Пентагон бюджеті: ядролық технология мен гипердыбыс
Пентагон бюджеті:  ядролық технология мен гипердыбыс
440
оқылды
Жуырда АҚШ әкімшілігі әскери бюджетті 2021 жылы 740,5 млрд долларға жеткізу туралы ұсыныс айтты. Бұл мәлімдемені АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары міндетін атқарып жүрген Элейн Маккаскер мәлімдепті. Сөйтіп, АҚШ әскерилері екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең мол қаржыға ие бо­латын түрі бар. Мұндай соманы АҚШ Корея мен Вьетнам со­ғысы кезінде де әскери мақсатқа арнамаған. Демек, жа­һан­да­ғы елдердің АҚШ-тың әскери бюджетіне қарап, айы­лын жи­масқа амалы қалмайтын сыңайлы. Жалпы, АҚШ әскери бюджеті­нің мол екенін жұрт жақсы біледі. Мәселен, 2018 жылы Пентагонның бюджеті – 599,6 млрд доллар, 2019 жылы 614,4 млрд доллар болса, 2020 жылы 633,3 млрд доллар деп белгіленген. Ал 2021 жылға бірден 100 млрд доллардан артық қаржы бөлгені ойландырады. Ең қызығы, Пентагон 2021 жылы тек ядролық арсеналды модернизация жасау үшін 28,9 млрд доллар бөлмек. Одан бөлек, тек гипердыбыстық зымырандар технологиясы үшін 3,2 млрд доллар қарастырған. Әрине, алып елдің қолындағы қар­­жысын қалай жұмсаса да, өз еркі екені даусыз. Дегенмен біз­дің назарымыз гипердыбыстық зымы­ран технологиясына ауа берді.  

«Тентек шоқпар жинайды»

Пентагон бюджетінде гипер­ды­­быстық зымыран техноло­гия­сы үшін арнайы қаржының қа­растырылуы жаһанда қару­лану­дан жаңа жарыс басталғанын байқатады. Ендігі «сән» гипер­ды­быстық технология болайын деп тұр. Өйткені мұндай зымы­ран­дарға қарсы қорғаныс жүйе­сін құру мүмкін емес деседі бі­ле­тіндер. Ал Ресей, Қытай тә­різ­ді АҚШ-тың ең басты қарсы­лас­та­ры гипердыбыстық әскери тех­ни­калар жасағанын біраз жыл бұрын мәлімдеп тастаған. Енді бұл бәйгеге АҚШ білекті сыбана кіріскен жайы бар. Дегенмен атал­ған технологияның өте күр­де­лі екенін ғалымдар жақсы бі­ле­ді. Соған қарамастан Ресей президенті В.Путин 2018 жылы ги­пердыбыстық зымыран жа­сал­ғанын айтты. «Авангард», «Кин­жал» деп аталатын зымырандар атмосфераның түрлі қабатында емін-еркін қалықтап, қорғаныс жүйелерді «алдап соғады» екен-мыс. Ал Қытай тіпті сағатына 27 мың шақырым жылдамдықпен ұша­тын пилотсыз ұшатын аппа­рат­ты сынақтан өткізгенін мәлімдеп жібергені бар. Xingkong-2 деп ата­ла­тын құрылғының техни­калық си­патын ешкім білмейді. Алайда адамзаттың  Жер атмосфе­ра­сын­дағы ең жоғары жылдамдығы саға­ты­на 6 мың шақырым жылдам­дық­пен ұшқан ұшақтар болғанын ұмытып кеткен тәрізді. Ұшқыссыз демесі­ңіз, Xingkong-2 де ұшақ. Ал мұн­да 27 мың шақырым дейді. Әрине, Бейжіңнің жетістігіне күмән­­дан­ғымыз келмейді. Бәлкім, мұн­дай аппараттар тым биіктен бар­лау жа­сауға жарауы мүмкін. Бірақ ядро­лық бомбалар мен зымы­ран­дарды тасымалдауға қанша­лық­ты жарайтынын ешкім білмейді. Өйткені гипердыбыстық зымыран мен пилотсыз ұшақтардың құ­ры­лысы мен қызметі бөлек. Сон­дық­тан Ресей мен Қытайдың нақ­­ты ақпаратынан гөрі үгіт-на­си­хаты басым мемлекеттік теле­ар­налары өздерінің жетістік­те­рін барынша зорайтып көр­­сет­кісі келген болуы мүмкін. Әй­теуір, әлгі гипердыбыстық зымы­ран­дар­дың қайда, қашан сынал­ға­нын үгітшілерден басқа әзірге ешкім айтып бере алмай отыр. Демек, зымыранға қарсы қор­ға­ныс жүйесін жетілдіріп жат­қан АҚШ-қа әлеуетті қар­сы­ластарының жауабы осы гипер­ды­быс технологиясына ұқсап тұр. Ал ғарыш пен атмосфераның ара­сында емін-еркін жүрген құ­рыл­ғы жайлы айтар болсақ, ол – Boeing X-37B кемесі. Екі жыл бойы ғарышта болған, бірақ қан­дай миссия орындағаны белгісіз осынау аппаратты мини-шаттл деу­ге болатын сияқты. Көптеген сарапшы дәл осы Boeing X-37B кемесін әскери мақсаттағы құрал деп бағалайды. Бәлкім, нағыз ги­пер­дыбыстық құралдары осы кеме­де болуы мүмкін. Алайда ешқандай дәлел жоқ. Қысқасы, үш алып ги­пер­дыбыс жарысына кірісіп кетті. Жалпы, адамзат баласы ды­быс жылдамдығын басып озуды бі­раз­дан бері біледі. Тіпті, дыбыстан жылдам ұшақтармен жолаушы да тасымалдаған. Әйгілі Concorde пен «Ту-144» ұшақтары дыбыстан бір­неше есе жылдам ұшатын. «Ту-144»-тің Мәскеу мен Алматы ара­сында жолаушы тасығанын ел біледі. 1975-1978 жылдары «Ту-144» Мәскеу мен Алматының арасында 55 рейс жасаған. Бұл ұшақ көбіне сағатына 2000 шақырым жыл­дам­дық­пен ұшып жүрді. Ал фран­цуздар мен ағылшындар бір­ле­сіп жасаған Concorde ұшақтары сағатына 2170 ша­қырым жылдамдықпен ұша­тын. Олар 1976 жылдан 2003 жыл­ға дейін жолаушы тасыған. Демек, дыбыстан жылдам ұшу адам­затқа таңсық емес. Әрі ды­быс жылдамдығы бірнеше есе басып озған құралдар бар. Мәсе­ле олар­дың қандай биіктікте ұшатын­ында болып тұр.  

Физиктер мұны «миф» деп жүр

Физиканы оқығандар білуі тиіс, дыбыс жер бетінде, су ас­тын­да, түрлі газдар мен металдарда, бұйым­дарда түрлі жылдамдықпен тарайды. Мәселен, атмосфераның жер бетіне жақын бөлігінде дыбыс секундына 331 метр жылдамдықпен «жү­реді». Ал шыны арқылы секун­ды­на 4 800 метр, темір арқылы 5 950, литийде 6 000 метр жылдамдықпен таралады. Сол сияқты атмосфера­ның жоғары қабатында да оның таралу жылдамдығы бөлек. Де­мек, гипердыбыстық қару мен тех­но­логияға қатысты әңгімеде нақ­ты бір өлшем жоқ деген сөз. Әдетте, мамандар «Мах саны» де­ген өлшемді жиі қолданады. Ав­с­­триялық ғалым Эрнест Мах қоз­ғалыстағы газдың ішінде жүр­ген дененің жылдамдығын есеп­тей­тін формула ойлап тапқан. Сол ғалымның атымен аталатын формула газдың ішінде қандай да бір дене қозғалса, ол дыбыстың жыл­дамдығынан қаншалықты асып түседі, соны анықтауға көмек­те­седі. Ғалымдар ұшақтың да, зы­мы­ранның да дыбыстан жылдам ұшуын осы Мах саны арқылы есеп­тейді. Ал гипердыбыс дегеніміз – дыбыстың бес есе жылдамдығына тең. Бірақ дыбыстың таралатын ортасына байланысты болған­дық­тан, оның өлшемі әр ортада әртүрлі. Яғни, жер бетінде гипердыбыс деп оның секундына 1 500-1 600 метр жылдамдықпен тарауын айтса, ли­тийде 30 мың метр жылдамдық болуы керек еді. Алайда атмос­фе­­раның металл емес, газдан құ­рал­­ғанын ескерсек, әңгіме әлгі зы­мырандардың жылдамдығына қа­тысты тек «Мах санының» қанша болатынында болып тұр. Әскерилер ай­тып жүрген гипердыбыстық зы­­­мырандар атмосфераның тө­мен­­гі қабатында ұшатын болса, шын­дықтан гөрі әпсана деп ұға беріңіз. Өйткені секундына 1 500 метр жылдамдықпен ұшатын зы­мырандар қазір де бар. Көбі бал­листикалық зымырандар. Ал егер әскерилер айтып жүрген гипер­ды­быстық кеңістікке келсек, онда әлемде бірлі-жарым тәжірибелер жасалғаны болмаса, тұтас елді қа­руландыратындай зымырандар мен құрылғылар жоқ. Әдетте, ги­пер­дыбыстық кеңістік ретінде ат­мосфераның жоғарғы қабатын, нақ­тырақ айтқанда, шамамен 100 ша­қырымдық биіктікті айтады. Бұ­дан кейін ғарыш басталады. Демек, әлгі супер қару ғарыштан төмен, атмос­ферадан жоғары ұшуы керек. Сондықтан Израиль ғалымы Давид Лемперт гипердыбыстық қару жоқ деп санайды. Бірақ сынақтан өтіп жатқан нұсқалар болуы мүмкін еке­­нін жоққа шығармайды. Әрі ги­­пердыбыстық қаруларға қа­тыс­ты әңгімелердің көбі миф еке­нін, мұн­дай мәлімдемелер мен ха­бар­ларға физиктер күле қарай­ты­нын тілге тиек еткені бар. Өйткені ауаның түрлі қабатынан емін-еркін өтетін, атмосферада жанып кетпейтін қоз­ғалтқыш пен зымыран кор­пу­­сын жасау тым күрделі іс. Ға­рыш зымырандарының өзі Жер атмосферасына кірген бет­те жа­нып кететінін ескерсек, әске­ри зымырандарды өте берік ком­­позиттік материалдармен қап­тау тым қымбатқа түседі. Ал зымы­ран де­геніңіз – потенциалды қарсы­лас­тың түрлі нысандарын атқылауға арналған қару. Бір зымыранмен ештеңе шешілмейтіні тағы бар. Демек, тұтас армияны жасақтау үшін жүздеген, тіпті мыңдаған зымыран керек. Алайда олар арзан емес. Тұтастай алғанда, жаһандағы барлық елдердің әскери бюджетіне тең қаржысы бар Пентагонның өзі гипердыбыстық зымыран техно­ло­гиясы үшін небәрі 3,2 млрд дол­­лар қарастырғанын ескерсек, аты­шулы қаруға қатыс­ты мәселенің шын­дығынан гөрі мифі басым. Тек әскерилер ғалым­дарды қамшылап, «тез жасап беріңдер» деп жатқанға ұқсайды. Ал Пентагон бюджетіндегі өзекті тақырып ядролық арсеналды модернизациялауға бақандай 28,9 млрд доллар бөлгені болса керек. Бірақ ол мүлдем басқа тақырып.  

P.S. ______________________________________________

 

КСРО-ны экономикалық тұрғыда қалжыратып, құрдымға кетірген тә­сілдің бірі ретінде АҚШ-тың 1983  жылы қабылдаған «жұлдыз со­ғысы» бағдарламасы айтылады. Бәлкім, «гипердыбыстық текетірес» те  алпауыттың бірінің экономикалық қуатын әлсіретуге бағыт­тал­ма­сына кім кепіл?! Бірақ бұл тәсіл кімге бағытталды? Сол қызық.

   width=Амангелді ҚҰРМЕТ