Желіде жалған жарлы көп
Желіде жалған жарлы көп
798
оқылды
Бәрі әлеуметтік желідегі парақшама бейтаныс адамның көмек сұрап хат жол­дауынан басталды. Айтуынша, көпбалалы, әйелі ауыр дертке шалдыққан. Енді дә­ріге қаржы керек екен. Бұл бірінші рет емес. Бұған дейін де бірнеше адам дәл осылай көмек сұраған еді. Әдеттегідей барлық хабарламаның соңы есепшот нөмірімен аяқталады. Қазір дәл осылай онлайн қайыр сұрайтындар көбейді. Тіпті, оның қайсысы шын мәнінде көмекке мұқтаж, қайсысы алаяқ екенін ажыратудан қалдық. Әсіресе танымал тұлғалардан қайыр сұрап, қол жаятындар кө­бейіп барады. Жағдайы жақсы бол­са мұқтаж жанға көмекте­с­кен­де не бар дерсіз? Бірақ қол-аяғы сап-сау, еңбек етуге қабілетті жас­тардың қайыр сұрауы жиілеген. Ал кез келген пікірлер топтамасын ашсаңыз, 10 пікірдің екеуі қайыр сұрау. Әдетте танымал адамдарға жазатындардың дені баласының еміне, ішер ас пен киер-киіміне ақ­ша сұрайды екен. Мейлі, әуел­гісі амалдың жоқтығынан болар, ал соңғысы ше? Психолог Дәу­рен­бек Құдаровтың айтуынша, қайыр сұрау масылдықтың бір түрі. Шын мұқтаждар жағдайын айтып қайыр сұраудан ұялады. Ал интернеттегі қаптаған тіленшілер қайыр сұрауды кәсіпке айнал­дырып алған. – Интернет болмаған кезде де қайыр сұрайтындар болды. Қайыр сұраушыларды әуесқой және кә­сіпқой деп екіге бөлер едім. Әлеу­меттік желі дамыған сайын мұн­дай тіленшілердің саны да көбейе береді. Арасында шын мұқтаждар да бар. Бірақ қайыр сұрауды кә­сіпке айналдырып алғандар да көп. Шыны мен өтірігін ажырату мүмкін емес. Қайыр сұрайтындар адамның ішкі сезімдерімен ой­найды. Азаматтардың аяушы­лы­ғын оятып, көмек сұрайды, – дей­ді Дәуренбек Құдаров. Қазақ қашанда қолындағы ба­рын қайырымдылықтан аяма­ған халық. Алайда жеке пайдасы үшін қайырымдылық атын жа­мылып, қара басын ойлайтындар мен «көмекке мұқтажбын» деп алдайтындардың санының кө­бейгені халықтың сеніміне қаяу салып отыр. Әлеуметтанушы Шың­ғыс Төрездің пікірінше, әлеу­меттік желіде қайыр сұрайтын азаматтар санының артуы жа­һан­д­ану процесінің әсері. Яғни, қа­йыр­шылық та цифрланды. – Мұның пайдалы және зиян­ды жағы бар. Бұл шын мұқтаждар үшін тиімді болса, ал алаяқтардың көбеюі қарапайым халық үшін ажыратуға қиындық тудыруда. Құқық қорғау қызметкерлеріне де жалған жарлыларды анықтау оңай емес. Мұқтаж жан арнайы қа­йы­рымдылық жасайтын ұйым арқы­лы қайыр сұраса, нормаға сай бо­лар еді. Ал кез келген адамның әлеуметтік желіде әркімге жазып қайыр сұрауы дұрыс емес, – дейді Шыңғыс Төрез. Әлеуметта­ну­шы­ның айтуынша, желіден жұрттың жаппай тіленшілікпен айна­лы­суын масылдық, масылдық емес деп кесіп айту қиын. Нақты де­ректерге сүйенсек, темір тордың арғы жағында отырып та осындай жолмен ақша тауып, кәсіпке ай­налдырып алғандар да бар. Сон­дай-ақ әлеуметтік желіде мұқ­таж жандардың атын жамылып, па­рақша ашып қайыр сұрайтын алаяқ­тар да кездеседі. Ал мұқ­таждар өздері осылай қайыр ті­лесе оны масылдық деп атауға болады. Себебі қоғамның өзі со­ған жағдай жасап отыр.

Қайырымдылық қорлар қаптап кетті

Мұқтаждық пен масылдықтың ара-жігін ажыратудан қалып бара жатқанымыз жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Мемлекет басшысы енжарлықтың жарға жығатынын ескертіп, ха­лықты осы әдеттен арылуға ша­қырған-ды. Бірақ, желіде онлайн қайыршылардың қаптауы бұ­рын­ғы жартастың әлі сол жартас еке­нін аңғартса керек.Үш жыл бұрын мұқтаж адамдар 24 пайыз еді, қа­зір бұл көрсеткіш 38 па­йызға дейін көбейген. Өйткені жыл өт­кен сайын масылдық көбейіп ба­­рады. Үйде жатып интернетке кі­ріп елден қайыр сұрау адал ең­бекке қарағанда әлдеқайда оңай болып тұр. Сәйкесінше желідегі жұрт та онлайн тіленшілерден шаршаған. «Харекет» қайы­рым­ды­лық қорының құрылтайшысы Мадияр Серікбаевтың айтуынша, халық жарлыларға көмек бергісі келсе, тек белгілі бір қайырым­дылық қорларына жүгінуі керек. Себебі кәсіби тіленшілер қорларға бармайды. Шындығы әшкере болып қала ма деп қорқады. – Біздің қор сұраған адамның барлығына бірден көмектеспейді. Көмек сұраған азаматтың тұрып жатқан үйін тексереді, басындағы баспанасының бар-жоғын, қанша несиесінің барын анықтап әкім­шіліктен анықтама алады. Қо­сым­ша ақпаратты көршілері мен мешіттерден де сұрайды. Осындай тексерістерден өткеннен кейін ғана біз шын мұқтажды анық­таймыз. Басында баспанасы болса да мұқтажбыз деп келіп, үй сұ­райтындар болды,– дейді Мадияр Серікбаев. Дегенмен қазір аты бар да, заты жоқ қайырымдылық қорла­ры қаптап кетті. Интернетте қа­йырымдылықпен айналысамыз деп өз-өзін жарнамалайтын ұйым­дарға сене беруге болмайды. Мұндай қайырымдылық ұйымдар салымшылардың сеніміне кіріп, ақшаны жымқырғаннан соң жа­былып қалады екен. Кейіннен жаңадан және жаңа атаумен ашы­лып қайтадан алаяқтық әре­кет­терін жүзеге асырады. Оның ғаламтордағы сайтының ақпары 2 беттен аспайды. Бұл жағдайда қайырымдылық қорлары туралы ақпаратты алдын ала тексеріп, күмәнмен қараған жөн. Өйткені елімізде қайырымдылықты бақы­лайтын жүйе мен арнайы мекеме жоқ. 2015 жылы 16 қарашада «Қа­йырымдылық туралы» заң қабыл­данды. Алайда заңда қайырым­дылық жұмыстарын бақылаушы, жүйелеуші мекеме көрсетілмеген. Салдарынан шын мұқтаждар қа­йырымға жарымай, алаяқтар ай­ла­сын асырып жүр. Айталық ал­ма­тылық жалғызбасты әже Зия­да Қалниязова шарасыздығын пай­даланып, «көмек көрсетеміз» деп алдап, жағдайын фото-видео­ға түсіріп, артынша жоғалып ке­тетін жастардың көп екенін айтады. – Көмектесеміз деген жастар жиі келеді. Қайырымдылықпен айналысатындарын, халықтан ақша жинап беретіндерін айтты. Менде шын шығар деп ойлап ке­лісім бердім. Бірақ уәдесін орын­дап, екінші рет үйіме келген еш­қай­сы жоқ,– дейді Зияда Қалниязова.

Интернет қайыршылық «эпидемиясы»

Еуропа мен Америкада онлайн қайыршылық мүлде басқаша си­пат алып, бизнес деп танылатын деңгейге жеткен. Бұл жақта әлеу­меттік желі арқылы ақша сұрау баяғыда ескірген, ол жақта қайыр сұрайтындар жеке сайт ашады. Оларды cyber-beggars деп атайды. Қазіргі кезде E-Panhandling, cyberbeg сияқты порталдар белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Сайттарға кіріп қарасаңыз несие карта­сы­ның қарызын өтеуге, пластикалық ота жасатуға, емделуге немесе оқу ақысын төлеуге, күйеуіне қар­жы­лай тәуелді әйелдің ажыра­суы­на, сондай-ақ фильм түсіру не­месе аль­бом жазуға бірнеше цент­тен мил­лион долларға дейін сұ­раға­н­дардың жазбаларынан көз сүрінеді. Тіпті, Билл Гейтстен де ас­қан бай болуға көмек сұрай­тын­дар, су жа­ңа көлік алуға жәр­дем­десуге ша­қы­ратындар да кездеседі екен. Аме­рикалық Wired журналы ки­бер-тіленшілік сайтын ең ал­ғаш ашқан адам – Карин Боснэк есім­ді телепродюсер екенін жа­зады. Ол 2002 жылы несиесін өтеу­ге қиналып, ақша сұрау мақ­са­тында жеке сайтын ашқан. Нә­тижесінде оған 13 мың доллардан астам ақ­ша түскен, сөйтіп аз уа­қыт ішінде бар қарызынан құ­тыл­ған. Содан бастап ол басқа онлайн тілен­ші­лерді қолдаумен айна­лыс­қан. Нью-Йорк Таймс басылымы e-қа­йыршылық эпидемиясы осын­­дай сайттардан басталғанын растайды және 2002 жылғы 23 маусымды онлайн тіленшіліктің туған күні деп санауға болатынын жазған. Сондай-ақ АҚШ-та қайы­рым­дылық қорлардың жұмысын Салық комитетімен қатар Фе­де­ралды тергеу бюросы, бизнес бю­росы мен Ішкі кірістер қызметі бақылайды. Мұхиттың арғы жа­ғын­дағы елде қайырымдылық қо­рын тіркеу де қиын. Ал біздің елдегі ережеге сәйкес, ұйымның мақсаты мен міндеті туралы жа­зылған хат пен басқаратын бір­неше адамның құжаты қажет. Көршілес Ресейде де бұл мәселе шешімін таппай отыр. Әлеуметтік желіде алдап кеткендер мен ал­дан­ғандардың оқиғасы өріп жүр. «Экономика жоғары мектебі» зерттеу институтының мәліме­тін­ше, әрбір үшінші ресейлік қа­йы­рымдылыққа ақша бөледі екен. Ал олардың барлығы бүгінге дейін межелі жеріне жетпеген. Бұл тұр­ғыда да Ресей сарапшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қайырымдылық атын жамылған теріс ниеттілерге нүкте қоятын шаралардың қажеттілігін айтқан. Иә, интернет – қоғамның ай­на­сы. Олай болса, интернеттегі жү­генсіздікті де реттейтін уақыт кел­ді. Онлайн қайырымдылық­пен айналысуды заң бойынша жүйе­леп, қайырымдылық қорла­рын ба­қылайтын арнайы мекеме құру керек.