«Қазақстанға барыңдар...» – ресейліктер келгелі пәтер бағасы, такси құны шарықтап кетті
«Қазақстанға барыңдар...» – ресейліктер келгелі пәтер бағасы, такси құны шарықтап кетті
1,062
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысына Ресейден ағылып келушілердің легі бір толастар емес. Көрші елдегі мобилизациядан бас сауғалаған азаматтардың бір бөлігі өңірде уақытша тұрақтап қалып жатса, басқалары Петропавл арқылы Қазақстанның басқа қалаларына бармақ ниетте. Бірақ ешқандай бағытқа билет жоқ болғандықтан, Петропавл вокзалдарында қаптаған халық көп. Қонақүйлер мен жалдамалы пәтерлерде орын жоқ.  width=   Ресейден үдере көшкен адамдардың кейбіреулері Солтүстік Қазақстан облысындағы тамыр-таныстарын, туған-туысқандарын жағалап жүр. Бала-шағасын, олардың керек-жарағын, тіпті қоларбаларын да ала келген. Көздерінде үрей бар.
«Әзірге не болып, не қойып жатқанын терең түсіне де алмай жүрміз. Үйдің үлкендері Қазақстанға барыңдар деген соң, жарты сағаттың ішінде жиналып, жолға шықтық. Үйде кәрі ата-анамыз қалды. Аумалы-төкпелі заман. Не боларымызды Алла біледі», – дейді Омбыдан келген ағайын.
Атын атағысы келмеген бауырымыз отбасын ертіп жүр екен. Шекарада екі сағаттан астам кезекте тұрыпты. Келе салысымен пәтер жалдамақшы болған екен, бірақ бос пәтер табылмаған. Сондықтан әзірге туыстарын паналап жүр. «Құдайға шүкір, Петропавлда 5-6 туысымыз бар. Көші-қон уақыты біткенше паналай тұруға болады», – деп күледі ол. Ресейдегі өз қолымен салған үйі де, жұмысы да адыра қалыпты. Тым болмаса мобилизацияның бірінші толқынына ілікпегеніне қуануда.    width= Ресей халқының үдере көшкенін пайдаланып қалғысы келген жергілікті пысықайлар осы күндері пәтер жалдау ақысын шарықтатып жіберді. Мәселен, риэлтор Дархан Омаровтың айтуынша, тәуліктеп жалға берілетін бір бөлмелі пәтердің бағасы бұған дейін 5-7 мың теңгенің маңайында болса, қазір 20, тіпті 40 мың теңге.
«Ал айлық жалдау ақысы екі есеге қымбаттап, 100-120 мың теңгеге жетті. Арасында пәтерлерін заңсыз жалға беріп отырғандары бар. Осындайда қаным қайнап, Мемлекеттік кірістер департаментіне көрсетіп жібергім келеді. Адамдардың есі ауысқан ба? Сонша қымбаттатындай не көрінді?» – дейді ол.
Бұған дейін жалдап алған пәтерлерінен шығарылып жатқандар да бар. Үй иелері пәтер ақысын екі есе қымбаттатындарын айтып, «төлей алмасаңдар, босатыңдар. Басқа адамдар жетерлік», – деген көрінеді.

БАҒА ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Петропавлда адамдардың қоныстануына арналған 38 нысан бар.
«Олар барлығын қоса есептегенде 1 993-орынға шақталған. Соның ішінде 850 орындық 24 қонақүй бар. Олардың барлығы қазір 100 пайыз толық. Онда орналасқандардың 50 пайызы – ресейліктер. Бұған қоса, 20 пәтер бюросы бар. Олардың да барлық пәтерлері 100 пайыз толық. 21 қыркүйектен бастап баға шамамен 20 пайызға қымбаттады. Дүрбелең бар екені байқалады, оны көріп отырмыз», – деп басқарма басшысының орынбасары Нұржан Садықов ресми мәліметтерден мысал келтірді.
   width= Алайда салық органдарында тіркелмей баспананы жалға берумен айналысатындардың кәсібіне бақылау жоқ. Нұржан Садықовтың айтуынша, қазір Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, хабарландырулар сайттарына мониторинг жүргізіліп, кейін жалдамалы пәтердің департаментте тіркелген-тіркелмегені тексеріледі. Бұған дейін облыс орталығындағы 2 мың орынға шақталған ковид-орталыққа ресейліктер орналастырылып жатыр деген алып-қашпа әңгіме өрбіген болатын. Мұны облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан Тағаниязов жоққа шығарды. Бірақ Ресейден келушілерге шұғыл медициналық көмек көрсетілетінін жеткізді. 21 қыркүйектен бастап осы күнге дейін 30 адам дәрігердің көмегіне жүгініпті. Ресми мәлімет бойынша, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы баға тұрақты, әзірге қымбаттау байқалмайды.
«Петропавлда 147 қоғамдық тамақтану орны бар, оның төртеуі – асхана. Ондағы бағалар өзгерген жоқ. Қоғамдық тамақтану орындарындағы жағдай ұдайы бақылауда. Азық-түлік бағасы да үнемі бақылауда ұсталады, әзірге мына дүрбелеңге байланысты қымбаттау байқалған жоқ»,– деді басқарма басшысының орынбасары.
Осы дүрмекті пайдаланып, қалтасын қампайтқысы келген такси жүргізушілері де бар. Бұрын 500-700 теңге тұратын арақашықтық үшін баз біреулер 5-7 мың теңге алатын болған. Әсіресе, түнде әрі вокзалдан қатынаушылардан.

ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

Ресейден келушілерге волонтерлер қолғабыс жасап жүр. Солтүстік Қазақстан облысы волонтерлік фронт-офисінің басшысы Анастасия Волкованың айтуынша, олардың көбі қазақстандық хабарландыру сайттарынан бейхабар, қалай пәтер іздеу керек екенін білмейді, басқалары теңгенің бағамын түсінбейді.    width= «Теміржол вокзалында 3-4 тәуліктеп жатқандар бар. Басқа қалаға барайын десе, еш бағытқа билет жоқ. Пәтер таба алмаған, немесе қымбатсынған. Баға тым шарықтап кетті. Тәулігіне 70 мың теңгеге жетті. Хабарландыруда бір баға көрсетілгенімен, барып жолыққанымызда 2-3 есе қымбат сұрайды. Біз ресейліктерге қазақстандық сим-карта сатып алуға, жатын орын іздеуге көмектесеміз. Кейбіреулерін демалыс базаларына орналастырдық.  Олардың әбден абдырап қалғандары сезіледі. Сондықтан біздің волонтерлер оларға қолдан келгенше көмектесуге әзір», – деді Анастасия Волкова.    width= Ресейдегі жағдайға байланысты волонтерлер «Жүрек жылуы» акциясын өткізді. Оның барысында көршілес елден келушілерге ыстық шай мен бауырсақ таратылды. Алдағы уақытта Call орталық ашпақ ниетте. Қазақ-Ресей шекарасының жабылғаны туралы ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоққа шығарды. СҚО-дағы шекара қызметінің баспасөз хатшысы Санат Әзімхановтың айтуынша, барлық бекет штаттық режимге сай жұмыс істеп тұр. «Бүгінде Қазақстан-Ресей шекарасында Қазақстанға кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқан. Орнатылған 30 автомобильді өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеуде. Адамдар мен көліктер ағынының ұлғаюына байланысты төрт қосында кептеліс бар. Ахуал ерекше бақылауда. Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды. ҰҚК Шекара қызметі өзінің іс-әрекетінде халықаралық шарттарды және ҚР ішкі заңнама нормаларын басшылыққа алады»,–  делінген аталған ведомство таратқан хабарламада.

Солтүстік Қазақстан облысы