Латифундистер жерді қайтарып алуға ұмтылады
Латифундистер жерді қайтарып алуға ұмтылады
11,737
оқылды
– «Жер аманаты» бойынша жұмысты бастағалы бері түрлі жағдайларды көріп жатырмыз. Миллиондаған гектар жерді иеленіп алған латифундистердің барын білгенде таң қалдым. Оның үстіне, олар жерді пайдаланбаған, не шаруаларға жұмыс істеуге де мүмкіндік бермей, кедергі келтірген. Егер «AMANAT» партиясы бұл мәселені шешу бастамасын көтеріп, қолға алмаса, маңызды проблема сол күйі шешілмей тұра берер еді. Құрамына партия өкілдері, қоғам қайраткерлері, Жер ресурстарын басқару комитетінің мамандары енген «Жер аманаты» комиссиясы қазір барлық облыстарға барып, пайдаланылмай жатқан және заңсыз алынған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару мәселесін барынша пысықтауды жоспарлап отыр. Мұндай ауқымды шараны көріп латифундистер де құр отырмайды. Бұл жерлерді қайтарып алғысы келетіні анық, бірақ бұған жайдан-жай жол беруге болмайды! Олар жаңадан жауапкершілік шектеулі серіктестіктерін құрып, жерді қайтадан алуға әрекет жасауы мүмкін. Менің ойымша, жер нақты есептеліп, мәліметтер базасына енгізілуі тиіс, сосын қатаң бақылау қажет. Жер игеруге қатысты конкурстарды агроқұрылымдардың арасында ғана өткізген абзал. Ал босатылған жерлер арқылы облыстарда салықтық және жер преференциялары бар ауыл шаруашылығы экономикалық аймақтарын құруға болады. Шаруалардан ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі өндірушілер, фермерлік шаруашылықтар да сатып ала алады. Олигархтар оны кішкентай аудандар арқылы қайтарып алмас үшін жер учаскелерін шектеу керек. Менің ойымша, бір кәсіпкерге әрі кетсе 200-500 га жер жеткілікті болады.

Ғалым БАЙТУК, қоғам белсендісі