Не істерімді білмеймін, жағдайға қарай көремін - ресейліктердің бір тобы Атырауға келіп жатыр
Не істерімді білмеймін, жағдайға қарай көремін - ресейліктердің бір тобы Атырауға келіп жатыр
10,607
оқылды
Бүгін Маңғышлақ-Астрахан пойызынан Атырауға бір топ Ресей азаматы түсті. Әскер қатарына шақырылатын жастағылармен бірге, араларында жасы 40-тан асқандары да бар. "Әскери билетім бар. Мобилизацияның екінші толқынына ілігуім мүмкін. Сол себепті, мүмкіндік барда елден шығып кеттім", -  деді есімін атамаған 40 жастағы ресейлік азамат. Пойыздан түскендерді күтіп алып жатқандар аса көп болған жоқ. Кемінде екі-үш жол сөмкесін асынған ресейлік жолаушылар көбіне өзара топтасып таксилерге мініп жатыр. Бәрі бірдей бізбен сұхбаттасуға келіспесе де, көпшілігі "қонаққа келе жатырмыз" деп бізден құтылуға асықты. Дегенмен  бірқатар ресейлікпен сөйлесудің сәті түсті. Аяқастынан қоныс аударып жатқандардың бірі - Денис. 24 жастағы Денис -  аспирант. Әлеуметтану мамандығы бойынша оқып жатыр.
"Ата-анам елден кетуімді қолдады. Атыраудан әрі қарай Қырғызстанға кетемін. Бішкекте біраз уақыт бола тұрамын. Бішкектегі Ресей елшілігі арқылы шетелдік паспорт рәсімдеп алуым керек. Әрі қарай мүмкін Германияға кетермін. Ол жақта ағам тұрады" деген Денис соғыс туралы пікір айтудан бас тартты. "Қазір мен бір нәрсе айтсам, кейін проблема болуы мүмкін. Бізді елге кері қайтарып алуы да мүмкін ғой", - дейді Денис.
Андрей есімді Ресей азаматы Сочиден Астрахан арқылы Атырауға келе жатыр. 37 жастағы азамат ресейліктердің көп бөлігіне соңғы болып жатқан оқиғалардың ұнамайтынын айтты.
"Көпшілігіне бұл оқиғалар ұнап жатқан жоқ. Мен де қолдамаймын. Әзірге нақты не істейтінімді білмеймін. Жұмысымды тастап Қазақстанға келдім. Бәрін жағдайға қарай көреміз. Атырауда ата-анам тұрады. Ең алдымен қазақстандық немесе халықаралық банк картасын аштыратын болармын", - деді Андрей. "Елден қашып бара жатқан жоқпын, Грузияға қонаққа бара жатырмын",-  деді есімін Андрей деп таныстырған тағы бір ресейлік азамат. "Көптен Грузиядағы досыма баруды жоспарлап жүрген едім. Атырау арқылы Грузияға шығамын" деген Андрей мобилизация жарияланғалы бері Ресейден кетіп жатқан азаматтардың көп екенін мойындады.
Есімін атамаған ресейліктердің біразы соғыс аяқталып, жағдай тұрақталған соң елдеріне қайтуды қош көретіндерін де айтты. Тағы бір байқағанымыз, көпшілігі қолма-қол ақша алып шыққан. Араларында жақын маңнан валюта айырбастау пункттерін іздеп жатқандары көп болды. Аяқастынан туған елін, отбасын тастап, шетел асып жатқандарға қоғамда пікір сан түрлі. Десек те, мобилизациядан бой тасалап жатқан ресейліктердің көп болуы таксистерге ұнап жатқанға ұқсайды. Атырау вокзалынан әуежайға дейін 1 000 рубль сұрап, мүмкіндікті жібермей, бағаны үш есе көбейтіп жатқан таксистерді де байқап қалдық. "Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы" деген -  осы. Баян ЖАНҰЗАҚОВА