Президентті бір мерзімге сайлау механизмі Мемлекет басшысының жауапкершілігін арттыра түседі – Аманжол Әлтаев
Президентті бір мерзімге сайлау механизмі Мемлекет басшысының жауапкершілігін арттыра түседі – Аманжол Әлтаев
1,121
оқылды
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысының жаңа саяси реформаларға бағытталған ұсыныстары қаралды. Депутаттар аталған мәселелерді дауысқа салды. Күн тәртібінде қаралып, талқыланған мәселелерге қатысты Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев өз көзқарасын айтты. Оның айтуынша, Президент ұсынған жаңа саяси реформалар еліміздегі саяси жүйенің жаңаруына бастап, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға негіз болады, сонымен қатар «әділетті Қазақстан» принципіне сай келеді.
«Президентті 7 жылға бір мезгілге ғана сайлау механизмі Мемлекет басшысының жауапкершілігін арттыра түседі, реформасын толық әрі нәтижелі жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек бір адамның мемлекеттік билікті меншіктеп алуына, Президенттің маңайында ықпалды топтардың пайда болуына жол бермейді. Саяси монополияның болмауына да негіз болады деп ойлаймын. Кешегі ескі билік жүйесінің ең басты қателігі – бір адамның билік тұтқасында тым ұзақ отырғандығы болатын. 30 жыл бойы бір ғана тұлғаның ықпалында болу ішкі саяси тұрақтылықтың бұзылуына, халықтың наразылығына алып келді. Мемлекет басшысының бүгінгі саяси реформасы осы қателіктерді қайтадан болдырмауға, демократиялық принциптің салтанат құруына, халық сенімін нығайтуға қызмет етеді» – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Аманжол Дүйсенбайұлы елордаға Астана атауын қайтару мәселесі жайлы да пікір білдірді.
«Елорданың Астана атауын қайта қайтару «әділетті Қазақстан» принципінің сөз жүзінде ғана емес іс жүзінде де жүзеге аса бастағанын дәлелдейді. Биліктің халықтың талап-тілегін орындауға ықыласты екенін аңғартады. Ашығын айту керек елорданың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді халық басынан қабылдаған жоқ. Тіпті, ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы қарсы екендігін ашық білдірген болатын. Ол атау ел жүрегінің төрінен орын ала алмады. Сондықтан да Астана атауын қалпына келтіру өте орынды деп санаймын. Халықаралық деңгейде танымал болып үлгерген Астана атауы – бұл халық қалауы, еңселі ел тілегі. Бұл қоғамды біріктіріп, елордаға деген халық сүйіспеншілігін арттыра түсетін қадам деп есептеймін. Еңселі ел астанасын көзі тірі бір адамның атымен атау бұл дұрыс емес еді. Астана атауын халық қолдап отыр. Елдің тілегі билік тарапынан орындалып жатса бұған қуану керек. Сондықтан президенттің жаңа саяси реформасын ел болып қолдау бәріміздің ортақ мақсатымыз» – деді Аманжол Әлтаев.