай миллион пұл болса болды... Көкейде өз пайдалары басым ондай жанашыр-ғұламалыққа біз рақмет айтып қана қойғанбыз... Әлгі ғұлама соны еске түсіреді. Енді ол мырза Арал жиынынан қалмайды, жігіт­тер­ді көгендеп тұрғызып, «Кіші Аралды» көтеруге оларды қалай «надоумить» еткенін айтады, жігіттер оған бас шұлғиды. Қарап тұрсаң: бір жағы – кешегі «қызыл империядан» қалған ұлы ақылмандық, бір беті – төменшік психология – көне рухани үзір. Ол ғұлама еңбегіне рақмет, әрине. Тек олар бізге Сібір суын Аралға әкелуге, үлкен Арал, «Возрождения» пробле­ма­ларын шешуге септессе, кәнеки! Сондай күштілікте, соларды неге көтермеске? Іскер болса, 15 жыл бойы САРАТС-2-ні бастауға неге дем бермейді? «Кіші Арал» – ел бастамасы, халық ізденісінің нәтижесі. Идея Елбасымыздың қолдауымен жүзеге аса бастаған. «Көкаралдың» жоба-негіздеулерін «Казгипроводхоз» мекемесі жасады. Бұл істі ары дамытуға үн көтерген ел абыздары Ә.Нұрпейісов, Т.Шар­ма­нов, Қ.Ормантаев, Н.Қып­шақ­баев, М.Қаназов ел басшылы­ғы­на ашықхат жолдады («Түркістан» газеті, 2016 жыл). Біздің көзі ашық жігіт­­тер осынау азаматтық талпы­ныс­­тарды білмей ме? Өз тарихын көр­мей, өзге «авторитеттерге» бас шұлғи беру не? Әлде, бүгін жазылып жатқан қазақ тарихы олар үшін тарих емес пе? Өз құндылығыңды тану – азаматтық, «өз ағасын аға­ла­ма­ған, кісі ағасын жағалаған». Арал басында осындай да мораль­дық-өнегелік жайттар бар... Белгілі су маманы, еліміздің Су шаруашылығы министрлігін кешегі және жаңа тарихымызда 14 жыл бас­қарған Н.Қыпшақбаевтың сара­лауын­ша, бүгін біз үшін өткір тұрған мәселе – Сырдағы 12 текше шақы­рым үлесті таза суымызды көздің қара­шығындай сақтай алу. Және Кіші Аралды тұтастай көтеру. САРАТС-2 кезеңінің 7 құрамдас бө­лі­гі және Кіші Аралды көтеру ісі – бұл алгоритм мемлекет деңгейінде мақұл­данған. Елімізде Іле-Балқаш, Алакөл, Жайық-Каспий атырабы мәселелері бүгін ізетпен ауызға алынады. Бей­не­леп айтсақ, ол жерлер ел махабба­ты­на бөленген. Бұл – өркениетті қоғам нышаны. Ал Сыр-Арал ше? Ол да бүгін бар, ол да таби­ғаттың бір перзенті ғой. Және әлем қабырғасын қайыстырып отыр­ған ерекше жайт. Ендеше Сол­түс­тік Арал тірлігін сонша жыл сөз­бұйдаға сал­ған бұл не салғырт­тық? Сырдария суына деген тойым­сыз әсірепрагма­тис­тік көз­қа­рас қашан тыйылады? Бірдеңгейлі Кіші Арал қашан көтеріледі? Арал үстінде айтылған биік сөз, иманды уәделер қайда? Елге барған сайын, қиындықтан арылмаған бүгінгі теңіз жайын үл­кен­дер көп айтады. «Көрінгенге жем етпей, көрінген баладан қорықпай, баяғы ата-баба үрдісінде еркін жүре­тін» Аралын аңсайды олар. Бұл – бір тың әңгіме тақырыбы. Солтүстік Арал көтерілсе, толымды теңізді енді «жіліктетпей», нарық ауанында, өзгелеу бір заңдылық жолын табуға да болар еді. Сыр-Арал төңірегіндегі тірлік­терге өркениетті ел үдерісінде жаңа технологиялар, ең бастысы жанашыр көзқарас керек. Бүгін бүкіл әлем экология үнін көтерді. Ендеше Арал өлкесі енді көз жұмып, құлақ басып отыра бермес. Үлкен Арал өмір­ге орала ма, жоқ па, мұны бола­шақ көрсетер. Бірақ толымды Кіші Арал елге өзінің толық мәнінде, көп жылдар қызмет ететін болады. Солай екен, қазір беріліп тұрған тари­хи мүм­кіндікті ең ұтымды нұсқа­да жүзе­ге асыру шарт. Мұның уақыты келді. Ертеңін ойлаған қазақ қораны мол пішкен, үйді кең салған... Болашақ үшін. Ұрпақ үшін.   Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы, эколог