Жұртқа жанашыр Жанар
Жұртқа жанашыр Жанар
575
оқылды
Бүгінде баға тұсауға көнбей шарықтап бара жатқаны белгілі. Қай салаға көз салсаң да қымбатшылық. Әсіресе, азық-түлік бағасының бұлқынуы бұқараны қос бүйірден қысып тұр. Мұндай сәтте халық бағасы қолжетімді сауда орындарын шарқ ұрып іздейтіні белгілі. Міне, осындай әлеуметтік дүкенді шалғай ауылдан ашқан Жанар Ерғабылқызы тұрғындардың алғысына бөленуде. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасы Жанар Ерғабылқызы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін 2010 жылы «Менеджмент» мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдағаннан кейін туған топыраққа оралып, Қылышбай ауы­лын­дағы «Бөбек» балабақшасында есепшісі болып еңбек жолын бастайды. Кейіннен аудандық білім бөліміне есепші болып ауысқанымен Жанар түпкі арманы бұл емес екенін іштей түйсінеді. Содан жолдасы Мақсатпен кеңесе отырып, күнделікті тұтыну тауарларын сататын «Заңғар» дүкенін ашады. Сол кездегідей құбылмалы экономикалық жағдайда шалғай елді мекеннен дүкен ашпақ түгілі өмір сүрудің өзі қиын болғанын ескерсек, бұл үлкен тәуекел еді. Содан шағын дүкеннен саудасын бастаған Жанар уақыт өте халыққа қажетті тауарды төмен бағамен сату жолын іздейді. Сол тұста ауылдағы саудагерлердің дені тауарды Алматы мен Қырғыздың Дордой базарынан тасып сатса, Жанар тасымалдаушы компаниялардың тілін тауып, тауарды төмен бағамен ала бастайды. Осылайша, ауылдағы ең арзан бағамен тауар ұсынатын алғашқы әлеуметтік дүкен ретінде жұмыс істейді. Жас кәсіпкердің бұл ісіне сүйсінген жергілікті билік бертін келе Жанардың дүкеніне -қолдау білдіруге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына ұсыныс тастайды. Корпорация мұндай мәмілені құп көріп, әлеуметтік маңызы бар тауарларды мойынқұмдықтарға жеткізеді. Қазір Жанардың дүкенінде шамамен 6 тонна әлеуметтік тауар тұрақты түрде саудалануда. Оның 200 келісі күріш болса, 4,5 тоннасы қант, 50 келісі қарақұмық, 750 литрі өсімдік майы, 150 келісі ас тұзы және 1000 данасы тауық жұмыртқасы. Барлығының бағасы нарықтағы құнынан 15-20 пайызға арзан. Бұдан бөлек, елді мекенде нан бағасы 140-160 теңгеге дейін қымбаттаған тұста, Жанар демеушілер көмегімен 90 теңгеден тәулігіне 150 бөлке нан өткізіп отырған. Жас кәсіпкердің осы жанаршылығын ауылдастары ұмытпай, бүгінде алғыстарын айтуда.
– Негізі, шағын дүкенім халық үшін қызмет ететін сауда орнына айналады деп ойламаған едім. Және бұған жету де оңайға соқпады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрін сату үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 0,5 пайыздық мөлшерлемемен 1 жылға 5 миллион теңге несие алдым. Қазір сол соманы толық қайтардым. Екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Тұрақтандыру қоры арзандатылған азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуді мойындарына алғанымен нарықтың қатал заңы кейде оны орындатпай жатады. Алайда халықтың жағдайын ойлап, бағаны өсірмеуге тырысамыз. Жақсыны да, жаманды да жұртпен бірге көрген жөн, – дейді Жанар Ерғабылқызы.
Алғыс арқалаған алысқа баратыны бұрыннан белгілі. Нарықтық заманда демеушілердің тілін тауып, халыққа ең қажетті нан бағасын төмендету қандай мақтауға да лайық. Жанардың жақсылығын жергілікті билік те елеусіз қалдырмай аудан әкімінің «Құрмет» пен «Алғыс хатымен» марапаттаған. Жанар жолдасы Мақсатпен бірге бүгінде 4 перзент өсіріп отыр. Кейіпкеріміз кәсіпкерлік саласында жеткен жетістігіне тоқмейілсімей, халыққа керекті жаңа, тың бизнес идеяларды жүзеге асыруды көздеуде. Тірлігімен көпке үлгі болған Жанардай қаракөзіміздің бастамалары баянды, жобалары жемісті болсын деп тілейміз.

Жамбыл облысы