Жамбылдағы жарылыс жаңғырығы
Жамбылдағы жарылыс жаңғырығы
738
оқылды
Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы басылар емес. Бұған дейін қоймадан шыққан өртке қатысты күдікті ретінде өрт сөндірушілер мен әс­керилер қамауға алынғанын айтсақ, енді күні кеше мина қалдықтарын жарып жатқан аймақтағы шаруалар шу шығарды. Олардың сөзіне сүйенсек, қауіпсіздік шараларының тиісті деңгейде сақталмағанынан айналаны өрт шалып, қожалықтар мал жаятын жер таппай отыр екен. Шаруалар неге шырылдайды? Негізі Байзақ ауданындағы әскери бөлімде қалып қойған оқ-дәрілердің қолмен жару жұмыстары жүргізілетіні туралы халыққа ескертілген. Қауіпті қалдықтарды жою үшін әскери бөлімнен 12 шақырым қашықтықта орналасқан таулы аймақ та арнайы таңдап алынған. Жару жұмыстары екі ай бұрын бастал­ғанымен жергілікті шаруалар мал төлдейтін уақытта берекені қашырмауды өтінгеннен кейін біраз уақыт тоқтатылған. Енді міне, қайта қолға алынған жұмыстың нәтижесінде мамандар тәулігіне 720 дана жарылғыш заттың көзін жоюда. Күніне екі рет жүргізіліп жатқан жару жұмыстары жақын маңдағы елді мекенге анық естілгенімен, мамандар тұрғындар мен жан-жануарларға еш қаупі жоғын айтқан. Алайда бұл шаруаларға басу бола алмағандай. Олай дейтініміз – күні кеше байзақтық малшылар бас көтеріп, жару жұмыстарының кесірінен жайылымды өрт шалып, төрт түлікке беретін азық таппай қалдық деп жанайқайын білдірді. – Жарылыс болды, артынан өрт шықты. Алайда өртті бірде-бір адам келіп өшірмеді. Өзіміздің әрекет етуімізге тура келді. Бірақ қажетті техникасы жоқ біздің қолдан не келеді дейсіз? Жайылымның көп бөлігін тілсіз жау жайпап кетті. Жары­лыс жасасын. Алайда сақтық шаралары болуы керек қой. Мұнда өрт сөндіруші көліктер, арнайы мамандар тұруы қажет. Бірақ олардың бірін көр­медік, – дейді шаруа Әбдірахман Қаһар­манов. Жауаптылардың жауабы қандай? Өрістен шыққан өртке облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы жарылыс жұмыстарының еш қатысы жоқтығын айтып, тілсіз жау күн ыстығынан туындады деп ақпарат берді. Осы орайда біз мәселенің анық-қаны­ғына жету үшін Қорғаныс министрлігі Тараз гарнизонына байланысқа шықтық. Жамбыл жарылыс – 30 маусым күні Байзақ ауданындағы жарылыс жұмыстары кезінде құрғақ шөп өртенді. 120 адамнан құралған әскерилер өртті сөндіруге бірден кірісіп, өрт сөндіру көліктері де жұмылдырылды. Сондай-ақ жергілікті орманшылар да өртті ауыздық­тауға көмек қолын созды. Нәтижесінде, өрт толықтай сөндіріліп, ешкім жарақат алмады. Жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан маңда сақтық шаралары жіті сақталған. Мамандар тәуліктік кезекшілік жүргізуде. 6 маусымнан басталған жарылыс жұмыстарына адам жоқ таулы аймақ таңдалып алынды. Сондықтан халыққа да, төрт түлікке де келер еш қауіп жоқ, – дейді Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Дина Мухаринова. Тараздың төбесінен түскен сәуле не? Жарылыстан жайылымды өрт шалғанын жауаптылар жасырмай отыр. Демек, шаруалардың жанайқайы орынсыз дей алмассың. Алайда құзырлы мекемелер қандай жағдайға болмасын дайын екендерін айтып, жару жұмыстары тоқтамайтынын анық аңғартты. Осы орайда бір айта кетерлігі, дәл 30 маусым күні түнде Тараз аспанынан жарық сәуле жерге түсіп, тұрғындардың үрейін алды. Куәгерлердің айтуынша, жарықтың алдында жылы леп ұрып, сәуле жерге түскенде жақын маңдағы үйлердің жарықтары сөніп қалған. Бұл жағдайды кейіннен Төтенше жағдайлар департа­менті Қант зауыты аумағында электр бағанасы құлады деп түсіндірді. Бірақ бұған көпшілік сенбейді. Себебі жарық сәуледен кейін жалынды от шыққанын көргендер айтады. Бірақ бұл жағдайдың жарылыс жұмыстарына еш қатысы жоқтығы туралы Тараз гарнизоны ақпарат берді. Дина Мухаринованың айтуынша, жойылып жатқан қауіпті қалдықтардың арасында қашыққа ұша­тын бірде-бір жарылғыш зат жоқ екен.  
P.S Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда Байзақтағы жарылыстар тұтас бұқараның қарсылығын тудыруда. Бірі жайылымды айтып жанайқайын білдірсе, екіншілері күн сайынғы дүмпуден жүректері шайлығып қалғанын айтады. Жалпы, Байзақта қару-жарақ қойма­сын­дағы жойқын жарылыстан 17 адам қаза болғанын ел жақсы біледі. Кіші сержант Бауыржан Дауытбаев әлі күнге із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Жауынгерді іздеу жұмыстары жалғасуда. Алайда құм арасынан өзге әскерилердің кілті, көзіл­дірі­гі сияқты бұйымдары табылып жат­қаны­мен, Дауытбаевқа қатысты бірде бір дерек жоқ.

Жамбыл облысы