– Иранда мектептегі сабақтар тек жергілікті тілде өтеді. Қазақ тіліндегі газет-журнал, радио, телеарна деген атымен жоқ. Соның салдарынан жастардың арасында қазақша білетіндері аз. Бұрын Қазақстанға келу мұң болатын. Себебі Әзірбайжан елі арқылы өтуге тура келетін. Ал қазір Ақтау қаласынан айына 2 рет Иранға ұшақ ұшады. Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Енді Иран мемлекетіндегі қазақтардың атажұртқа табан тірейтіндері көбейетіндігіне сенімдімін, – дейді Қалдифен.«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлының сөзіне сүйенсек, «Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалі шетелдегі қандастарды қолдаудың бір тетігі екен.
– «Отандастар қоры» тек өнер фестивалін өткізумен шектелмейді. Біз шетелдегі қазақтардың ана тілін, түп-тамырын жоғалтып алмауы үшін түрлі курстар ұйымдастарымыз. Қазір 8 елде осындай офлайн курстар жүріп жатыр. Бұдан бөлек жат жерде жүрген белсенді жастарды жыл сайын Қазақстанға әкеліп, түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Биыл мұндай басқосу жаңа құрылған Абай облысында өтті. Сондай-ақ сырт мемлекетте тұрып жатқан мектеп оқушыларының жазғы лагерьлерін де үзбей өткізуге күш салып келеміз, – дейді қор президенті.Ал Тараз төрінде өткен «Қасиетті қазақ елі» фестивалінде тамсандырған Айнагүл Барамбаева есімді Ресейден келген қандасымыз халықаралық бас жүлдені қанжығасына байлады. «Терме мен күй» номинациясы бойынша І орынға өзбекстандық термеші Жаңғар Мамбетназаров лайықты деп танылса, Роза Бағланова атындағы «Вокал-дәстүрлі ән салу» аталымы бойынша І орынды Қытайдан келген қандасымыз, атақты «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Ермұрат Зейіпханұлының туған інісі Нұршат Зейіпханұлы жеңіп алды. Абай атындағы жыр жарысында моңғолиялық Тілектес Ақылбекұлының бағы жанса, «Қолөнерде» сынға түскендердің арасында Ираннан келген Қадифен Шалақ қарсыластарынан оқ бойы оза шықты. Әр аталым бойынша І орын алған жеңімпаздарға 300 000 теңгеден берілсе, қалған қатысушыларға да бағалы сыйлықтар табыс етілді. Одан бөлек, Шерхан Мұртаза атындағы «Көрермен көзайымы» онлайн дауыс беру номинациясы бойынша жүлде Қытай елінен келген термеші Дәурен Құралбекке бұйырды.
Жамбыл облысы