Сенаторлар аймақтарда тұрғындармен кездесті
Сенаторлар аймақтарда тұрғындармен кездесті
433
оқылды
Сенатор Ақылбек Күрішбаев А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ұжымымен астық шаруашылығын дамытудың алдағы перспективаларын талқылады. Кездесу депутаттың Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Шортанды ауылында өтті. Кездесу барысында депутатқа екі жетекші ғылыми ұйым әлеуетінің синергетикасы сапалы жаңа ғылыми бағдарламалар дайындауға мүмкіндік бергені туралы хабарланды. Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Осакаров, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында болып, аудан әкімдерімен, сондай-ақ жергілікті мәслихат хатшыларымен және аудандық ішкі істер бөлімдерінің басшыларымен кездесті. Кездесу барысында депутат жерлестеріне Парламент Сенатының заң шығару жұмыстары мен өткен сессияда Сенат қабылдаған заңдар туралы жан-жақты айтып берді. Сенатор көптеген заң жобасы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын баса айтты. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Қарасай ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелерін талқылады. Ауылдық округ тұрғындары депутатқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, электрмен   және газбен жабдықтау, жер телімдерін бөлу, жол салу және жөндеу, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға материалдық көмек көрсету мәселелері туралы айтып берді. Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесті. Сенаторлар оларға VII шақырылымның 2 сессиясы барысында атқарылған жұмыстар туралы айтып, Парламенттің осы сессиядағы қызметі азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі кешенді шаралар мен қоғамдық-саяси бастамаларды іске асыру үшін уақытында заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен барды. Сенатор Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушыларымен орта арнаулы білім беруді дамыту мәселесін талқылады. Білім ошағының күндізгі бөлімінде 370-тен астам студент білім алуда. Сенатор оқу орнының материалдық-техникалық жағдайымен танысып, колледж оқытушыларымен әңгімелесті. Жиын барысында білім ошағына қолдау көрсету мәселесі және студенттерге арналған шеберхана құрылысына бюджеттен қаржы бөлу қажеттігі талқыланды. Сенатор Дана Нұржігіт жұмыс сапары аясында Қызылорда облысының бірқатар өңірін аралап, жергілікті халықпен кездесіп, палата қабырғасындағы жұмыстар бағыты туралы баяндады. Ол Қазалы ауданына қарасты Лақалы ауылында болып, оның  жай-күйімен танысты. Депутат ауыл орталығында орнатылған «Құрмет алаңының» ашылуында болып, мұндағы жаңадан салынғалы жатқан мешіттің алғашқы іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ сенатор ауыл тұрғындарымен еркін форматтағы кездесу өткізді. Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Бекболат Орынбеков Ақмола облысының Ақкөл ауданына жұмыс сапары барысында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Парламентшілер палатаның VII шақырылымының 2-сессиясы жұмысының қорытындылары, қаралған мәселелердің тізбесі, мақұлданған нормативтік-құқықтық актілер мен пысықтауға жіберілген жобалардың саны туралы айтып берді. Кездесуге қатысушылар сонымен қатар еліміздің жоғары заң шығарушы органының жұмысына қатысты Конституцияға түзетулерді жүзеге асыруды, сондай-ақ Сенат жұмысындағы бүгінгі басымдықтарды талқылады. Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева «Алматыкітап» баспа үйінде болды. Қазақстандағы баспа нарығын өркендету ісіне қатысты мамандармен пікір алмасты. «Алматыкітап» баспасы құрылған күнінен бастап жаңа тәсілдермен жұмыс істеп келеді. Қазір баспагерлер Эстония тәжірибесіне сәйкес Қазақстан мектептерін электронды оқулықтармен жабдықтау ісіне мықтап кіріскен. ТМД елдері арасында және әлемдік кітап басып шығару саласында үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан «Алматыкітап» баспа үйінің жаңа межелері де ауқымды. Бүгінде баспа үйінің қызметін 200-ден астам мектеп пайдаланып отыр. Пандемия жағдайында қашықтан оқу әдісі өмірге енген болатын. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар «Алматыкітап» әзірлеген платформа арқылы үздіксіз білім беруді жалғастыра алады. Сенаторлар «Алматыкітап» баспасының Абай атындағы кітап үйінде болып, кітап саудасын жетілдіру мәселесіне назар аударды. Сенат депутаты Динар Нөкетаева Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде депутаттардың назар аударуын талап ететін мәселелер аясында оқу орындарының жұмысымен танысу мақсатында Азаматтық авиация академиясында болды. Кездесу барысында сенаторға жоғары оқу орындарының жұмысы мен даму жоспары таныстырылды. Парламент мүшесі сонымен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде де болды. ҚазҰАЗУ ғалымдары университет зерттеушілерінің ауыл шаруашылығы және орман ресурстары саласындағы соңғы ғылыми жаңалықтары туралы айтып берді.