Жаңа талаптар тегеурінді ме
Жаңа талаптар тегеурінді ме
508
оқылды
Бүгінде елімізде бизнесті құқық қорғаушылардың өзінен қорғау өзекті болып тұр. Өйткені қолына карт-бланш тиген мемлекеттік органдар жазалаушы риторикаға көшіп алды. Сондықтан да Бас прокуратура бизнесті күштік құрылымдардың шектен шыққан бассыздығынан арашалауды шындап қолға алып отыр. 2 қыркүйекте нұсқауға қол қойған Бас прокурор Берік Асылов барлық құқық қорғау органдарын кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істерді тіркеуге және тергеуге тек қана жаңа талаптарды сақтаған жағдайда ғана рұқсат екендігін ресми түрде хабардар етті. Құжат пен құзірет Сонымен, ендігі жерде не өзгереді? Соны талдап көрелік. Мәселен, бұған дейін жымқыру немесе салық төлеуден жалтару сынды бірқатар бапқа қатысты қылмыстық істер тек қана тер­геушінің қолына аудитордың ұй­ғарымы немесе салыққа қатысты тексеру акті тигеннен соң ғана тіркелетіні еді. Қысқаша айт­қан­да, бұл құжаттарсыз сотқа дейінгі тергеуді бастауға болмайтын. Енді Бас прокурор оған қосымша жа­ңаша талап қойып отыр. Яки, қылмыстық істі жаңағы айтқан қағаздар болғанның өзінде де, егер бизнесменнің сотқа жүгіну арқылы тексеру қорытын­ды­ла­рына келіспейтіндігін білдіруге мүмкіндігі болса, қозғамай тұра тұру қажет. Бұл кәсіпкер тергеуге дейін сот арқылы өзінің ақ екен­дігін дәлелдей алады деген сөз. Ал бізде қалай? Кәсіпкер бизнесін жүргізудің орнына тінтуге ұшы­рап, сағаттап тергеушінің алдында отыруға мәжбүр. Осы реттен алғанда, бұл шындығында да үлкен жетістік – енді органдарға бизнес өкілі сотқа жүгінуге деген құқын пайдаланғаннан кейін ба­рып қана істі қозғауы үшін күтуге тура келмек.
«Нұсқаудың тағы бір маңызды тұсы: Бас прокуратура «Үнем» деген ұғымды енгізіп отыр. Бұл көп ретте мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін биз­несмендерге қатысты. Мәселен, тендерді ұтып алған бір кәсіпкер 1 миллиард қарастырылған құ­рылыс нысанын, 600-700 миллион теңгеге салуы мүмкін. Осыдан кейін ол қалған ақшаны ұрлады деген күдікпен тергеуге алынып жатады. Ал шындығында, құры­лыс материалдарына жеңілдіктер болғандықтан және тағы да басқа себептермен құрылыс жұмыстары арзанға түскен боп шығады. Қазір мұндай жағдай қылмыс деп са­налады. Сондықтан да Берік Асылов мұны «үнем» деп тануды талап етіп отыр. Яки, қудалауға болмайды. Расын айтқанда, мұн­дай деректер өте көп. Кәсіпкерлер үнемдеп қалған ақшаларын бюд­жетке қайтаруға мәжбүр етіледі де, одан соң күштік органдар мемлекетке келтірілген шығын өндіріліп алынды деп хабарлама таратып, мақтанып жатады. Ал шындығында, бұл кәсіпкердің таза табысы, оны тартып алуға болмайды», – дейді журналист Михаил Козачков.
Аталған құжаттың атай ке­терлік тағы бір үлкен жаңалығы – ендігі жерде құқық қорғау ор­гандарының штаттағы маманда­ры шығарған нақтыланбаған шығын туралы ұйғарымдарына сүйене отырып, қылмыстық іс­терді қозғауға мүлдем болмайды. Бас прокурордың ең бір шын ма­ңызға ие талабы осындай. Өкі­нішке қарай, қазір күштік құ­рылымдардың барлығы бірдей тәсілмен жұмыс істейді: тінту жүргізіп, құжаттарды алып ал­ғаннан кейін екі-үш сағат өтпей-ақ, олардың мамандары қаржы жымқыру дерегі анықталды не­ме­се қомақты салықтан жалтарды деген ұйғарымға қол қойып беріп жатады. Оны қалай анықтағаны белгісіз? Одан соң бұл қағаз реп­рес­сия құралына айналады да, кәсіпкер екі айға қамауға алы­на­ды. Міне, енді Бас прокурор егер істе осындай негізсіз ұй­ға­рым­дар болатын болса, қылмыс­тық іс қозғауға тыйым салып отыр.
«Бәрінен де маңыздысы – биз­неске қатысты қылмыстық істер туралы жаңа ережелер енді прокурорлардың ұдайы қадаға­лауында болатыны. Барлық про­курорларға кәсіпкерлерге қатыс­ты сотқа дейінгі тергеу тіркелген сәттен бір тәулік ішінде ол қыл­мыстық істің дұрыс қозғалғаны әлде дұрыс емес қозғалғаны туралы ұйғарым беруге міндет жүктеліп отыр. Егер қадағалаушы орган негізсіз деп тапса, қыл­мыстық іс тоқтатылады. Сол сияқ­ты мұндай талап келісілмеген жасырын тергеу әрекеттерін жүр­гізуге де қатысты болмақ. Про­курорлар бір тәуліктің ішінде мұндай әрекеттердің де негіз­ділігін анықтауы тиіс. Ендеше Президент осыған дейін күштік құрылымдардың бизнесті тұн­шықтыруына жол бермеу туралы сан мәрте айтып келген болса, енді Бас прокурордың нұсқауы кәсіпкерлердің қалтасына қол салған сұғанақ органдардың қолын байламақ. Ал бұл өте дұ­рыс бастама», – дейді Михаил Козачков.
Бас прокуратураның таратқан мәліметіне сәйкес, 2021 жылы осындай заңсыз басталған 1,5 мың қылмыстық іс тоқтатылған екен. Кеңселерде 2 мыңдай тінту мен құжатты алып алу шаралары жүргізіліп, 60 кәсіпкердің мүлкіне «шектеу» қойылған. Енді ең жоғарғы қадағалаушы органның қылмыстық процестерге қатысты бизнесті қорғау туралы қабылдап отырған қосымша шаралары бұл көрсеткіштерді одан сайын арт­тыра түсуі тиіс. Өйткені ендігі жерде прокурорлардан тек заңсыз шешімдерді жойып қана қоймай, барлық кінәлі лауазымды тұл­ғаларды жауапкершілікке, соның ішінде тіпті қылмыстық жазаға тарту талап етіліп отыр. Сең қозғалғанына сенім аз ба? Кәсіпкерлік және заңгерлік орта бұл жаңалықты екіұдай күйде қабылдап отыр. Өздерінің құқы мен бостандықтарына қатысты болғасын жерде, бизнес өкілдері «сең қозғалды» деп сипаттауда. «Атамекен» ҰКП Бас прокура­тураның нұсқауын осы бағытта бұған дейін атқарылып келе жат­қан жұмыстардың нығая түскен сапалық жаңа деңгейі деп ба­ғалайды. Өйткені ол құжаттың дайындалуына Ұлттық кәсіп­керлер палатасы белсене атса­лысқан екен. Ендігі жерде ақ адал кәсіпкерлердің қылмыстық орбитаға ілігіп кету дерегі азаяды деген сенімде.
«Біз Бас прокуратурамен ты­ғыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесін­де қабылданған құжатта бір атай кетерлігі, азаматтық-құқықтық сипаттағы арыздар мен хабар­ла­маларды Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліме (СДТБТ) тір­кеуге тікелей тыйым салынған. Тағы бір мәселе, осы күнге дейін қылмыстық істер қозғалып, үкімдері шыққан кәсіпкерлердің саны туралы нақты статистика жоқ. Тергеу соттарында да биз­неске қатысты санкция берілген тергеу әрекеттері бойынша ста­тистика жоқ. Енді жаңа нұсқауда статистикалық есепке толтыры­луы міндетті реквизит енгізілуде. Ол бизнестің қылмыстық про­цеске тартылуы туралы нақты картинаны көруге мүмкіндік бермек. Бұл құжат дер уақытында қабылданып отыр деп санаймыз. Оны барлық бизнес-қауымдастық қолдауда», – дейді «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің дирек­торы Қуанышбек Мұқаш.
Әйтсе де, заңгерлер қауымы Бас прокурордың нұсқауы елеулі деңгейде өзгеріс жасарына сен­бейді. Тіпті, бұл қадамға ең жо­ғарғы қадағалаушы орган тек Президенттің пәрменімен ғана барып отыр деп санайды. Сол себепті де келесі келген Бас про­курор уақыт өте келе бұл ше­шім­нің күшін жойып жіберуі мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. Ол үшін бизнесті қорғау талаптары ведомстволық аяда емес, заңна­малық деңгейде нормативті түрде бекітілуі тиіс. Одан бөлек, заң­герлердің бұл құжаттың кері күші жоқ екеніне де көңілі толмай отыр. Өйткені бұған дейін қанша­ма кәсіпкер жазықсыз жапа шексе де, оның пайдасын көре алмайды екен. Ал «Үнем» деген ұғым алдын ала сөз байласып, ақша жым­қыруға себеп болуы, одан қалды сапасыз арзан материалдар пай­даланып, құрылыс нысанының қауіптілігін арттыра түсуі мүмкін деген ойда. Олардың бірқатары мұндай қосымша шараларсыз-ақ бар заңның өзімен бизнесті қор­ғауға болатынын айтады.
«Бұл жерден ешқандай жа­ңа­лық көріп тұрғаным жоқ. Мәсе­лен, Салық кодексінде әкімші­лендіру бөлімі бар, онда тексеру акті және хабарлама оған шағым түсірген, соның ішінде сот арқы­лы жағдайда ғана күшіне енетіндігі айтылған. Болмаса, ҚПК-ның 181-бабы 5-бөлімін алыңыз, онда қылмыс құрамы жоқ болған жағ­дайда және арнайы қажетті білім болмаған жағдайда қылмыстық қудалау органы мемлекеттік органның мамандарына жүгінуге құқы бар екені нақты жазылған. Ал бізде болса Қаржылық мо­ниторинг агенттігі және Антикор қызметі жекеменшік маман­дар­мен ұзақмерзімді келісімшарт жасасып алады да, оларды өз дегеніне қарай пайдаланады. Осы тұста ҚПК-ның 80-бабында ұй­ғарым беруші мамандар тек қана тәуелсіз тұлға бола алатыны айқын айтылған. Сондықтан да бұл жерде Президент тапсырма бергеннен соң ғана тыпырламай, қолда­ныс­тағы заңның өзінің бұған де­йін-ақ дұрыс орындал­ғанын қадаға­лау­дың өзі жетіп жатар еді», – дейді заңгер Нұрлан Төребеков.
Қорыта келгенде, жазалау риторикасынан бас тартқан әрине дұрыс, бірақ тәртіпті тым босатып жіберуге де болмас болар. Бұл тұста бизнесті тексерудің таразы ортасын тапқан маңызды. Ал одан да маңыздысы бизнестің адал жұмыс жасайтын кезең туғанын түсінгені.